Жаңалықтар

Медеу Арынбаев балаларының тілегін естіп, көзіне жас алды

ашық дереккөзі

Медеу Арынбаев балаларының тілегін естіп, көзіне жас алды

11 жыл бұрын өмірлік жарынан айырылған Медеу Арынбаев әлі күнге дейін шаңырақ көтермеді. Туған-туыс қанша үгіттесе де, әнші екінші рет үйленуге асықпайды. Себебі отбасын құруға жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Өмір мен өнер жолын «Ең алғашқы» бағдарламасында толығырақ мәлімдеді. Бағдарлама барысында Арынбаевтың ұлы мен қызы сұхбат берді. «Анам өте жақсы адам болды. Бізді өте жақсы көрген, біз де оны жақсы көрдік. Ана – өмірдегі басты адам», – деді Дәулет Арынбаев. Қашанда әкесін ойлап тұратын қыз жүрегі оның бақытты болғанын қалайды. Даяна Арынбаева «әкем махаббатын тауып жатса, қуанамыз» деген тілегін де жеткізді. «Анам туралы өте жиі әңгіме айтамыз. Менің анам өте мейірімді және ақылды адам болған. Екі жоғары білімі болған, ағылшынша жақсы білген. Өзінің оркестрінде ойнаған», – деп анасын еске алды. Медеу Арынбаев балаларының сөзін естіп, көзіне жас алды. – Балаларымның бұл тақырыпты қозғап жүргендеріне екі жылдай болды. Олар рұқсатын беріп жүр, қызым астарлап айтты. Сәтін салып, екінші рет шаңырақ көтеруді бұйыртып жатса, бірауыз оларға айтамын. Әйел деген тек ер мен баланың көңіліне ғана қарап, үй шаруасындағы адам болмауы керек. Алдымен өзім дайын болғанда ғана, жақсы жаңалықпен бөлісемін, – деп сөзін түйіндеді.