Қазақтың ақталмаған музыкант-легионері

Қазақтың ақталмаған музыкант-легионері

Қазақтың ақталмаған музыкант-легионері
ашық дереккөзі
Өткен жылдың қыркүйек Әлімжан Құртаев бастаған бір топ сенаторлар соғыс тұтқындарының ішінде ғасырды бағындырса да, елден жырақта «отан­сыз», «босқын» атанып өмірден озған скрипкашы Әлім Алматты (Ғалымжан Әбсәламов) ақтау жөнінде мәселе көтеріп, «соғыстан оралғандардың саны – 595 153 адам, ал соғыстан оралмағандардың саны – 601 011. Демек, Әлім Алматпен тағдырлас 600 мыңнан астам адамның бар екенін жариялады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, сая­си қуғын-сүргін, соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда қа­зақстандық және еуропалық скрипкашылар мектебінің төрт саты­сынан өткен қазақтың музыкант-легионері Әлім Алматтың өмір жолын зерделеу маңызды. Алайда, оның соғыс қарсаңынан бас­талған Алматы-Беларусь Польша-Германия-Австрия-Франция-Түр­кия бағытында жүріп өткен бұралаң жолдары айтылған тарихтың (oral history) ізімен ғана өріледі. Архив құжаттары жоқтың қасы, жеке ісі де, архиві де жабық.

Совет-герман соғысының алғашқы айларында тұтқынға түскен қазақ­тардың ішінде музыкант-легионерлер көп бол­маған. Бүгінге дейін жарияланған ма­териалдардың көбінде скрипкашы Әлім Алмат пен Әйткеш Толғанбаев, мандолинші Досой Қадыров, қобызшы Шадыбек Тоқ­мам­бетовтың есімдері ғана аталады. 1930-40 жылдары ырғыздық Әлім Алмат пен семейлік Әйткеш Тол­ған­баев орталықтан Қазақстанға жіберілген скрипкашы-педагогтардан білім алған. Екеуі де ресейлік кәсіби скрипкашылар Иосиф Лесман мен Евгений Антопольс­кийдің мектебінен өткен. Мамандардың айтуынша, соғысқа дейінгі Алматы музы­ка­лық училищесі республикамыздағы екін­ші деңгейлі кәсіби оқу орны болған. Осы кезеңде қарқын алған саяси реп­рес­сиялау науқанына қарамастан, Қазақстанда скрипкалық педагогиканың негізі қа­лан­ған. Студент кезінде Әйткеш Толғанбаев өзіне бекітілген Ғалымжан Әбсәла­мов­тан опера, симфония, оратория, балет сияқты жаңа музыкалық жанрлар туралы біліп, музыка әлеміндегі – тембр, гармония, регистр, динамиканы үйренген. Олардың жас айырмасы 7 жас екен, Әлім Алмат 1917 жыл­ғы, Айткеш Толғанбаев 1924 жылғы. Та­лантты қос студенттің оқуы училищенің құ­рылуы мен қалыптасу кезеңіне сәйкес кел­ді. Олар сол жылдары қазақ мәдениеті мен өнерін дамытуға қомақты үлес қосқан Т.Жүргенов, Ғ.Мүсірепов, С.Камалов, А.Жұ­банов, М.Кравец, И.Рык, И.Лесман, Е.Ан­та­польский сынды көрнекті қоғам және мә­дениет қайраткерлерінің ортасына түс­ті, үлкен мектептен өтті. 1937-1938 жылдары қазақ мәдениеті мен өнерін дамыту жолындағы зиялы қауым өкілдерінің көбі советтік саясаттың құрбаны болды. Солармен бірге қазақ ағарту саласы да құрдымға кетті. Сол кезде оқуын бітірер-бітірместен шұғыл әскерге аттанып, кейін «соғыс тұтқыны», «отансыз», «босқын» атанған қазақ скрипкашысы Әлім Алматтың өмір жолы шым-шытырық оқиғаларға толы. Саяси қуғын-сүргін жылдарына тұспа-тұс келген студенттік өмірінде, ол талантымен, алғырлығымен, қабілеттілігімен, еңбекқорлығымен, адам­гершілігімен, төзімділігімен көзге түсті. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, ол өзінің му­зыкалық таланты мен скрипкасын әс­керде де, тұтқынға түскенде де қару етіп, та­лай өлімнен аман қалған. Ғалымжан Әбсәламов 1939 жылы әскер қатарына Алматы әскери ко­мис­сариатынан шақырылып, музыкалық взвод­тың скрипкашысы болған. 84-ші ат­қыш­тар полкінің 6-шы атқыштар диви­зиясына түсіп, соғыс басталған кезде По­ль­ша мен Беларусь шекарасындағы Брест-Литовскіде тұтқындалады. Тарихшы Л.Ахметованың зерттеулеріне сүйенсек, Қа­зақстан бойынша Брест қамалын қор­ғаушылардың жалпы саны – 556 адам. Со­лардың бірі көкшетаулық Сыздықов Қа­жымұраттың (Хаджимурат) айтуынша, Ға­лымжанның музыкалық взводы «арал­дағы 333 полктың 6 дивизиясында» болған, сон­дықтан олар жауға қарсыласа алмаған, ақыры барлығы бірден тұтқынға түскен.

