Ұлтшыл суреткер

Ұлтшыл суреткер

Ұлтшыл суреткер
ашық дереккөзі

Поляктардың ұлттық мақтанышына айналған қа­лам­гері Генрик Сенкевич ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында тарихи және әлеуметтік маңызы зор тақырыптарды қозғаған кесек туындыларымен қоғамдық санада сілкініс туғызған ірі тұлға. Көз сұғын қадаған ел­дердің талауына түсіп, оқ пен оттың ортасында қалған Отан тағ­дыры суреткер шығармашылығының алтын арқауы болып, көңілді толқытып жанды тебіренткен тарихи романдар жұрттың жүрегіне жол тауып, рухын тірілтті. Сол үшін де поляктар оны ерек­ше құрметтеді, талантты перзентінің әр сөзін қадір тұтып, ар­тына қалдырған асыл қазынасын қастерлеп, көзінің қа­ра­шығындай сақтады.

Тау суының екпініндей насихаты күшті жазушының «Камо грядеши», «Тасқын», «Пан Володыевский», «Крест­ші­лер» т.б. романдары жүздеген мың данамен жа­рық көрді. Біз ол еңбектерді оқыған сайын азаттық үшін арпалысқан поляк­тар­дың тәуелсіздік жолында төгілген қаны мен тартқан азабын көріп, қайсарлығына тәнті бо­лып, ерлігіне сүйсіне түсеміз. Сенкевичтің әдеби мұрасы егжей-тегжейлі зерттеліп, жүз­деген еңбек, мыңдаған мақала жазылды, шы­ғармаларының желісімен көрермен қы­зыға тамашалаған көптеген фильм түсірілді. Адамзатты талантымен мойындатқан суреткердің тәуелсіздік жолындағы хал­қы­ның ерлігін дәріптейтін туындыларды жазу мәнері өзге елдің әдебиетіне де шапағатын тигізді. Өз басым қабырғалы қаламгеріміз Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романын оқып шыққаннан кейін, оның тап осындай кесек туындыны жазуына Генрик Сенкевич романдарының бір мысқалдай болса да ықпалының тигенін сезгендей әсер алдым. Ел тәуелсіздігін жырлаған суреткеріне отандастары қаражат жинап, талан­тына көрсетілген халық құрметінің белгісі ретінде оған зәулім үй сыйлады. Яголонск уни­верситетінің докторы атағын беріп, ол Львов қаласының құрметті азаматы атанды. 1905 жылы Генрик Сенкевичке эпос са­ла­сына сіңірген ерен еңбегі үшін әлем әде­биетіндегі ең жоғары марапат Нобель сый­лығы берілгенде поляктардың қуа­ны­шында шек болмады. Бұл оқиғаны Сен­кевич жеке басының емес, өз елінің зор табысы ретінде бағалады, өйткені ол ұлттық эпос­тарында «тар жол тайғақ кешуді» басынан өткерген елінің тарихын суреттей отырып, азаттық үшін жан аямай күрескен жанкешті ерлігін жырлады. Әр суреткердің сөз өнерінің әлемінен еншілеген өз тақырыбы болады. Қаламгердің қандай да бір тақырыпты таң­дауына түрлі жағдайлар мен ситуациялар әсер етеді. Ендеше отандастарының махаб­баты мен сүйіспеншілігіне бөленген сурет­кердің тарихи тақырыптарға ен салуына қандай себептердің итермелегенін түсіну үшін оның өміріне де қысқаша тоқтала кетейік. Ол туған халқы үшін өте ауыр кезең болған өліара мезгілде өмірге келді. Мы­на жалған дүниенің есігін ашқанда поляк­тардың Отанын онымен көршілес мем­лекеттер хан талапай қылып, өз ара­ларында бөліп алған еді. Ата-анасы ауқатты адамдар