Қашықтан оқу қажытты… Мектепке қашан ораламыз?

Өткен оқу жылы аяқтала салысымен, мамыр айының соңында министр Асхат Аймағамбетов тағы бір жыл онлайн оқытуға білім беру жүйесі шыдас бермейтінін, келесі оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді деген үміті бар екенін айтқан еді. Қыркүйек те таяп қалды. Бірақ індеттің беті қайтар емес, керісінше күшейіп, әлемді әуреге салды. Оқушылар жаңа оқу жылын мектеп партасында қарсы ала ма әлде онлайн оқы­тудың машақаты тағы бастала ма? Дәстүрлі форматта оқыту қаншалықты қауіпсіз?

Мәселенің шешімі – мектепке бару

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылғы қыркүйектен бастап дәстүрлі форматта оқытуды ұйым­дас­тыруды тапсырды. Мемлекет басшысы пандемия білім беру сапасына теріс әсер еткенін, сондықтан олқылықтардың ор­нын толтыру керек екенін айтқан еді.
– Мәселені шешудің жалғыз жолы – бұрынғы оқыту форматына көшу. Үкіметке оқушылар мен студенттердің жаңа оқу жылында дәстүрлі оқыту форматына оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болған жағдайда бұл тапсырманы орындау оңай емес екені түсінікті. Сондықтан оқушылар мен мұғалімдерді қорғауды барынша қамтамасыз ететін кешенді тәсіл әзірлеу қажет, – деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қыркүйекте оқушылар қайтадан мектеп партасына отырса, оған мек­тептердің дайындығы қандай? Індеттің қар­қыны да бәсеңдер емес.
Әйтсе де, мұғалімдер де, балалар да, ата-аналар да дәстүрлі оқыту форматына қайта ауысуды көптен күтіп жүр. Олай дей­тініміз – онлайн оқыту білім сапасына кері әсер еткенін, салдары да жақсы бол­майтынын білім беру саласындағы сарап­шылар айтып, жыл бойы мәселе көтерген бо­латын. Интернеттен бастап, үй тап­сырмасына дейінгі аралықтағы туындаған қиындықтар туралы да бірнеше мәрте жазылды. Осы үшін Білім және ғылым ми­нистрлігі қаншама рет сынға да іліккен еді.

Министрлік не дейді?

Дәстүрлі форматта басталатын жаңа оқу жылына дайындық қалай ұйымдас­тырылатынын білу үшін Білім және ғылым министрлігіне хабарластық. Ведомство өкілде­рі Президенттің тапсырмасы бойынша дәстүрлі оқу форматына көшуге дайындық жүргізіліп жатқанын айтты. Қалған басқа да мәліметтерді жақын арада, бар­лығы толықтай нақтыланған кезде ха­барлайтындарын айтып қысқа қайырды.

Мектепте оқу қауіпсіз бе?

16 шілдеде елімізде бір тәулікте 5 648 адам коронавирус жұқтырған болатын. Бұл пандемия басталғалы тіркелген рекорд көр­сеткіш болды. Оған қоса, вакцина ал­ған адамдардың өзі коронавирус жұқтыруы ық­тимал екені де айтылып жатыр. Осы орайда «Балаларға мектепке барып оқу қаншалықты қауіпсіз?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Шолпан ДАЙРАБАЕВА, Нұр-Сұлтан қаласы №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:

Дәстүрлі форматта оқығаннан ешқандай қауіп-қатер жоқ

f7e3bc9c 3630 4199 86c6 3698e7541fbf– Білім беру дәстүрлі форматта өткенін құптаймын. Бұл – менің дәрігер ре­тіндегі пікірім. Оған қоса, балалардың са­палы білім алуы ұлт үшін, ел үшін аса маңызды. Оған қоса онлайн форматта бі­лім беру жалпы білім жүйесін шат­қаяқ­тат­ты. Онлайн оқуға дайын еместігіміз де байқалды. Балалардың жүйке жүйесіне, пси­хикасына қатты салмақ түсті. Бала қозғалмай, мониторға телміріп, төрт қа­бырғада қамалып отыратын болса, ден­саулығына зиян екені айтпаса да белгілі. Көпбалалы отбасыларға екі есе ауыр бол­ды. Ата-аналар мен мұғалімдерге де оңай ти­ген жоқ.
Әрине, бір жылдан аса уақыт ішіндегі жеке тәжірибеме сүйене отырып, бала­лардың көбісі қазір коронавирус туралы біледі, маска тағу, антисептик пайдалану сияқты жалпы сақтану ережелерін біледі деп айта аламын. Толық қауіпсіз деп се­нім­ді түрде айта алмаймын, дегенмен, сақ­та­нып, ережелерді толық сақтайтын болса, әри­не дәстүрлі форматта оқығаннан еш­қандай қауіп-қатер жоқ. Балаларда да ұжым­дық иммунитет қалыптасуы керек. Балалар стирильді болмауы керек, яғни ин­фекциямен кездескен кезде бала оған қарсы тұра алуы керек.
«Вакцинаның қауқары жете ме?» деген мәселеге тоқталар болсам, өздеріңізге бел­гілі, екпе аурудан түбегейлі қорғамайды, бірақ жеңіл өтуіне сеп болады. Вакцинаның әсері алдағы уақытта сезілетін болады. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге вак­цина салу жоспарда бар екенін мә­лім­деген болатын. Егер жасөспірімдерге вак­цина егуге рұқсат берілсе, әр ата-ана бала­сына екпе салдыртуы керек деп есептеймін.

19 шілдеде Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдегі эпиде­мио­логиялық ахуал жөніндегі кеңесте Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой мектептер дәстүрлі форматқа қайта ауысуы үшін қандай шаралар қабылдау қажет екенін айты. Министрдің айтуынша, ведомство Президенттің тапсырмасын ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін талдап, бейімдеген. Сонымен қатар ми­нистр қауіпсіздік үшін педагогтарды 100 пайыз вакциналау, 12 жастан асқан оқушыларға да екпе салу, санитарлық нормаларды сақтау және психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын күшейту, коронавирус симптомдары бай­қалғандардан ПТР сынама алу, маман­дардың, оқушылардың денсаулық жағ­дайына мониторинг жүргізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Алек­сей Цой білім беру ұйымдары онлайн оқытуға жедел көшуге дайын болуы керек екенін де атап өтті. Яғни дәстүрлі оқу фор­матына ауысқан күннің өзінде онлайн оқудан түбегейлі бас тарта алмаймыз.

Қашықтан оқыту бірінші сыныпты тақ­таға емес, мониторға телміріп қарсы алған балаларға тіптен ауыр болды. Білім сапасына да айтарлықтай әсер етті. Сон­дықтан да биыл қыркүйекте балалар мек­тепке бармақ. Осы бастан балаларға сақ­тық шаралары туралы түсіндіріп, үйрете берген жөн сияқты. Ал білім жүйесіне ти­ген зардап пен олқылықтың орны тола ма, оны уақыт көрсетеді.

Back to top button