Жаңалықтар

20 шілдеде қандай елеулі оқиғалар болған?

ашық дереккөзі

20 шілдеде қандай елеулі оқиғалар болған?

(1993) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Таиландқа алғаш рет ресми сапармен барды. (1994) Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы», «Зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау жөніндегі аймақтық қайырымдылық қорларын ұйымдастыру туралы» Жарлықтары жарияланды. (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды. (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Бағалы металдар мен асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды. (2005) Астананың Конгресс-Холлында Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның Семей ядролық сынақ полигонының қайғы-қасіретін бейнелейтін «Мәңгілік қасірет» атты фотокөрмесі болып өтті. Бірнеше жыл бұрын С.Стивенсон Семей өңіріне барып, 1000-нан астам фотосурет түсірген болатын, онда адамзатқа қастандық болып саналатын сынақтың бүкіл қорқынышы көрсетілген. С.Стивенсон Семей полигонының мәселесіне көңіл бөлгені үшін «Семей қаласының құрметі азаматы» атағына ие болған. Сонымен қатар, С.Стивенсон кеңес ядролық сынақ қаруының құрбандары туралы жазған мақалаларының қаламақыларына Семей қаласындағы онкология орталығына медициналық жабдық сатып алып беріп, Семей өңірінің тұрғындарына заттай көмек көрсеткен. (2006) Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Таңсәрі» балалар театрының «Қазақстан балаларының соғыс ардагерлеріне ілтипаты» атты деректі фильмі таныстырылды. (2009) Қостанайда «Қазақтың дәстүрлі сот жүйесі» кітабының және «Торғай мен Тобылдың билері» фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл шығармалар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалды. (2010) Алматы қаласының Алатау ауданында аудандық сот пен прокуратураның жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. (2011) Астанала ҚР Тұңғыш Президенті музейінде «Корольдік ойын» көрмесі ашылды. Онда жұртшылыққа Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Украина, Беларусь, Армения көшбасшылары, белгілі гроссмейстерлер Анатолий Карпов пен Вишванатан Ананд сыйлаған шахмат топтамасы алғаш рет көрсетілді. (2014) Бейжіңде алғаш рет домбыра курсы ашылды. Сабақты аптасына үш рет, 2 сағаттан қандасымыз Мұрал Бимұратұлы жүргізеді. Үш топта 50 шақты адам бар, бірінші топта - тек қазақтар, екіншісінде - қытайлықтар, үшінші топ - аралас. (2016) Қазақстанда data.egov.kz ашық деректер порталы жұмыс істей бастады.