Жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев: Қазірден қамданбасаңыздар, қыста зардабын өздеріңіз тартасыздар

ашық дереккөзі

Бердібек Сапарбаев: Қазірден қамданбасаңыздар, қыста зардабын өздеріңіз тартасыздар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жем-шөп дайындау, егістікті сумен қамтуға қатысты нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына барып, бірқатар жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы алдымен Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан «Алмаз» шаруа қожалығының  қоймаларын аралап көрді. Биыл 200 гектарға күздік бидай, 200 гектарға дәндік жүгері, 50 гектарға жаздық арпа және 40 гектарға пияз еккенін айтқан қожалық басшысы бірнеше жылдан бері көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймалар салып жатқанын баяндады.

Шаруа қожалықта 15 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бүгінде аудан бойынша көкөніс сақтайтын, жалпы сыйымдылығы 40300 тонна болатын 32 қойма бар. Аймақ басшысы аудандағы қоймалардың санын арттырып, олардың сыйымдылығын 100 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының тұрақтандыруда да айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы Жамбыл облысы бойынша 233 көкөніс қоймасы бар десек, онда 243,4 мың тонна өнім сақтауға болады. Аудандар мен Тараз қаласындағы осындай қоймалар саны мен сыйымдылығын еселей түсу бойынша да нақты шаралар қабылданып жатыр екен.

Облыс әкімі вегетациялық кезеңде су тапшылығын туындатпау аса маңызды екенін баса айтып, сол бойынша аудан әкіміне жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. Қазір мұнда әрқайсысы 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр үйге келісімшарт бойынша 833,1 миллион теңгеден қарастырылған.

Жауапты мердігер – «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Нұрлан Серікбаев екі айда құрылыс жұмыстары толық аяқталатынын айтты.

Одан бөлек өңір басшысы осы аумақта салынып жатқан спорттық-сауықтыру орталығының құрылысына да қанықты.

Жұмыс сапарын Бердібек Сапарбаев қалашықтағы Биофармацевтикалық зауытта түйіндеді. Зауытта штаб отырысын өткізіп, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтының директоры Күнсұлу Закария, басқарма басшылары, мердігерлер, шетелдік эксперттер (Украина, Италия, Чехия, Германия, Қытай) атқарылған жұмыстарды баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған Жол картасындағы тапсырмаларды мерзімінде орындау туралы ескертпелер айтылды.