бол­ма­ған­дықтан, отбасы ұдайы тұрмыс тауқыметін тартып тұрды. Бастарында бас­па­налары жоқ әке-шешесі тіршілік қамымен бір ауылдан екіншісіне көшіп жүріп 1863 жылы ғана Варшавадан үй сатып алды. Ел астанасын ол жылдары сан құбыл­ған сағымдай қарама-қайшылықты көңіл күйдің ауаны билеп тұрды. Отар­шыл­дарға қарсы халықтың көтерілісі бұрқ ете қа­лып, кейін оны Ресей империясы озбыр­лық­пен жаншып тастады. Сонымен бірге поляктар жаңадан енгізілген шаруашылық реформаларды жүзеге асырудың қамын қарастырып, екінші жағынан прогрестің қарқынды дамуы өмірді түбегейлі өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Жүрегі жалындаған суреткердің дү­ниетанымы тап осындай қиын кезеңде қалыптасты. Варшаваға қоныс ау­дарғаннан кейін ол гимназияға оқуға түс­ті. Гимназиядағы оқуы аса мәз болған жоқ, себебі сабақтан гөрі поляктар мен әлем­дегі атақты қаламгерлердің туындыларын оқу­ды оның жаны сүйетін. Поляк тілі мен әде­­­биеті ең жақсы көретін пәні болды. Гимназияны тәмамдаған соң тұрмыс-тіршілігі жақсы алыс туыстарының үйін­де тәрбиеші болып жұмыс істеді. Ағайын­дарының балаларын оқытуға ықы­ласты болмағанымен, материалдық жағ­дайы қиындап кеткендіктен, басқа амалы қалмады. Нәпақасын таба жүріп, сол кездері ел астанасының негізгі мектебі аталған, кейін Варшава университеті болып өзгерген білім мекемесіне оқуға түсті. Әке-шешесінің айтқанын орындап Сенкевич оқып жатқан мектебінде медицинаны зерттеумен ай­налысты. Бірақ медицина ғылымын суқаны сүймегендіктен одан көңілі тез суып, та­рихи-филология бөліміне ауысты. Білімін де жетілдіріп, әрі шығар­ма­шы­лықтан да қол үзбеген Генрик 1869 жылы тырнақалды туындысын өмірге әкел­ді. Одан кейін іле-шала «Құрбандық» деген сүйекті шығармасын жазып тастағанымен, ол жарық көрмей, кейін қолжазбасын да жоғалтып алды. Мұқтаждық қысып, тұр­мыс-тіршілігі ауырлай түскен жас жігіт ем­тихандарын тапсыра алмай, ақыр соңын­да дипломсыз қалып, оқуын тастап кетті. Қайтпек керек? Болашақ жазушы күнкөріс қамын қарастырып мерзімдік басылым­дармен байланысып, оларға арнап эсселер, фельетондар, рецензиялар жаза бастады. 1873 жылы «Польская газета» басылымына фельетонист болып жұмысқа тұрып, өзінің арнайы бетін жүргізіп, екі жылдан соң вар­шавалық газеттердің біріне әдебиет бө­лімінің меңгерушісі қызметіне ауысты. Тіршілік қамымен жүрсе де алдына үлкен мақсат қойған ол қолы жұ­мыс­­тан қалт еткенде, жанына жақын та­қы­рыптарды зерттеп, жазуын тоқтатпады. 1872 жылы «Бәрі бекер» повесін тәмамдап, кей­бір кемшіліктеріне қарамастан шығар­масы табысты болып, сыншылардың жақсы ба­ғасын алды. Жалғыз хикаямен тоқтап қал­май, бір повестен соң екіншісін өмірге әке­ліп, қарапайым адамдар, шаруалар, сол­даттар мен жұмысшылар эпостарының бас­ты қаһармандарына айналды. Тұтастай ал­ғанда Сенкевичтің ең алғашқы туын­ды­лары уақыты мен сюжеті, тақырыбы жа­ғынан бірсарынды болғанымен, олар сурет­кердің зиялы қауым ортасындағы беделінің арта түсуіне игі ықпалын тигізді. 