1941 жылдың 22 маусымында Ғ.Әб­сәла­мов оркестрдегі досы Черевыш­кин мен ұлты еврей Зыркинмен бірге сар­баздар арасында өткізілетін музыкалық кон­курсқа қатысуға кеткен. Немістердің тұтқиылдан шабуыл казарманың тас-тал­қанын шығарып, оқтың астыңда қалған сар­баздардың қорғанудан басқа амалдары қал­майды. Немістер 30 маусымда казармаға ба­сып кіріп, сарбаздарды іріктеу басталады. Сол кезде тағы 3 музыкант анықталған. Әлім Алматтың айтуынша, тұтқынға түс­кен кезде лагерьде 80 000 адам болса, шілде айында солардың 3 000-ы ғана тірі қалған, көбі аштықтан өлген.

Тұтқындықтың алғашқы күндерінен бастап Ғ.Әбсәламов лагерьдегі қыз­мет көрсету ісінің басшысы, доктор Ер­ма­лиев­тің көмегімен қосалқы жұмыстарға тар­тылады. Дегенмен, ол екі аптадай ес-түс­сіз қатты ауырып, бір өлімнен аман қалады. Көп ұзамай, немістер лагерьдегі түркіс­тан­дық мұсылмандарды жинап, оларды По­ль­шаға, Варшавадан 20 шақырым қашық­тық­тағы Легионовоға жөнелтеді. Бұл жақта түркістандықтарды «сен түрікменсің, сен қазақсың» деп екіге бөліп, өзбек, тәжік, түрік­мендерді бір жерге шоғырландырып, Түркістан легионына қабылдайды. Солар­дың арасынан 75 кісіні оқшаулап, әуе әс­кері­не жібереді, оларды жансыз болуға дайын­дайды, бәріне телеграф арқылы сөй­­лесуді үйретеді. Осылайша, немістер түркістандық тұтқындарды әуе жолы ар­қылы парашютпен Қазақстан аумағына жа­­сырын түрде жіберуді ойластырады. Алайда, белгісіз себептермен Әлім Алмат бұл құрамнан босатылып, музыкант р­е­тінде скрипкада ойнауды жалғастыруға рұқсат алады.

