Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті халықаралық байқауда топ жарды
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті халықаралық байқауда топ жарды
Таяуда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Музыкалық өнер» факультетінің 4-курс студенті Жұбан Ерназар Румынияның Браила қаласында өткен «Георгий Григориу (George Grigoriu)» атты халықаралық поп-музыка фестиваліне қатысып, 1-орынды жеңіп алды.
Ол бұған дейін 2020 жылы Болгария елінің Добрич қаласында өткен халықаралық «Сарандев» вокалдық байқауында да 1 орынды иеленген болатын.
XVI рет ұйымдастырылып отырған фестиваль биыл 16-18 шілде аралығында өтті. Жиырма конкурсант іріктеліп, гран-приді Италия иеленді.
«Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Мұндай сапалы конкурстар өте аз дер едім. Конкурсантттар шығармаларды жанды дауыста инструменталды бендтің сүйемелдеуімен орындады. Байқау екі күнге созылды. Бірінші күні ашылуымен қатар, алғашқы ондық өнер көрсетті. Мен байқаудың екінші күні, 2-реттік нөмірмен сахнаға шықтым. Қазақ және румынь тілінде 2 ән орындадым. Біріншісі – Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар» әні болса, румынь тілінде «Еternitate» (Мәңгілік) деген ән таңдалды. Бір қызығы, байқау біздің елдегідей таңертең емес, кешкі уақытта өтеді екен. Сол жағы да өте ыңғайлы болды. Дауысымыз ашылып, дайындалғанға біраз көмегін тигізді ,-дейді жеңімпазымыз.
Жұбан Мэлсұлы Ерназар 1996 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Аққала ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң, 2014 жылы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына Эстрада өнері (Эстрада вокалисі) мамандығына оқуға түсіпті. Қазіргі уақытта сабақты алып жүруімен қатар, Алматы қаласы әкімінің Эстрадалы-симфониялық оркестрінде әнші болып шеберлігін шыңдауда. Оркестрмен көптеген республикалық, халықаралық жобаларға қатысып, байқаулардың биігінен көрініп келеді.