1875 жылы бірнеше басылымда жур­на­лист болып нәпақасын таба жүріп ол ал­дымен Париж бен Венаға, кейін Америка Құра­ма Штаттарына саяхаттап қайтты. Шет­елдік сапарларынан соң тақырыбын өзгер­тіп, АҚШ-тағы өмір туралы мақалалар топ­тамасын, саяхаттаған елдері жөнінде көп­теген новелла жазды. Қаламгердің шет елдегі жұмысы жазумен ғана шектелген жоқ, ол Калифорниядағы поляк қауы­м­дас­тығын құру ісімен де шұғылданды. Үш жыл АҚШ-та болғаннан кейін Еуропаға қайтып оралды. Алған тә­­­жіри­белерімен және әсерімен бөлісу үшін дәріс­тер оқып, ұстаздықтан қолы босағанда га­зеттер мен журналдарға арнап шы­ғар­малар жазды. Бірте-бірте шеберлігі шыңдала түсіп, психологиялық очерк жазудың май­талманы ретінде елге кеңінен танылды. Атағы дүркіреп зор табысқа қол жет­кіз­ген бақытты күндерінің бірінде Мария Шет­кевичпен танысып, бір көргеннен оған құлай ғашық болып қалды. Әйгілі шлях­тичтің қызы да оны ұнатып, екеуі Венецияға сапар шегіп, сол жерде Генрик сүйіктісіне тұр­мыс құруға ұсыныс жасады. Ата-ана­лары­ның ақ батасын алған жастар үйлен­генімен, бақыт­тары ұзаққа созылмады. Екі бала сүйгеннен кейін жұбайы құрт ауруына шалдығып, дү­ние салды. Қайғы теңізінің тұңғиығына ба­тып кеткен Сенкевич жанын жұбату үшін сая­хат шегіп, шығармашылыққа қатты бері­ліп, жазумен көңілін алдан­дыра­ды. 1888 жы­лы құрт ауруы дертіне ұшыраған мә­дениет қайраткерлеріне арналған көмек қорын ашып, оны қайтыс болған әйелінің есі­мімен атады. Бірінші дүниежүзілік соғыс бастал­ған­да Генрик Сенкевич Отанын тас­тап, Швейцарияға қоныс аударуға мәж­бүр болады, бірақ туған жерінен жырақта жүр­се де бір сәтке де болса Польшасын есі­нен шығармай елінің қамын ойлап, қай­ғы теңізіне батып, қасірет шекті. Қоғамдық қыз­метпен айналысып, соғыс құрбандарына көмек комитетін құрды. 1916 жылдың 25 қа­рашасында поляктардың әдебиетін әлем­ге танытып қана қоймай, өз ұлтының ай­быны мен рухы болған атақты жазушы өзге елде дүние салып, мүрдесі Веве қаласындағы (Швейцария) жергілікті католиктік шір­кеуі­не жерленді. Сегіз жыл өткеннен кейін жа­зу­шының сүйегі туған топырығына жеткізіліп, қасиетті Иоанн Крестител ка­федрал­дық соборына қойылып, мәңгілікке дамыл тапты. Жетпіс жыл өмір сүрген Ген­рик Сенкевич поляк халқының жүрегінің төрінен орын алып, әлем әдебиетінде де өш­пес ізін қалдырды.

1905 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР

  1. Редьярд Киплинг (1865-1936) әлемге әйгілі ағылшын жазушысы. 1907 жылы Нобель сыйлығын иеленді.
  2. Джон Морлей (1838-1923) ағылшындардың қоғам қайраткері, тарихшы. Антиимпериялық бағыттағы тарихи шығармалардың авторы. Вольтердің, Руссоның, Дидроның шығармашылығы туралы монографиялар жазған. Қаламгердің саяси журналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегі орасан зор.
  3. Льюис Моррис (1833-1907) ағылшындардың танымал ақыны. Нобель сыйлығына алты рет ұсынылған.