 width=

  Осы ретте айта кетейік, Амантай Кә­к­еннің зерттеулеріне қарағанда, 1942 жылдың бірінші жартысында не­містер Люкенвальд (Германия), Воломино (Польша), Освитице (Германия), Легионово (Польша), Теппеле (Чехословакия), Тавеле (Қырым) сияқты барлаушылар мектептерін құрып алған. Келесі түркістандық музыкант-ле­гио­нер Шадыбек Тоқмамбетовтің қызы Иринаның айтуынша, «алғашқы күндері тұтқындардың арасынан музы­кант­тар іздестірілген, сөйтіп скрипкашы, ги­тарашы, аккордеоншы, баяншы, кер­нейші, кларнетші, мандолинші, сыр­найшылардан жасақталған музыкалық взвод құрылады. Оның құрамында скрип­ка­шылардан қазақ Айткеш Толғанбаев болған, мандолинде Досой Қадыров және қобызда Шадыбек Тоқмамбетов ойнаған. Тағы да бағына қарай дейік, Ғ.Әбсә­ла­мовтың командирі неміс полков­ни­гі (есімі еш жерде айтылмайды) музы­ка­ға жақын, рояльда ойнайтын адам екен, екеуі тез тіл табысады. Бір күні Ғалымжан екеуі­нің де музыкант екенін алға тартып, «менің жанымды түсініп, өтінішімді орын­даңыз. Мені Берлинге оқуға жіберіңіз. Білім алайын. Өмір бойы сіздің қызметіңізді ұмыт­паймын», – дейді. Бұл өтінішке неміс офи­цері бейжай қарамай, 1943 жылы Түр­кістан легионы арқылы Берлин музыкалық мектебіне оқуға жолдама алып береді. Дәл осы жылы Ә.Тоғанбаев пойыз ар­қылы күзетшілердің бақылауы­мен Фрайбургтан шыққан жолда Түркістан Ұлттық комитеті орналасқан Берлинде бір түн аялдайды да, комитеттің аядай бөлме­сінде қонып шығады. Сол уақытта Ғалым­жан «қазақ музыкантын әкеле жатыр» де­генді кездейсоқ құлағы шалып, оны іздеп ке­леді. Сөйтіп, екеуі ойламаған жерден ұшы­расып, өткен-кеткен оқиғаларды еске ала­ды. Ғ.Әбсәламов Берлинде құжатын қай­та рәсімдеп, «отансыз» атанады, жаңа паспорт алады. Германия үкіметі оның оқуына 150 дойче марка тағайын­дайды. Алайда, 1943 жылғы Берлин қала­сы­ның бомбалануына байланысты, ол Вена консерваториясына сұранып, 1944 жыл­ғы оқуын Австрияда жалғастырады. Осы кезде Ә.Толғанбаевпен екінші рет кез­дескен сияқты. Өйткені, мұстафатанушы К.Есмағамбетовтің соңғы зерттеулерінде, 1944 жылдың 10 мамырында Вена қала­сындағы Вена опера және балет теат­рын­да Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның ар­маны» атты Сырым Датұлының азаттық күресіне арналған екі актілі спектаклі қойы­лып, Сы­рым рөлін әнші Мұхамбетқали Бақты­гереевтің ойнағаны, сахнаға Мәжит Жақ­сылықовтың қойғаны, ал спектакльдің му­зыкасын Вена консерваториясында оқып жүрген Ғ.Әбсәламов пен «Түркістан ле­гионы» көрермендер үйірмесінің жетек­шісі Ә.Толғанбаевтың жазғаны туралы мәліметтер кездеседі. Бұған қосымша Әлім Алматтың бір естелігінде, 1943-1944 жыл­дары Түркістан комитетінде жұмыс істе­ген Мағжанның шәкірті Хамза Абдуллинмен Берлинде бірге болғаны да айтылады. Зерттеуші Амантай Кәкеннің мә­лі­мет­тері бойынша ТҰК құрылымында әскер, үгіт-насихат, әскери тұтқындар, ра­­дио тарату, ғылым, денсаулық де­пар­та­мен­ті жұмыс істеген. ТҰК құрамында пре­зиденті Вели Каюм (өзбек), президенттің орынбасары – әскери дивизияның бастығы (өзбек) Баймырза Хайт (өзбек), прези­дент­тің орынбасары – насихат бөлімінің же­тек­шісі Саттар Альманбетов (қырғыз), бас хат­шы Карими (өзбек) және Қарыс Қанат­бай (қазақ) болған. 1944 жылдың маусым айында Венада «Түр­кістан конгресі» шақырылғаны бел­гілі. Тәуелсіз Түркістан мемлекетін бас­қарудың негізі саналған «Түркістан конгре­сінің» мақ­саты – ТҰК мәртебесін көтеру, ле­гио­нер­­лердің әсери рухын асқақтату болған. ТҰК бөлек, конгреске 400 адамға жуық Түр­кістан легионы, ұлттық әскери бөлім­дер, барлаушылар мектептері, әртүрлі курс­тар мен басқа да ұлттық комитеттердің, сон­дай-ақ Германия үкіметі мен барлау қыз­метінің өкілдері қатысқан. Осы конгрес­те Хәкім Тыныбеков те баяндама жа­­сап, ана тілін қорғаған. Бұған қосымша ТҰК жанынан құрылған «Түркістан ан­самб­лінде» музыкант-легионерлер бас қо­сып, өнер көрсеткен екен. 1945 жылы Қызыл әскер Венгрияға кір­ген кезде, Ғ.