Елордада бір күнде екі бала 4-қабаттан құлап кетті

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Сонымен қатар жыл басынан бері балаларға қатысты бірнеше оқыс оқиғаның тіркелгенін де айтып өтті.

Ресми мәлімет бойынша, қалалық балалар ауруханасына бірнеше жерден жарақат алған екі жасар қыз жеткізілген. Полиция қызметкері оқиғаның себебін баланың үйде қараусыз қалғанымен түсіндірді. Анасы дүкенге кеткенде, бала ашық терезедегі москит торына сүйеніп, төртінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Осы оқиғадан кейін, араға көп уақыт салмай, төрт жасар бала бірінші қабаттағы балкон терезесінен құлап кеткені туралы ақпарат жетті. Абырой болғанда бүлдіршін ауыр жарақат алмаған. Десе де, бала пәтерде ересектермен бірге болған. Ата-аналар ас үйде кешкі ас ішіп отырғанда, бала қонақ бөлмеде ойнап жүрген.

Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері елордада көпқабатты үйлердің терезесінен 13 бала құлап, бір бала көз жұмған.

Полиция департаменті ата-аналармен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қауіпсіздік шаралары туралы ескертеді. Әсіресе жаз айларында балалардың терезеден құлауымен байланысты жазатайым оқиғалардың өсуі байқалады. Құрметті ата-аналар, сақ болыңыздар! Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД ювеналды полиция бастығы Нэлля Дощанова.

 

Back to top button