  4. Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның ең атақты шайыры болып мойындалған.
  5. Димитриос Вернардакис (1833- 1907) грек жазушысы, драматург, аудармашы, тарихшы, филолог.
  6. Георг Моррис Кохен Брандес (1842-1927) даниялықтардың танымал әдебиет зерттеушісі, публицист, натурализмнің теоретигі.
  7. Марселино Менендес-и-Пелайо (1856-1912) испан ғалымы, мәдениет тарихшысы және әдебиеттанушы.
  8. Джозуэ Кардуччи (1835—1907) италиялық ақын, 1906 жылы Нобель сыйлығын алды.
  9. Элиза Ожешко (1841-1910) поляк жазушысы әрі қоғам қайраткері.
  10. Толстой Лев Николаевич (1828-1910) әлемге танылған орыс жазушысы. «Казактар», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» атты атақты романдардың авторы. Адамзатқа танылған талай қаламгерлердің шығармашылығына қатты әсерін тигізген. Жазушы шығармашылығы туралы мыңдаған мақала, жүздеген зерттеу жазылды. Шығармаларының желісімен көптеген фильм түсірілді.
  11. Альбер Сорель (1842-1906) француз тарихшысы, Француз академиясының мүшесі
  12. Ярослав Врхлицкий (1853-1912) чех ақыны, драматург, аудармашы.
  13. Сельма Лагерлёф (1858-1940) швед жазушысы, 1909 жылы Нобель сыйлығын иеленді.
Әрине, поляктардың ұлттық қалам­гері­нің шығармашылығын тілге тиек еткен шағын мақаламызда, барлық туын­дысына тоқталып, оларды егжей-тег­жейлі талдап шығудың мүмкін емес екені айт­паса да түсінікті әңгіме. Дегенмен сурет­кердің ең негізгі шығармаларымен таныс­қан­нан кейінгі алған әсеріміз жөнінде оқыр­манмен ой бөліскенді артық көрмедік. Әңгімеміздің әлқиссасын Сенкевичтің өзіме қатты ұнаған «Тасқын» трило­гия­сынан бастағымыз келіп отыр. Сонымен «бұл көлемді шығарма не туралы және ол сіз­ге несімен ұнады?» деген сұрақты қой­ғыңыз келіп отыр ғой маған, қымбатты оқу­шым. Заңды сауал. Күрмеуі күрделі сауа­лыңызға көлемі 1 000 беттен асатын, үш кітап­тан тұратын кесек туынды махаббат пен ғадауат, азаматтық борыш пен халыққа ауыр сынақ болған жылдардағы әйел мен еркектің тағдыры туралы шығарма деп бір ауыз сөзбен жауап беріп, оңай құтылып кету­ге де болар еді. Бәрімізге де жақсы та­ныс, ешкімге де таңсық емес біз айтып отыр­ған тақырыптар Сенкевичке дейін де, одан кейін де талай рет жазылып мил­лион­даған оқырмандардың көңілін толқытып, жүрегін елжіретіп түрлі сезімдердің бесігіне бөле­ген. Ендеше екі ғашықтың арасындағы ма­хаббат, өзің өмір сүріп жатқан қоғам ал­дындағы азаматтық парыз, ізгілік пен зұ­лымдық, батырлық пен сатқындық тура­лы бұл жазушы біздің білетінімізден бөлек не айтты? Айтты ма, әлде өзіне дейінгі су­рет­керлердің ойларын қайталаудан аса ал­мады ма? Сенкевичтің трилогиясын оқи оты­рып, бір қарағанда қарапайым ғана болып көрінетін жаңағы тақырыптардың тамыры біздің ойлағанымыздан әлдеқайда терең әрі күрделі екеніне көзіміз жете бас­тайды. Бір көргеннен екі жас бір-бірін ұна­тып, бар жан-тәнімен құлай ғашық бо­лып қалса да, сүйген