Қазақстанда апта ішінде болған тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған тағайындаулар
ашық дереккөзі
Осы апта ішінде елімізде бірнеше кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Апта Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жаңа басшының келуімен басталды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жеке құрамына жаңа басшыны таныстырды. Нұрлан Шабдар 1974 жылғы 15 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Әр жылдары құқық қорғау органдарының басшылық лауазымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының, Премьер-Министрінің кеңесшісі болып қызмет атқарған. Дәл осындай тағайындау Ақмола облысында да орын алды. Облыс орталығында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен кеңес өтті. Онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының жаңа басшысы Арман Рахимовты таныстырды. Арман Рахимов Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген. 1999 жылдан бастап 2014 жылға дейінгі кезеңде қаржы полициясы органдарында жедел және тергеу бөлімшелерінің түрлі лауазымдарында, оның ішінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2014 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Өзінің соңғы тағайындалуына дейін А.Рахимов Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары болды. Кеңес барысында тараптар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мемлекеттік органдармен одан әрі жемісті ынтымақтастығына дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, апта ішінде кадрлық өзгерістер Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде де болды. Атап айтқанда, Асхат Оралов Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Асхат Оралов 1990 жылы Павлодар облысында туған. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, ҚР СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетін бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің әлеуметтік тәрбие жұмысы департаменті жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы ретінде бастады. Әр жылдары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, «Нұр Отан» партиясының филиалында, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасында, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде, ҚР Қоғамдық даму министрлігінде жұмыс істеді. 2019 жылы Павлодар облысы әкімінің орынбасары болды. 2020 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып жұмыс істеді. Еске салсақ, ҚР Үкіметінің қаулысымен Асхат Оралов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметінен босатылды. Сонымен қатар,  13 шілде күні Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жаңа басшысы болып Шаттық Утеев тағайындалды. Шаттық Утеевті Шымкент қаласы активінің отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Мақсат Қожабаев таныстырды. Шаттық Утеев 1971 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ақтау мемлекеттік университетін бітірген. 1999-2001 жылдары – Маңғыстау облысы бойынша Салық полициясы комитеті басқармасының инспекторы. 2001-2002 жылдары – Маңғыстау облысы бойынша қаржы полициясы департаменті экономикалық қылмыстарды анықтау басқармасы екінші бөлімінің аға инспекторы. 2002-2014 жылдары – қаржы полициясы органдарында қызмет атқарған. 2014-2016 жылдары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы. 2016-2018 жылдары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды қаласы бойынша департаментінің басшысы. 2018-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының орынбасары. Қазіргі тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің 4 департаментінің басшысы лауазымын атқарған. Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, РФ СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің атташесі қызметінен бастаған. 2005-2006 жылдары – ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші хатшысы; ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы. 2006-2007 жылдары – ҚР СІМ Кеңсесі баспасөз қызметінің үшінші хатшысы; екінші хатшысы. 2007-2011 жылдары – ҚР Парламенті Сенатының аппаратында түрлі лауазымдарды атқарған. 2011-2012 жылдары – ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің басқарма басшысы. 2012-2017 жылдары – Франция Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі. 2017 жылғы тамызда ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінің кеңесшісі болды. 2017-2019 жылдары – ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі; ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі. 2019 жылғы мамырдан бастап қыркүйекке дейін – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 2019 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарды. Апта ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры ауысты. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының шешімімен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры болып Арман Қайырденов тағайындалды. Кәсіпорынның бұрынғы басшысы Шуxрат Данбай қызметінен босатылды. Арман Құрметұлы Қайырденов 1971 жылы Атырауда дүниеге келген. Қазақ xимия-теxнология институтын бітірген. Мамандығы - инженер-xимик-теxнолог. 2003 жылы Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын мұнай бизнесі мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1993 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында теxнологиялық құрылғы операторы болып бастады. Зауытта түрлі лауазымдарда 13 жыл жұмыс істеді. Сондай-ақ, әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу департаменті директорының орынбасары, бас директордың орынбасары, Rompetrol Rafinare S.A. бас директоры қызметтерін атқарды. 2012-2013 жылдары « АМӨЗ» ЖШС бас директоры болды. 2020 жылдың шілдесінен осы уақытқа дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай және мұнай-xимия өңдеу департаментінің директоры болып жұмыс істеді. Айта кетейік, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұйытылған газ жеткізуші кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынға алған болатын. Сол секілді аталған облыстың табиғи ресурстар басқармасына жаңа басшы келді. Атырау облысы әкімінің өкімімен Нұрлан Жантоқов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалды. Нұрлан Қойланұлы 1963 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын экономист мамандығымен бітірген. Еңбек жолын 1981 жылы Мақат ауданындағы баспаханада бастаған. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1989-1992 жылдары «Ембімұнайгеофизика» өндірістік филиалында жұмыс істеген. Кейін кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. 1994 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, халықты жұмыспен қамту саласында түрлі лауазымдарды атқарған. 1999-2003 жылдары Мақат ауданы әкімінің орынбасары, 2003-2007 жылдары Мақат ауданның әкімі болған. 2007-2010 жылдары Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған. Ал, 2010-2021 жылдары түрлі кәсіпорындар мен компанияларда басшылық лауазымдарды атқарған. Биылғы сәуірден бері Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінде эколог болып қызмет еткен. «Құрмет» орденімен, II дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Күні кеше ғана Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен және ҚР Президентінің әкімшілігі мен Шиелі аудандық мәслихатының келісімімен аталған қызметке Нариман Мақұлбеков келді. Нариман Әскербекұлы 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Қызылорда қаласындағы автобазада слесарь ретінде бастаған. 1987-1994 жылдары Қарулы күш қатарында әскери борышын өтеп, жоғары оқу орнында студент болған. 1994-2017 жылдары құқық қорғау органдарында, соның ішінде Қызылорда қалалық прокуратурасының тергеуші стажерінен облыс прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның департамент бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. 2018-2020 жеке секторда «Jfc colos» ЖШС директорының кеңесшісі лауазымын атқарған. 2020 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. Одан бөлек, осы облыстың Қармақшы ауданының әкімі тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Қармақшы аудандық мәслихатының келісімімен аталған қызметке Қайрат Нұртай келді. Қайрат Нұртай 1982 жылы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде дүниеге келген. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-механик, Дінмұхамед Қонаев атындағы университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жетекші маманы болып бастап, 2005-2006 жылдары Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде жауапты қызмет атқарған. 2006-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің аға, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі болды. 2014-2015 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2015-2019 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.