Еліміздің сот жүйесі − заң үстемдігінің кепілі

Мемлекетті мемлекет ететін заң десек, сол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін жүзеге асырушылардың алдында қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғайтын орган − сот жүйесі тұрады. Себебі елдегі бар азаматтар заң алдында тең болғандықтан оларға қатысты заңбұзушылық жағдайы байқалғанда істің ақ-қарасын анықтап, айыптыны заң бойсындыратын да сол − мемлекеттік сот органы.

Баршамызға белгілі − сот мемлекетпен бір­ге пайда болады. Дегенмен сот билігі – мем­лекет заңдарымен әрекет ететін ұйым. Оның шешімі – тәуелсіз. Сот үшін ең басты ұстаным − мемлекеттің заңдары, сондықтан оның жұ­мысына ешкім сырттан ықпал ете алмай­ды.
Заманауи сот жүйесінің негізі осыдан үш ғасырдай бұрын қаланды деп санауға болады. Сол кезден бастап сотты және сот өндірісін ұйымдастырудың демократиялық қағи­далары орныға бастады, яғни сот пен заң алдында бәрінің тең болуы, сот өндірісінің ашықтығы мен жариялылығы, формальды дәлелдемелер жүйесінен бас тарту, судья­ларды сайлау, кінәсіздік презумциясы секілді қағидалар пайда болды. Бұрын сот қызметін билер атқарып кел­ген қазақ қоғамында өткен ғасырдың ба­сында алғаш рет мемлекеттік сот жүйесінің іргесі қаланды. Әйгілі Қазан төңкерісінен үш жыл өткенде 1920 жылдың 16 маусымында РКФСР құрамында Қырғыз (Қазақ) Авто­но­миялы Кеңестік Социалистік Республикасы құ­рыл­ған болатын. Бір жылдан соң сол рес­публиканың алғашқы сот жүйесі − Қырғыз (Қа­зақ) АКСР революциялық трибуналы құ­рылып, оның алғашқы төрағасы Нығмет Нұрмақов (1921 ж. қазан – 1923 ж. сәуір) бол­ды. Міне, осыдан бастап Қазақстан жерін­де мемлекеттік сот билігі жұмыс жүргізе бастады. Сөйтіп 1991 жылы КСРО таратылып, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғанша 23 тұлға еліміздің Жоғарғы Сотын басқарды. Оның ең соңғысы − ҚазКСР Жоғарғы Соты­ның төрағасы Тамас Айтмұқамбетов қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Сотының ал­ғаш­қы төрағасы болды.
Бүгінгі Қазақстан сот жүйесінің құ­рылуы­на Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Ол КСРО тарқамай тұрып Қазақстан билігіне келген кезінен бастап-ақ еліміздің билік жүйе­сін жаңартуды бастады. Атап айтқанда, Қа­зақстанның қоғамдық сипатын, мем­лекеттік жүйесін түпкілікті өзгерткен 1990 жыл­ғы 24 сәуірдегі Қазақ КСР Жоғарғы кеңе­сінің төрағасы Н.Назарбаевтың «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 6-ХІІ заңы және Қазақ КСР Жоғарғы кеңе­сінің 1990 жылғы 24 сәуірдегі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті туралы» қаулысының дәуір тынысымен жаңарып, жаңғырып жатқан Казақстан мемлекеті үшін маңызы зор болды.
1990 жылдың 25 қазаны күні жариялан­ған «Қазақ Советтік Социалистік Республика­сы­ның Мемлекеттік Егемендігі туралы» Дек­ларациясы қазақ халқы ғасырлар бойы армандап келген тәуелсіздікке қол жеткізудің алғышартын жасады.
1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Қазақ­стан Республикасы − тәуелсіз мемлекет еке­нін дүниежүзіне жариялаған Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы»
№ 1007-ХП Конституциялық заңы жария­лан­ды. Бұл қазақ елінің тәуелсіз мемлекетке ай­налғанын дәлелдеп, оны әлемге танытты.
