Ұшақ бортында шылым шеккен әйел айыппұл төлейді

Көлік полицейлері ұшақ бортында шылым шеккен 32 жастағы Өзбекстан азаматына айыппұл салды. Оқиға Air Astana әуе компаниясына тиесілі ұшақта болған.

Компания өкілі Көліктегі полиция департаментіне хабарласып, «Ташкент-Алматы» бағытындағы әуе рейсінің жолаушылары арасында құқық бұзушы бар екенін мәлімдеген.

«Ұшып келген бойда Өзбекстан азаматшасы полицейлерге тапсырылды. Тексеру барысында көлік полицейлері ұшақ бортында электронды темекі шегетін Өзбекстан Республикасының 32 жастағы азаматын анықтады. Оның үстінен Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 41-бабының 1,2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – дейді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Сондай-ақ, ол 15 шілдеде «Бодрум-Алматы» және «Павлодар-Алматы» әуе кемелерінің бортында да осындай жағдайлар тіркелгенін атап өтті.

«Ол кезде Алматы, Павлодар қалаларының 19 және 36 жастағы тұрғындары электронды шылым шеккені үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеген болатын», – деді департамент өкілі.

Ведомствоның дерегі бойынша, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарға барғаны үшін 24 985 азаматты, тыйым салынған жерде шылым шеккен 532 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Back to top button