Олег Чугунков: Қазақ елінде туған кез келген азамат қазақ тілін білуі керек

Олег Чугунков: Қазақ елінде туған кез келген азамат қазақ тілін білуі керек

Олег Чугунков: Қазақ елінде туған кез келген азамат қазақ тілін білуі керек
ашық дереккөзі

Бүгінде «Nur Otan» партиясының аумақтағы филиалының өкілдері түрлі ак­циялар мен іс-шаралар өткізіп, апта сайын ел ішін аралап, жұрт­шы­лықпен кездесулер өткізіп жүр. Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс са­пасын жақсартуға бағытталған бағдарламалар да оң нәтиже беріп жатыр. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы бойынша қандай жұмыс атқарылғанын білу мақ­сатында «Nur Otan» партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орын­басары Олег Чугунковты әңгімеге тартқан едік.

– «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында ха­лықтың әл-ауқатын көтеріп, мемлекеттің дамуын жеделдетуге байланысты маңыз­ды мәселелер қамтылған. Шығыс Қазақ­стан облысында партия бағдарламасы қалай орындалып отыр? Елдегі ең негізгі мә­селе – тұрғындардың баспаналы болуы, азаматтарды жұмыспен қамту. Осы сала бойынша қандай шаруалар ат­қарыл­ды? – Жалпы, «Nur Otan» партиясының Шығыс Қа­зақстан облысы бойынша сайлауалды бағ­дар­ламасын іске асыру жөніндегі Жол кар­та­сына 182 іс-шара енгізіліп, 24 нысаналы ин­ди­катор айқындалды. Алдағы бес жыл ішінде 2,5 мың шақырым автожол мен 12 көпірге орташа жөндеу жүргізіліп, 400-ден астам тұрғын үй салынады. Сондай-ақ бұқаралық спорт­ты қолдау мақсатында 11 денешы­нық­тыру-сауықтыру кешені және 6 спорт модулі са­лынбақ. Сондай-ақ 2025 жылға дейін облы­сы­мыздың тұрғындары таза ауызсумен то­лықтай қамтылады. Сонымен қатар сай­лауал­ды бағдарламада білім, денсаулық сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу, баспанамен қам­та­ма­сыз ету мәселелері толықтай қамтылған. Ат­қарыл­ған шаруаларды сұрасаңыз, Семей қа­ла­сында Ядролық медицина орталығы, Рид­дерде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрып­тау және қайта өңдеу бойынша цех, Шемо­наиха ауданында Рулиха ауылында сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Өскеменде 2 бала­бақша ашылды. Бұдан басқа көпбалалы от­басыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2017 жы­лы 485 отбасы баспаналы болса, былтыр бұл көрсеткіш бес есеге артып, 2 536 отбасы қо­ныс тойын тойлады. Биыл жеке инвес­тор­лардың көмегімен облыс аумағында 191 тұр­ғын үй салу жоспарланып отыр. Осылайша өңірі­мізде ең өзекті саналатын баспана мәсе­ле­сінің шешілуіне бар күшімізді салып жа­тыр­мыз. – Республика бойынша партия өз құрамын біршама жаңартып, қоғамдағы өзекті мәселені шешуге ықпал ететін маңыз­ды жоспарлар құрды. Өңірдегі пар­тия құрамы қаншалықты жаңарды? – Шығыс Қазақстан облысы бойынша прай­меризге 1 054 адам қатысты. Нәтижесінде пар­тиялық тізімге 542 кандидат енді. Облыс бойын­ша «Nur Otan» партиясының жаңадан сай­ланған депутаттық фракциясы 243 депу­таттан тұрады, бұл депутаттардың жалпы са­нының 83,8 пайызы. Партия басшылығы мен Мемлекет басшысы қойған міндеттерді то­­лығымен орындадық деп айта аламын, өйт­кені сайланған депутаттардың 30 пайыз­дан астамы – әйелдер, ал 20 пайызы – 35 жасқа дейін­гі жастар. Айта кетерлігі, партияны қайта жаңғырту ба­ғытындағы тапсырмасына сәйкес, аумақтық фи­лиалдар, бастауыш партия ұйымдары пар­тияның жұмысын жетілдіру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Партиядан 35 мыңға жуық мүше шығарылып, праймериз кезінде партия қатары басқа белсенді тұлғалармен толықты. Тағы бір маңызды жайт, Президенттің «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын басшылыққа ала отырып, депу­тат­тық фракциялардың, сайланбалы