Әбсәламов Бавария жеріндегі Киссинген қаласына кетуге мәжбүр бола­ды. Бомбаланған бұл қалада да көп тұрақ­тай алмай, әрі қарай Рейн өзенінің оң жа­ға­лауында орналасқан Манхейм қала­сына кетеді. Бұл жерде біраз уақыт амери­калық әскерлерге скрипка тартып жүреді. Содан кейін Германияның Баден-Баден қаласына жетіп, оркестр құрамына кіру үшін емтихан тапсырып, Оңтүстік Батыс Гер­мания радиосының симфониялық ор­кестріне жұмысқа орналасады. Өзінің ай­туынша, осында келген кезден бастап Түр­кияға кетуді ойлайды. Кейінірек бұл ар­маны Франциядағы Мария Шоқайдың бе­делімен іске асады. Ол соғыс аяқталғаннан кейін Мюн­хен­­дегі «Түрк Елі» комитетін бас­қар­­ған бұрынғы түркістандық легионер Қарыс Қанатбай арқылы Мария Шоқайға өтінішхат жолдайды. Ақырында, Мария Шо­қайдың тікелей араласуымен 1948 жы­лы Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына оқуға қабылданады. Бұл туралы Мария Шоқайдың 1958 жылғы «Менің Мұстафам» атты естелігінде бар. Ғалымжан Парижде шамамен екі-үш жылдай Мария Шоқайдың үйінде тұрған. Осы кезден бастап Мария Шоқай оған қатты бауыр басып қалғаны сон­ша­лық­ты, өзара қарым-қатынастары ана мен бала махаббатына ұласады. Оған мұстафа­тану­шы Б.Садықова жариялаған Мария Шо­қайдың Әлім Алматқа жазған 18 хаты айғақ. Бұл хаттар сегіз жыл бойы Ножан, Париж, Перро, Шелль қалаларынан жа­зыл­ған, соның ішінде соңғы бес жылғы 11 ха­ты Шелль қаласындағы Қарттар үйінен жол­данған. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Әлім Алматтың жауап хаттары еш жерде жарияланбады. Бұл хаттар Мария Шоқайдың 1961-1969 жылдардағы күнделікті өмір та­рихынан, Мұстафа Шоқайдың Берлин­дегі ескерткішін орнату жұмыстарынан ақ­парат береді. Сондай-ақ эмиграцияда­ғы түркістандықтармен, «Түрк Елі» ко­митетімен, жақын араласқан Игорь Алек­сеевич Фремке, Наташа, Ольга Скрябина, Бенценгам, Оқтай, Саида, Тахир, Сағадат, Зигфрид, Виктор Иосифович Остен, Бен­цинг сияқты адамдармен байланысы, сол кездегі Франция, Түркиядағы әлеуметтік саяси ахуал туралы мәліметтер бар. Осы хаттардан байқалғандай, Әлім Алмат 1962-1963 жылдары Мұс­тафа Шоқайдың ескерткішін орнату жұ­мыстарына жеке қызығушылығын та­нытып, бірінші болып қаржы аударған. Өйт­кені «Мұстафаның ескерткіші ой­лағандарынан 200 маркаға қымбатқа түс­кен. Жұмыс күші мен мәрмәр тастың баға­сы көтерілген. 700 марканың орнына 900 марка болып кеткен. Сонда Әлім Алмат Мария Шоқайға «Бұл – біздің ұлттық мін­детіміз және Сіз оған өзіңіздің жеке қара­жатыңызды жұмсамауыңыз керек» деп жазады. Оған қатты қуанған Мария Шоқай ескерткіш туралы Әлім Алматтың «Түркелі» комитетіне де жазғанын айтып, «сен қазақ­сың, түркістандық эмигранттық саптағы белгілі тұлғасың, олар сенің сөздеріңе ешқандай куәліксіз сенулері керек» дейді. Әлім Алматтың бұл қадамы, зор жауап­кер­шіліктің жүгін сезінуі дер едік. Ең маңыз­дысы, оның «Менің қымбатты да, сүйікті балаларым – Ғалымжан, Еділ және Төре!» деп басталып, «Ойларым, әрқашан сендермен бірге. Сүйдім. Барлығыңа Құдай жар болсын! Жақсы көретін Анашың» деп аяқталатын хаттары үлкен махаббат пен аналық мейірімге толы. Осы уақытта Әлім Алмат Стамбұл университетінің профессоры Зәки Валиди Тоғанмен шығармашылық бай­ла­ныста болған. Бұл туралы ақпаратты Стамбұлда тұратын қандасымыз Сыдықан Ұлужай жеткізді. Расында, З. Тоғанның Hatirarlar кітабында көрсетілгендей, Zeki Velidi kuyu (316 s. Resim №17) нотамен беріл­ген және оны Вена Ғылым акаде­мия­сының мұрағатындағы таспаның негізінде Әлім Алмат жасаған». Әлім Алматтың бұдан кейінгі му­зы­кант­тық шығармашылық жолы Стамбұл сим­фониялық оркестрімен тығыз бай­ла­нысты. Өкінішке қарай, оның ор­кестрдегі ширек ғасырлық қызметі, музыка әлемін­дегі жетістіктері мен шығармалары, бізге беймәлім, арнайы зерттеуді қажет етеді.