жігіті қарақшы­лық­пен, адам өлтірумен, зорлық-зомбылықпен айна­лысып жатқан қызға не істеу керек? Ете­гінен ұстамай, елдің намысын ойлап сүй­ген жігітінен бас тартқан Ольга жүре­гіндегі жалындаған махабаттың отын қалай сөндіре алады? Тізесін батырған зорлық-зомбылығы, ел адамдарына көрсеткен қор­лығы үшін қанша жек көруге тырысса да ғашықтық сезімнің тәтті балы тұла бойын балқытып, неге ұмыта алмайды оны? Жүрек қалауымен емес, тағдыр тәлкегімен жаман жолға түскен батыр жігіттің адасқанын түсі­ніп, адамдық ортаға қайтып оралуы мүм­кін бе? Немесе Отан үшін қиын кезең туған уақытта өз елінің тәуелсіздігін сатып, өтірік айтып, халықты тонап, тақ үшін тала­сып жатқан билеушілерге қалай қарау керек? Дәл осындай сын сағатта қоғамдық мораль, ұлттың келешекке деген сенімін, мемлекеттің бірлігін сақтап қалудың қандай жолы бар? Автор өзінің көлемді шығармасының бетінде осындай күрделі сауал тастап, жауабын беруге тәуекел етіп көреді. Кесек туынды екі кейіпкердің жеке ба­сының тағдырын суреттеу ар­қылы өте жеңіл әрі қарапайым басталады. Ауыл­дары көрші болып келетін дворян­дар­дан шыққан екі отбасы балалары кәмілетке толмай жатып-ақ оларды сыртынан неке­лес­тіріп қойған. Мұндай дәстүрдің бірнеше ғасыр бұрын Польша, Литва, Германия, тіпті Ресей елдерінде кеңінен тарағаны тарихтан мәлім. Көрші мемлекеттер осындай жолмен бір-бірімен туыстасып, белгілі бір дәрежеде ол елдегі тұрақтылықты сақтап, соғыс өр­ті­нің тұтанып кетпеуінің кепілі болып кел­ді. Екінші жағынан мұндай салт туыстас мем­лекеттердің жауларға қарсы күресте ма­териалдық тұрғыдан күшейе түсуіне де игі ықпалын тигізді. Қыз берісіп, қыз алу ар­қылы ағайын-туыстықтың тамыры те­рең­дей түскен жақсы дәстүрдің жаңғырығы Еуропада ХХ ғасырға дейін сақталып келді. Қыз бен жігіт некелесуге байланысты өз ата-аналарының батасын бірқатар се­беп­терге – әлеуметтік, ұлттық, конфессио­нал­дық, тіпті жеке бастарының мүддесіне бай­ланысты ғана алуына мүмкіндіктері бол­ды. Мұндай жағдайлар королдардың, ақ­сүйектердің және байлардың отбасында ға­на емес, шаруалардың, саудагерлердің ор­тасында да қалыпты үрдіске айналды. Сенкевич өзінің тарихи туындысында тап осындай жағдайды мысалға алып, ата-аналары сырттарынан неке­лес­ті­ріп қойған Анна Биллевич пен Анджей Кми­­­цицтің арасындағы махаббатты тілге тиек ете отырып, олардың ауыр тағдырын сурет­керлік шеберлікпен баяндайды. Біраз жыл соғыста болған батыр жігіт еліне ора­лып, ата-анасы некелестіріп қойған қы­зы­мен танысып, екеуі бірін-бірі ұнатып қа­ла­ды. Бір қарағанда екі жастың қосылып, ба­қытты болуына еш кедергі жоқ сияқты. Бірақ олардың тағдырына жазмыш араласты. Анджейдің қан майданда бір­ге болып, ерлік істерімен танылған дос­тары елге келе салысымен ылаң салып, бей­біт тұрғындарды тонап, қарапайым ха­лыққа тізесін батырып, зорлық-зом­бы­лық­пен айналысып кетті. Реалист жазушы «Тасқын» романында