Алматыда жалған вакцина паспортын берген бірнеше емхана мен туристік компания белгілі болды

Алматы полициясы жалған вакцинация төлқұжатын қандай медициналық мекемелер жасағанын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл туралы тәртіп сақшылары “ZOOM” бейнеплатформасы арқылы өткен медициналық мекемелердің арнайы жиналысы кезінде хабарлады.

– Тұрақты негізде интернет-ресурстарға және бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізілуде, медициналық анықтамаларды қолдан жасау фактілерін анықтау бойынша жедел шаралар қабылдануда. Еске салайық, жақында азаматтарды Сауд Аравия Корольдігіне жіберу үшін 140-тан астам жалған вакцинация төлқұжатын жасаумен айналысқан туристік компания анықталды. Сонымен қатар, тергеу сатысында №21, №4, №16 және №13 қалалық емханалардың жалпы тәжірибелік дәрігерлеріне қатысты қылмыстық істер қаралуда. Олар кірген азаматтарға вакцинацияны салмай-ақ, дозаның бірінші компонентін қабылдау туралы жалған деректерді базаға енгізген немесе вакцинация бөлмесінде бейнебақылау камерасы болса, олар екпені алғандай етіп көрсетіп екпе салынған орынды пластырмен жабыстырған. Бұл қызметтердің барлығы ақшалай сыйақы үшін ұсынылғандығы анық, – деді өз сөзінде Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

gjkbwbz
Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Сонымен қатар, спикер жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде екендігін, ал оны қолданғаны үшін 40 тәулікке қамауға алу түрінде қарастырылғанын еске түсірді.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған азаматтардың әрекеттерінде “қызметтік жалғандық” белгілері бар, яғни, жалған ақпаратты ресми құжаттарға енгізу.

– Құрметті медицина қызметкерлері, өзіңізді қылмыстық іске тартуға жол бермеңіз және отбасыңыз бен достарыңызды осыдан қорғаңыз, – деп қорытындылады Алмасбеков.

Back to top button