1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Рес­публикасындағы мемлекеттік өкімет пен бас­қарудың құрылымын жеңілдіру бары­сын­да және одан бұрынғы шыққан Конс­титуция­лық заңдар ережесін жинақтай келе жаңа қоғамға лайықты «Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы» жарияланды. Жаңа Конституциядағы 16-тарау сот билігіне арналды.
Конституцияның 95-бабында Қазақ­стан­дағы сот билігі Конституциялық Сотқа, Жо­ғарғы Сотқа және Жоғарғы Төрелік сотқа, сондай-ақ, заң бойынша құрылатын төменгі соттарға тиесілі екені атап көрсетілді. Онда: «Ешқандай өзге органның, лауазымды немесе өзге адамның сот билігі міндеттерін өз мойнына алуға қақысы жоқ» деп жазылған. Сөйтіп «Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Конституциясын қорғау жө­ніндегі сот билігінің жоғарғы органы деп табылатыны» аталып, белгілеп берілді.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті 1993-1994 жыл­дары дүниежүзіндегі өркениетті ел­дермен тең дәрежеде ынтымақтаса отырып, ха­лықаралық қарым-қатынасты одан сайын нығайта түсті. Мұндай жағдай дүние-жүзіндегі мемлекеттер қауымдастығында салмақты саясат пен әлемдік талап-тілекке сәйкес келетін халықаралық құқықтық нор­малардың қажеттілігі және респуб­ли­каның ішкі саяси құрылымындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңаша сипатына лайықты құқықтық реформа жүргізуді қолға алу керегі өз-өзінен белгілі. Сондықтан елі­міз­дегі құқық саласын дамытуға баса мән берілді.
1994 жылдың 12 ақпаны күні Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы» №1569 қаулысы шықты. Қаулыда Рес­публикадағы сот жүйесін реформалау туралы жан-жақты айтылды. Әсіресе, сот әділдігін өміршең етуде соттардың кәсіби деңгейін көтеру, оларды ұйымдық жағынан нығайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын тиімділікпен арттырудың жаңа жобасы жасалды. Сондай-ақ, жалпы соттар мен төрелік соттарға жіктелудің де қажет емес екенін анықтап берді. Республика Президенті Жоғары Сот кеңесінің және Әділет біліктілік алқасының ұсынуымен судьялардың судьялық қызметтік міндетін түпкілікті бекітуді талап етті. Соттардың қызметін жан-жақты қамтамасыз етудегі кадр, ішкі шаруашылық істермен айналысуды сот істерінен бөліп, аппарат басшылығына жүктеу көзделді. Сондай-ақ, сот әділдігін жүзеге асыруда және сот қаулыларын орын­дауда аппарат ішкі ұйымдастыру жұ­мыс­тарына мейлінше көмек-жәрдем беруге тиіс делінді.
Жоғарғы Сот Республикадағы жалпы сот­тардың ең жоғарғы ұйымы болып та­бы­латыны атап көрсетілді. Оның құзыретіне ең жоғарғы лауазымды тұлғалардың қыл­мыс­тық істері жөніндегі сот істерін қарау, сон­дай-ақ, кассациялық, қадағалау саты­лары­ның міндеттері және заңдарды қолдану жөніндегі мәселелерге түсінік беруді жүзеге асыру кірді.
Бұл қаулыда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты арнайы сот алқаларына бөлі­ніп құрылатыны, судьялар құрамы да соған қарай іріктелетіні көрсетілді. Сондай-ақ об­лыс­тық соттың құрылымы, оның төрағасы, алқа төрағалары, оған теңестірілген қалалық соттың да құрылым жүйесі осы негізде бол­ды. Ал Қазақстан аумағындағы әскери сот дәрежесіне міндетіне қарай Республика Жоғарғы Соты Пленумының құрамына кіретіні айтылды. Осы уақытқа дейін барлық сот сатыларында сот ісіне қатысып келген халық алқабилер институтын жою керегі көрсетілді.