батырлықпен даңқы шыққан отандастарын тек жақсы жағынан ғана көрсетпей, олардың адамгершілікке жат жауыздықтарын да аяусыз әшкерелейді. Сондай-ақ қаламгердің ең негізгі туын­дысы «От пен семсер» атты та­рихи трилогиясының да әдебиет тарихында ала­тын орны ерекше екенін айта кеткен лә­зім. Бұл шығармада поляктар мен украин ка­зактарының күресі жан-жақты баян­да­лады. Трилогияны оқырман қауым әртүрлі қабылдады, біреулер жазушының өткен тарих­пен қатты әуестеніп кеткенін сынап, нағыз жазушы өз заманының шындығын суреттеуі керек екенін айтты. Сыншылардың тағы бір тобы романды мақтап, Сенкевичтің ұлы талант екенін дәлелдеп жатты. Тарихи тақырыпқа ен салғанымен, жа­зушы талантының даралығын бай­қамауға болмайды. Шындығында да, поляк жазушысының баяғыда болған та­рихи оқиғаларды кестелі тілмен суреттеп, ойдан шығарылған кейіпкерлеріне жан бі­тіріп, сюжетке махаббат желісін үйлес­ті­ріп жіберген шеберлігі таңғалдырады. Генрик Сенкевич триллогияны жазуға бар күш-қайратын салып кірісті, та­рих­шылармен, әскери істің білгірлерімен кеңес­ті, шығармада айтылатын уақытты егжей-тегжейлі зерттеп, ұсақ-түйек дета­ль­дарға дейін қатты мән беріп, назардан тыс қал­дырмады. Оқиға болған жерлерде бо­лып, ол мәселені де қатты зерттеді. Соның ар­қа­с­ында ол кез келген ұсақ детальдарға дейін керемет сипатталған, тарихи оқи­ға­лардың нағыз панорамасы көрініс тапқан ұлы дүниені туғызды. Сенкевичтің қаламынан туған шы­ғар­малардың бәрін бүкіл Польша сүй­сініп оқыды. Егерде әлем оқырмандары Фран­­цияны Александр Дюманың «Үш ноян» туын­дысы арқылы білсе, Польшаны Генрик Сен­кевичтің «Тасқын», «От пен семсер», «Пан Володыевский» романдары арқылы жі­ті­рек тани түсті. ХІХ ғасырдың 70-80-жыл­­дары Еу­ропада поляк суреткері­нің әдеби туын­дыларынан асқан танымал шығармалар бол­ған жоқ. Мерзімді басылымдар жазушы туын­дыларын жарыса жариялады. Қалам­гердің әр шығармасының баспасөзде жа­рық көруін халық асыға күтті. Мұның себебі неде дейсіз ғой, әрине. Оның басты себебі по­ляк қоғамы тұңғыш рет бір-бірімен бай­ланысты, хронологиялық тәртіппен ұлт та­рихының ауыр кезеңі баяндалған туын­дыны оқып, одан ұмытылмас әсер алды. Жазу­шының романдары жарық көргенге дейін жүз жыл бұрын Польшаның саяси тәуел­сіздігін жоғалтып алғанын да ұмыт­паған абзал. Сондықтан да Польшаның тәуел­сіздігі мәселесі поляк қоғамында өте өзек­ті тақырып болып тұрды. Ал суреткер шы­ғармалары қоғамның көңіл күйіне қат­ты әсер етіп, халықты толқытып жіберді. Сенкевичтің романдарындағы оптимистік рух халықтың Польшаның қайта жаң­ғыруы­­на деген сенімін күшейте түсті. Ол По­льшаның тарихын өзі сомдаған қаһар­мандарының тағдыры арқылы көрсетті. Жазушының өз кейіпкерлерін суреткерлік шеберлікпен қарапайым адамға тән ерек­шелігімен және кемшілігімен көрсете білген таланты оның тарихи романдарына жан бітірді.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