Соғыс тұтқындарының ішінде ск­рип­кашы Ә.Толғанбаев 1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың атына 3 беттік ресми хат жа­зып, әділдікке қол жеткізген алғашқы му­зыкант-легионер болды (ҚР ОМА. 2235-қ., 1-т., 14-іс, 1-3 пп.). Дәл осы жылы шақырыл­ған Дүниежүзі қазақтарының I құрыл­тайында Ә.Алмат пен Ә.Толғанбаев Алма­тыда үшінші рет кездеседі. Бұл бірі ақ­талып, екіншісі ақталмаған музыкант-ле­гионерлердің соңғы кездесуі болатын. Осы жолы Әлім Алмат, елге оралып саяси қу­ғын-сүргіннің ауыр азабын тартқан Әйт­кеш Толғанбаевтың ерлігіне бас иіп, оны Қазақстандағы тұңғыш скрипкашы ре­тінде мойындайды. Бірақ тарихи фактілер, қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы Әлім Алматтың өзі болғанын айғақтайды.

Сөз соңында айтарымыз, Қызыл әскер мен Түркістан легионындағы му­зыкалық взводтар және оның құра­мындағы скрипкашылар Әлім Алмат пен Әйткеш Толғанбаев, мандолинші Досой Қадыров, қобызшы Шадыбек Тоқмамбетов сияқты санаулы музыкант-легионерлерді анықтап, олардың тұтқындық өмірі мен кейінгі тағдырларына қатысты ресми құ­жаттарды құпиясыздандыру арқылы бү­гінгі ұрпаққа жеткізу – тарихшылардың мис­сиясы.

Күлпаш ІЛИЯСОВА Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының доценті