Қазақстан Президентінің 1994 жылғы осы қаулысының, еліміздегі құқық қорғау органдары мен заң шығару орындарында және сот құрылымындағы құқықтық рефор­малар негізінде 1995 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы соттар жөне судьялардың мәртебесі туралы» заң күші бар Жарлығы шықты. 84 баптан тұратын бұл жарлық республикадағы тәуелсіз сот билігі мен судьялардың мәртебесі туралы әлемдік өркениеттегі құқықтық нормаларға сай келетін жаңаша заңдар ережесін жасап, бекітіп берді.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сот жүйесін дамыту үшін түрлі заңдар қабыл­данып жатыр десек, соның ішіндегі ерек­ше бірі – 2006 жылы қабылданған «Алқабилер туралы» заң. Заң 2006 жылы қабылданғанмен, 2007 жылы тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінде алғаш рет алқабилердің қатысуы­мен сот процесі өтті. Айта кететін нәрсе, ал­қабилер кәсіби заңгер емес. Шешім қа­был­даған кезде олар «Жақсылық» пен «Зұлым­дық», «Ар-ұят» пен «Әділдік» ка­те­гория­ларын басшылыққа алады. Дегенмен 2006-2016 жылдар аралығында алқабилер 1 285 қыл­мыстық істің қаралуына қатысып, 77 тұлға­ны ақтап алған. Бұл – 10 жыл ішінде қарал­ған қылмыстық істердің 8,5 пайызында ал­қа­билер ақтау үкімін шығарды деген сөз.
Жоғарғы Соттың мәліметіне сүйенсек, 2010-2014 жылдар аралығында қылмыстық істерді қарайтын арнайы соттар алқаби­лердің қатысуымен 1,5 мың адамға қатысты 1 133 қылмыстық іс қаралған екен. 2013 жылға дейін Қазақстанда алқабилердің қа­тысуымен өтетін сот отырыстарының саны жыл санап көбейе берген. Тек осы 2013 жылы процестік заңға өзгерістер енгізіліп, ал­қабилер сотына сотты болатын қылмы­стық істер қысқартылғаннан кейін, алқабилер қатысатын сот істерінің саны бірден 35,4 пайызға кеміген. 2013 жылғы өзгерістерге сай, аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 165, 166, 166-1, 167, 168 (бірінші бөлігі), 169, 233 (үшінші және төртінші бөлігі) баптарында көзделген қылмыстарды қоспағанда, алқабилердің қатысуымен қарастырылуы мүмкін барлық аса ауыр қылмыс бойынша істер осы соттың қарауына берілді. 2014 жылы алқабилер 121 адамға қатысты 64 істі қарауға қатысып, 3 адамды ақтаған. 2015 жылы республика бойынша алқабилер соты 61 адамға қатысты бар-жоғы 42 қылмыстық істі қарап, 2 адамды ақтаған. Ал 2016 жылдың 6 айында алқабилер соты 42 тұлғаға қатысты 25 іс қарады. Олардың ішінде ақтау үкімі шығарылған істер саны – 4.
2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы да сот жүйесін дамытуға арналған заңның бірі. Медиацияны қолдану арқылы реттелген даулар саны біртіндеп өсіп келеді. Мысалы, заң қабылданған соң алғашқы екі жылдың өзінде еліміз бойынша мәмілегерлік негізде үш мыңдай іс қаралып, медиация тәртібін қолдану арқылы шешімін тапқан.
