Тokyo – 2021: Олимпиада өтпеуі мүмкін

Токиодағы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тосиро Муто дүбірлі дода басталғанға дейін жағдай ушығып кетсе, ойындар болмауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Токиодан Egemen.kz тілшісі.

Жарыстың ашылу салтанаты 23 шілдеге жоспарланғаны белгілі. 20 шілде күні Олимпиада қалашығында тексеріс кезінде коронавируспен 9 адамның ауырғаны белгілі болды. Олардың ішінде үш спортшы бар: екі оңтүстік африкалық футболшы және Чехиядан келген жағажай волейболының ойыншысы. Жалпы Олимпиадаға келген спортшылар мен делегаттар арасынан індетті жұқтырғандар саны 71-ге жетті. Skysports.com-ның хабарлауынша, Т.Муто алдағы уақытта коронавирустық инфекциялардың саны қандай болатынын болжай алмайтынын айтқан.

– Егер толқулар болса, біз коронавирус жағдайына сүйене отырып, тағы да бес жақты келіссөздер жүргіземіз деп келістік. Қазіргі уақытта коронавирус жұқтырғандар саны артуы немесе азаюы мүмкін. Сондықтан біз жағдайды жіті бақылауда ұстаймыз, – деді Муто.

Сауалнамаларға сүйенсек, ел тұрғындарының көпшілігі биылғы Жазғы олимпиада ойындарының өтуіне қарсы. Жаппай наразылық салдарынан олимпиаданың негізгі демеушілерінің бірі Toyota компаниясы телеэфирден ойынға байланысты жарнаманы алып тастады. Ал оның басшылығы ашылу рәсіміне қатыспау туралы шешім қабылдады. Себебі, елдегі пандемияға қатысты жағдай қиын болып тұр.

19 шілдедегі ахуал бойынша Жапонияда инфекцияны жұқтырғаны саны 2368-ге артты. Олардың жартысына жуығы Токиода тіркелген.

Back to top button