Жаңалықтар

"Бала дауысының" үздіктері Алматыда бас қосты

ашық дереккөзі

"Бала дауысының" үздіктері Алматыда бас қосты

Талантты бүлдіршіндердің өнерін өрістету мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Бала дауысы» байқауының жаңа кезеңі басталды. Әр аймақтан іріктеліп алынған үздік қатысушылар Алматыда бас қосып, «Жұлдыздар үйіне» қоныстанды.

Қазақстанның 14 облысын, Алматы мен Астана қалаларын қамтыған "Бала дауысы" байқауы – теңдесі жоқ жоба. Осыдан біраз уақыт бұрын бірнеше топқа бөлінген қазақ эстрадасының жұлдыздары ел аймақтарындағы талантты балаларды іріктеп, үздік деп танылғандарға финалдық бәсекеге жолдама берген болатын. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан балалар әрі қарай бақ сынау үшін Алматыға жиналды. «Жұлдыздар үйінің» ашылуына орай өткен салтанатты кеште байқау ұйымдастырушылары мен тәлімгерлері оларға сәттілік тілеп, қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Елімізде теңдесі жоқ байқау идеясының авторы Әлия Назарбаева балалармен қауышуға  арнайы келіп, талантты балғындарды шын жүректен құттықтады."Біз барлық қатысушыларды әділетті түрде таңдап алдық. Шын мықтыны анықтайтын кез де жақындады. Алдарыңызда үлкен белестер тұр. Барлықтарыңыз болашақта өнер әлемінің жұлдызы боласыздар деп үміттенемін", – деді Әлия Назарбаева.

Республикалық ән байқауының финалына 23 бала жолдама алғанын айта кетейік. Оның ішінде 12 жеке орындаушы, 3 трио және 1 дуэт бар. Ақтық сынға жолдама алған қатысушылар тәлімгерлерінің қолдауымен, бағыт беруімен өнер көрсететін болады. Кішкенттай таланттарға жол көрсететін өнерпаздар арасында Медеу Арынбаев, Толқын Забирова, Маржан Арапбаева, Жанар Дұғалова, Мақпал Исабекова, Әли Оқапов, Айқын Төлепберген, Диана Шарапова, "Кешью" тобының әншісі Балжан Бидаш, "Алау" тобының әншісі Әсет Арыстанбек те бар. Ауқымды жобаның ақтық сыны 12-13 қараша күні Республика сарайында өтеді. Жеңімпаздың есімі сол сол уақытта белгілі болады.