Қазір әлемде даулардың 30-40 пайызы медиация рәсімінен өтсе, оның 85 пайызға жуығы оң нәтиже көрсеткен. АҚШ-та медиацияға жүгінген даулардың 95 пайызы, Германияда 90 пайызы, Ұлыбританияда 90-95 пайызы сотқа жетпей шешімін тапқан. Бұл – медиаторлардың дауласушы тараптар мәселесін дер кезінде әділ шешіп бергенінің көрінісі. Медиация сот процесімен салыстырғанда уақыт және қаражат үнемдеу тұрғысынан тиімді. Мәселен, дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн мерзім беріледі. Қажет болған жағдайда бұл уақыт 60 күнге дейін ғана созылуы мүмкін, бірақ одан аспайды. Жалпы, кейде дауласушы жақ соттың шешіміне риза болмай, одан кейін де бір-біріне дұшпандық пиғылда қалуы мүмкін. Медиаторлар осының алдын алып, істі болған тарапқа соттың шешімін түсіндіріп, заңның әділеттілігін түсіндіру үшін де қызмет қылады.
Өткен жылы басталған жаһандық пандемия да еліміздің сот жүйесіне өз әсерін тигізді. Соған байланысты жарияланған төтенше жағдай азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтау міндетіне байыппен қарау керегін көрсетті. Сондықтан Қазақстандағы сот отырыстары толығымен онлайн форматқа көшірілді. Бір жақсысы, еліміздегі соттар мұндай режимге техникалық тұрғыдан дайын болып шықты. Сот саласы электронды сақтағыштың көлемі мен серверлік қуатын арттыруға, кейбір IT қызмет түрлерін жетілдіруге ғана күш салды. Сөйтіп, жүйелі жұмыс жүргізген сот қызметкерлері карантин талаптарына тез бейімделді. Мәселен, бұрын бейнебайланыс арқылы 150 процесс өткізілсе, бүгінде оның саны 4,5 мыңға жетті. Өте сирек жағдайда ғана кейбір істер тараптардың қатысуымен мәжіліс залында қаралып жатыр.
Төрт жыл бұрын Жоғарғы Сот тарапынан сот жүйесін жетілдіру мақсатында «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы іске қосылған-ды. Бүгінде сол бағытта іргелі істер атқарылып жатыр. Атап айтқанда, азаматтық процестегі судьяның белсенділігі артты, қылмыстық процесте алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейтілді. Сот актілерінің сапасын жақсарту үшін сот процесін оңтайландыру, бюрократияны азайту, электронды сот ісін жүргізу және т.б. бағыттар бойынша жұмыстар атқарылды.
Өткен жылы соттың әділет министр­лігі­мен бірлесе әзірлеген әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Бұдан бөлек, үш жылдың ішінде 30 заң жобасы дайын­далып, ұсынылды. Қазір олардың жарты­сынан көбі қабылданды. Сол құжаттардың ықпалымен сот тəуелсіздігі күшейтіліп, соттың өзін-өзі басқару органдары қайта құрылды, сот жүйесіне қатысты маңызды мəселелерді шешуге барлық судьяның қатысуына мүмкіндік беріліп жатыр. Бұдан екі-үш жыл бұрынғы кезеңмен салыс­тырғанда, судьяларды іріктеудің қазіргі процесі мүлде өзгерген. Мәселен, судьялар­дың жұмысын бағалау қайта қарастырылып, облыстық соттардың алқа төрағаларын іріктеудің конкурстық тәртібі енгізілген. Сондай-ақ, сот төрағаларының өз лауазымда екі реттен артық отыруына шектеу қойылған. Бұдан басқа «Түнгі сот», «Отбасылық сот», бітімгер-судья, татуластыру орталықтары, соттардағы фронт-кеңселер сияқты бірқатар пилоттық жоба жүзеге асырылған.
Шынына келгенде, халықаралық ұйым­дар дамыған елдермен салыстырғанда қа­зақстандық соттар едәуір қолжетімді деп бағалайды. Баж салығының көлемі аса көп емес, істер тез қаралады. Бұрын істің түп­кілікті нүктесін қоюға 2,5 жылға жуық уақыт кететін. Қазір бұл мерзім бір жылдан аспайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның бəсекелестікке қабілеттіліктің ғаламдық индексінің екі жылдағы рейтингінде (2017-2019 жж.) «Сот тәуелсіздігі» критерийі бойынша Қазақстан 79-орыннан 71-орынға көтерілді.