және кон­сультативтік-кеңесші органдардың жұмыс тәсілдері мен әдістерін түбегейлі өзгертіп, «Ар­да­герлерді ардақтайық», «Кедергісіз келе­шек», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» және «Жастар – Отанға» партиялық жобаларына тың серпін бердік. Жаһанды жайлаған панде­мия кезінде партия бірінші болып қиын жағ­дайға тап болған тұрғындарға көмек қолын соз­ды. BIRGEMIZ республикалық акциясы ая­сында көмекке мұқтаж жандарға, атап айт­сақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сол кісілерге қарайласып отырған отбасыларға, ата-анасынан айырылған балаларға, көп­ба­лалы және аз қамтылған отбасыларға, тыл еңбек­кер­леріне, жалғыз тұратын қарттарға 50 000 теңге көле­мінде қаржылай көмек көрсетілді. – «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты – еліміздегі жас­тар­дың басын қосатын бірден-бір саяси күш. Шығыс жастарының саяси белсенділігін арттырып, елдің ертеңі үшін жұмылуына партия қандай мүмкіндіктер жасап отыр? – Иә, дұрыс айтасыз. Жастармен жұмыс – партиялық жұмыстың басым бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіз­дік бәрінен қымбат» атты мақаласында жас­тардың болашақта атқарар рөлін, мем­ле­кет үшін маңызы орасан екеніне баса мән бер­ген болатын. Біз өскелең ұрпақтың жасампаздық әлеуе­тін дұрыс арнаға бағыттап, оны тиімді пай­да­лана білуіміз керек. Қазір «Jas Otan» Жастар қа­­натының қатарында 8,5 мың жас бар. Об­лыс­қа қарасты әр қала мен ауданда жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Бұл кеңестердің жұмысына мәслихат депу­тат­тары, студенттер, бизнес-құрылымдардың, аза­­­маттық сектордың өкілдері атсалысады. Оған қоса, өңірде жас депутаттар корпусы инс­титуты құрылды. Оның құрамына 53 жас кірді (оның ішінде 5-еуі – облыстық мәсли­хат­тың, 13-і – қалалық, 35-і – аудандық мәс­ли­хат депутаттары). Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың сәуір айында «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жанынан «Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңес» құрылды. Кеңестің мақсаты – қоғамда жастарды толғандыратын өзекті мәселелердің ше­шімін табуға тырысу, партияның сай­лауалды бағдарламасындағы жоспарға сәйкес, жастарды жұмысқа орналастыру, сапалы біліммен, баспанамен қамтамасыз ету. Мұның барлығы жуырда бекітілген «Jas Otan» Жастар қанатының «Жастар – Отанға» жол картасы ар­қылы іске асырылатын болады. – Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сіздің мем­лекеттік тілде еркін сөйлейтініңізді біле­міз. Осы орайда қазақ тілін қалай мең­гер­геніңізді әңгімелеп берсеңіз? Жалпы, сіз­дің ойыңызша мемлекеттік тілді үйренуге біздің елде жағдай жасалған ба? – Мен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ау­да­нының Жарбұлақ ауылында дүниеге кел­дім. Бала күнімнен қазақ балалармен бірге ой­нап, бірге жүрдім. Өзім туып-өскен Жар­бұлақ орта мектебінде қазақ тілінде оқыдым. Жоғары оқу орнын да қазақ тобында, нақ­тырақ айтсам, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пә­ні­нің мұғалімі мамандығы бойынша оқып бі­тір­дім. Еңбек жолымды Семей қаласындағы №32 мектептен бастап, сосын Өскемен қа­ласындағы №38 мектепте қазақ тілі мен қазақ әде­биеті пәнінен сабақ бердім. Бар айтарым, қазақ елінде туған кез келген аза­мат қазақ тілін білуі керек. Қазір көп ұлт­тан тұратын тәуелсіз елімізде қай тілді мен­гере­мін десе де, еш кедергі жоқ. Жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін мемлекет барын­ша қолдау көрсетіп жатыр. Ең бастысы, Қазақстан азаматының тіл үйренуге деген ние­ті болуы керек, ниет болса мемлекеттік тіл­ді меңгерудің еш қиындығы жоқ.

Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай