Жаңалықтар

ҚМДБ: Құрбан Айттың алғашқы күні 40 мың отбасына ет таратылды

ашық дереккөзі

ҚМДБ: Құрбан Айттың алғашқы күні 40 мың отбасына ет таратылды

Құрбан Айт мерекесінің бірінші күні Қазақстанда 40 мыңнан астам отбасына ет таратылды, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғам алдындағы негізгі 4 қызметінің бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. ҚМДБ көмекке мұқтаж жандарды қолдау, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында биыл тағы да қашықтан құрбан шалуды қолға алып, WWW.QURBAN2021.KZ сайтын іске қосқан болатын. Жоба мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну», - деп жазылған ҚМДБ хабарламасында. Құрбан айттың алғашқы күніндегі мәлімет бойынша республика деңгейінде qurban2021.kz сайты арқылы 2 132 адам құрбандық шалуға тапсырыс берсе, еліміз бойынша жалпы саны 7 670 мал шалынған. «Оның ішінде 6740 қой, 603 ірі қара, 318 ешкі, 9 түйе бар. Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, еліміз бойынша 40 156 отбасыға құрбандық еті таратылды. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Баршаңыз шынайы ниетпен құрбан шалып, мұқтаж отбасыларға мерекелік қуаныш сыйлап, сауапты іске ортақтасып отырсыздар. Көмек алған жандардың сіздерге жолдаған дұға-тілектері қабыл болғай. Жаратқан Жаббар Иеміз мерейлеріңізді үстем етіп, екі дүниенің нығметі мен құрметіне бөленуді нәсіп еткей. Әмин!», - деп хабарлады діни басқарма.