Көрсеткіштер бойынша, Қазақстан сот жүйесінің рейтингі көптеген елден жоғары. Мәселен, Қазақстан соттарында азаматтық және экономикалық даулар бойынша істерді қараудың орташа мерзімі 32 күн болса, бұл жағдай Ресейде – 50, Украинада – 128, Гер­манияда – 219, Францияда – 420, Италияда – 527 күнге тең екен. Ал Орта Азия бойынша мұн­дай істерді қарау мерзімі 201 күнге дейін жетеді. Демек, Қазақстанда істер алты есе қыс­қа уақытта қаралады. Соттарда ақ­парат­тық-коммуникациялық технологияларды қолдану жөнінен Қазақстанның көрсеткіші – 9.23 ұпай. Бұдан жоғары көрсеткіштерге 45 қатысушының ішінде тек үш ел ғана – Латвия (9,79), Эстония мен Португалия (9,25 балдан) ие болды. Бұл сот төрелігінің тиімділігі бойынша Еуропалық комиссияның есебіне (CEPEJ) алғаш рет қатысқан Қа­зақ­стандағы сот төрелігі жүйесінің жет­кілікті дамығанын көрсетсе керек.
Кейінгі жылдары судьялыққа үміт­кер­лерге қойылатын талап күшейтіліп жатыр. Судьялардың кәсіби қызметін бағалайтын жаңа әдістеме қабылданды. Жоғарғы Сот жанынан құрылған Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Судьяларды іріктеу, соттардың кадрлық резервін қалыптастыру және оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту толығымен Жоғары Сот кеңесінің құзырына берілген.
2018 жылға дейін әрбір төртінші кан­ди­дат судья болып тағайындалса, бүгінде судья болу үшін конкурста бір орынға 20-ға жуық үміткер бақ сынап жатыр.
Кейінгі кезде Сот төрелігінің сапасы ко­миссиясы жаңа әдістеме бойынша бағалаудан өткен әр оныншы судьяны жұмыстан бо­сату­ға немесе басқа қызметке ауыстыруға ұсы­ныс жасады. ҰҚК мамандарынан құралған Қауіпсіздік қызметі күшейтілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен бірлескен жұмыс тоқтаусыз жүргізіліп жа­тыр. Құқық бұзушыны ұстау операциясының бірде-бірінің орындалмай қалған кезі болған жоқ. Соңғы үш-төрт жылда 30-ға жуық судья қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 13-і сотталды, қалған біразының ісі соттың қарауында, кейбіреулері қызметінен босатылған. Міне, мұның бәрі еліміздегі сот жүйесінің жетілгенін және олардың заң аясында тәптіппен жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Жалпы, елімізде сот жүйесінің дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Оның алғашқысы − 1990-2000 жылдар. 1990 жылы еліміз егеменді мемлекет мәртебесін алса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабыл­данған «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының 9-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаты негізінде құрылады және жүзеге асырылады» деп белгіленді. Осы заңның 10-бабында «Сот билігі ҚР Жоғарғы Соты мен Жоғарғы Арбитраждық сотына тиесілі» делінген. ҚР Конституциялық заңы және Егемендік Декларациясы респуб­ли­каның жаңа заңнама жүйесін қалып­тас­тыруға негіз болды. 1992 жылы қабылданған сот туралы заң, кейінгі Құқықтық реформаның тұжырымдамасы, 1995 жылғы Конституциядағы сот билігі туралы баптар сот және құқық қорғау органдары туралы заңнаманы дамыту әрі демокра­тия­лан­дырудың жаңа кезеңін көрсетті. Қазақстан Республикасының құқықтық реформа бағдарламасы заңнаманы, құқық қорғау саласын, сондай-ақ сот жүйесін қайта құруға негіз болды.
2000-2010 жылдар аралығындағы екінші кезеңде, алғашқы кезеңдегі заңдар мен декларациялар, Президенттің Жарлықтары сот жүйесінің берік негізін қалады. Бұл аралықта өткен сот реформасының бірінші ке­зеңінде Елбасының «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Жарлығына сәйкес, Әділет органдарында сот қызметін ұйымдас­тыру­шылық қамтамасыз ету жөніндегі функ­ция­лары қалдырылып, әділет органдарының сот­тарға қатысты бақылау функциялары алы­нып тасталды.
2010 жылдан қазірге дейінгі уақытты қам­титын үшінші кезеңге тоқтала кетсек. «Қа­зақстан – 2050» Стратегиясы: қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы саладағы кадр саясаты, сот шешімдерін жетілдіру, сот мәртебесі туралы тапсырма берді. Жолдауда «Құқықтық саясаттың маңыз­ды мәселесі – азаматтардың Конс­титуция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек» делінген. Қазақстандық сот инс­титутын дамытуда Бес институ­цио­налдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» ерекше атап өту қажет. «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 11 тармағы сот жүйесінің қызметіне арнал­ған.
Қорыта айтқанда, ел Тәуелсіздігінің 30 жы­лында Қазақстан Республикасының сот са­ласы жан-жақты дамыған құқықтық инс­титутқа айналды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ БАСШЫЛАРЫ
(1921 − 2021)

Қырғыз (Қазақ) АКСР революциялық трибуналының төрағасы:
Нығмет Нұрмақов (1921 ж. қазан – 1923 ж. сәуір)

РКФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағалары:
Тілеужан Мұқашев (1924 ж. наурыз – 1925 ж. маусым)
Мырзағұл Атаниязов (1925 ж. мамыр – 1927 ж. наурыз)
Сермұхамед Бекбатыров (1927 ж. наурыз – 1929 ж. сәуір)

Қазақ АКСР Жоғарғы Сотының төрағалары:
Нығметолла Сырғабеков (1929 ж. мамыр – қараша)
Нағима Арықова (1929 – 1930 жж.)
Ғұмар Жүнісов (1931 ж. шілде – 1932 ж. шілде)
Қазмұхамед Күлетов (1932 ж. шілде – 1934 ж. қаңтар)
Шаймерден Бектұрғанов (1934 ж. мамыр – 1937 ж. желтоқсан)

Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағалары:
Әбдірахман Құскелдиев (1937 ж. желтоқсан – 1938 ж. тамыз)
Петр Громов (1938 ж. тамыз – 1939 ж. сәуір)
Темірғали Қожабергенов (1939 ж. сәуір – 1941 ж. мамыр)
Мырзақадыр Нұрбаев (1941 – 1942 жж.)
Тәңірберген Әділбаев (1943 ж. сәуір – 1945 ж. қазан)
Омадияр Адамбаев (1946 ж.)
Әбидулла Биекенов (1946 ж. мамыр – тамыз)
Әбдірахман Досанов (1946 ж. тамыз – 1958 ж. тамыз)
Әмір Нұрышев (1958 – 1959 жж.)
Күнтуар Сүлейменов (1958 – 1962 жж.)
Бекайдар Жүсіпов (1962 ж. маусым – 1970 ж. қыркүйек)
Қайыр Мыңбаев (1970 ж. қараша – 1981 ж. мамыр)
Ғалым Елемісов (1981 ж. маусым – 1984 ж. қаңтар)
Тамас Айтмұқамбетов (1984 ж. наурыз – 1993 ж. желтоқсан)

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағалары:
Михаил Малахов (1993 ж. желтоқсан – 1996 ж. маусым)
Мақсұт Нәрікбаев (1996 ж. маусым – 2000 ж. шілде)
Қайрат Мәми (2000-2009 жж.)
Мұсабек Әлімбеков (2009 ж. сәуір. − 2011 ж. сәуір)
Бектас Бекназаров (2011 ж. сәуір − 2013 ж. қазан)
Қайрат Мәми (2013 ж. қазан − 2017 ж. желтоқсан)
Жақып Асанов (2017 жылдың желтоқсанынан қазірге дейін)

Back to top button