Қазақ спортының жетістігі –ұлттық мақтанышымыз

Қазақ спортының жетістігі –ұлттық мақтанышымыз

Қазақ спортының жетістігі –ұлттық мақтанышымыз
ашық дереккөзі
Халықаралық дәрежеде кез келген елдің екі жағдайда туы көтеріліп, Әнұраны шырқалады. Оның бірі Мемлекет басшысы өзге елге ресми сапармен барғанда, екіншісі спорттық жарыстарда спортшысы жеңіске жеткенде. Демек, жоғарыдағыдай құрмет тәуелсіз ел екеніңді мойындағанда, сосын мықтылығыңды дәлелдегенде ғана көрсетіледі. Демек, осының екеуі де маңызды.  Президенттерге көрсетілетін мемлекеттік дәрежедегі сый-құрметтің жөні белгілі, ал спортшылардың ел мерейін асқақтатуы – күллі әлемнің көз алдында өтіп, тікелей танылатын ерекше құбылыс. Қазақ елі спортшыларының 1988 жыл­ға дейін КСРО құрамасы сапында өнер көрсетіп келгені белгілі. Бұл дәуірде тікелей Қазақстан атынан шықпаса да олимпиада ойындарында жүлдегер, чемпион болған қазақ балалары ұлтымыздың атын әлемге танытты деуге болады. Қазақ елі спортшыларының 1988 жыл­ға дейін КСРО құрамасы сапында өнер көрсетіп келгені белгілі. Бұл дәуір­де тікелей Қазақстан атынан шықпаса да олимпиада ойындарында жүлдегер, чем­пион болған қазақ балалары ұлтымыздың атын әлемге танытты деуге бо­­лады. Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиадашы, 4x100 метрлік эстафеташылар жарысынан XVII олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (Рим, 1960) Ғұсман Қосанов еді. Ал алғашқы олимпиада чемпионы, кеңестік кезеңде КСРО баскетбол құрамасында ойнап, 1972 жылы Мюнхенде өткен ХХ Жазғы олимпиада ойындарында баскетболдан чемпион болған Әлжан Жармұхаммедов еді. Талантты баскетболшы қазақ 1967 жылы Еуропа чемпионы болса, 1976 жы­лы Монреалда өткен ХХІ жазғы олимпиадада қола жүлдеге қол жеткізіп, өзінің әлемнің күшті спортшыларының бірі екенін дәлелдеді. 1980 жылғы Мәскеуде өткен ХХІІ жазғы олим­пиадаға қатысқан қазақтардан Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков грек-рим күресінен алтын медаль алып, ел мерейін асқақтатты. Қазақтың бұл қос балуаны сол тұста әлемнің назарын бұрған спортшылар еді. Мәселен, Шәміл Серіков олимпиада алтынын алғанға дейін КСРО чемпионы (1978), әлем чемпионы (1978, 1979), Еуропа чемпионы (1979) болса, олим­пиададан соң Жақсылық Үшкемпіров 1981 жылы әлем чемпионы, 1982 жылы Әлем кубогінің жеңімпазы болды. Сондай-ақ осы олимпиадада бокстан күміс медаль алған Серік Қонақбаевтың даңқы жер жарды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Еуропа чемпионы (1979, 1981), Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы болған қазақ боксшысының жетістігі өзінен кейінгі дәуірдегі қазақ боксының өрлеуіне үлкен әсер еткені белгілі. 1992 жылдың 25 шілде - 9 тамыз аралығында Испанияның  Барселона қаласында өткен XXV Жазғы  олимпиада ойындарына, негізінен Ресей құрамасы қатысты. Бұл олимпиадаға елімізден Болат Теміров, Болат Жұмаділов, Аркадий Топаев, Николай Кульпин секілді төрт боксшы барса, Ресей құрамасы сапында ойнаған қазақстандық баскетболшы қыз Ирина Герлиц алтын медаль алды. Қазақстанның олимпиада ойындарына жеке ел ретінде қатысуы  1994  жылы акпанның 12-і мен 27-і аралығында Норвегия астанасы Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы олимпиада ойындарынан басталады. Осы олимпиадада Қазақстан спортшылары тәуелсіз елдің командасы ре­тінде әлі оң-солын тани қоймаса да батылдық көрсете алды. Шаңғы спортынан Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алып, отандастарын айрықша қуанышқа бөледі. Соның арқасында жалпы командалық есепте Қазақстан 12-орын алды. Осылайша, Қазақстанның әлемнің бас спорттық жарысындағы жеңісті жолы басталды. 1996 жылдың 20 шілде - 4 тамызы аралығында АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI олимпиадалық ойындарына Қазақстан алғаш өз алдына құрама команда жасақтап қатысқан еді. Соған қарамастан командамыз жақсы нәтиже көрсетті: бес сайыстан Александр Парыгин, грек-рим күресі бойынша Юрий Мельниченко, бокс бойынша Василий Жиров алтын медальды жеңіп алды. Ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый, нысана көздеуден Сергей Беляев күміс, бокстан Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов, еркін күрестен Мәулен Мамыров, нысана көздеуден Владимир Вохмянин қола медальға қол жеткізді. 1998 жылы Наганода өткен ХVІІІ қысқы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар шаңғышы Владимир Смир­нов және конькиші Людмила Прокашева қола медаль алды. Еліміздің алғашқы ірі жеңісі 2000 жылдың 15 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Австралияның Сидней қаласында өткен XXVII жазғы олимпиада ойындарында болды. Бұл олимпиадада қазақ боксшылары әлемді таңғалдырды десе де болады. Бокстан 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Бекзат Саттарханов, 71 кг дейін Ермахан Ибрайымов 91 кг жоғары салмақ дәрежесінде алтын алқа тақса, 51 кг дейін Болат Жұмаділов күміс медальға ие болды. Сондай-ақ, жеңіл атлетикадан Ольга Ши­шигина алтын, еркін күрес­тен  97 келіге дейінгі салмақта Ислам Бай­рамуков, велос­порттан Александр Ви­нокуров күміс алқа тақты. Ал 2004 жылы Грекияда өткен XXVIII Жазғы олимпиада ойындарында боксы Бақтияр Артаев олимпиада алтынына қол жеткізсе, Генадий Лалиев (еркін күрес), Георгий Цурцумиа (грек-рим күресі), Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыл атлетика) күміс, Серік Елеуов (бокс), Мхитар Манукян (грек-рим күресі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) қола жүлденің иесі болды. 2008 жылы тамыздың 8-і мен 24-і аралығында Бейжіңде өткен XXIX Жаз­ғы олимпиада ойындарында Бақыт Сәрсекбаев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика) алтыннан алқа тақса, Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асқат Жіткеев (дзюдо), Алла Важенина (ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес) күміс медаль алды. Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шыналиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо) қола жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан құрамасының айбынын асырды. Қазақстан спортшылары үшін ең сәтті өнер көрсету ‒ 2012 жылдың ойындары 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен ХХХ Жазғы олимпиада ойындары деуге болады. Өйткені бұл жарыста еліміз құрамасы бұрын-соңды ел тарихында болмаған жетістікке жетті. 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-орынға табан тіреді. Мұнда бокстан Серік Сәпиев, ауыр атлетикадан Илья Ильин, Зулфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, жеңіл атлетика Ольга Рыпакова, велоспорттан Александр Винокуров Олимпиада чемпионы болса, бокстан Әділбек Ниязымбетов күміс, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров пен Гузель Манюрова, грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, бокстан Марина Вольнова  мен Иван Дычко қола жүлде иесі атанды. Сөйтіп тұңғыш рет Олимпиада ойындарында жеті рет қазақтың Туы ең биіктен көрініп, жеті рет Әнұранымыз шырқалды. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 2016 жылдың 5-21 тамыз күндері өткен ХХХІ Жазғы олимпиада ойындарында да Қазақстан командасы жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Брасс әдісі бойынша суға жүзуден (200 метр) Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан (77 кг дейін) Ниджат Рагимов, бокстан (69 кг дейін) Данияр Елеусінов олимпиада чемпиондары атанды. Ал дзюдодан Елдос Сметов (60 кг дейін), әйелдер арасында ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл (69 кг дейін), бокстан Василий Левит (91 кг дейін), Әділбек Ниязымбетов (81 кг дейін), әйелдер арасында күрестен Гюзель Манюрова (75 кг дейін) күміс медаль тақса, дзюдодан Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг дейін, әйелдер арасында), ауыр атлетикадан Фархад Харки (62 кг дейін, ерлер арасында), ауыр атлетикадан Карина Горичева (63 кг дейін, әйелдер арасында), жеңіл атлетикадан (үш қарғып секіру, әйелдер арасында) Ольга Рыпакова, ауыр атлетикадан Александр Зайчиков (105 кг дейін, ерлер арасында), күрестен Эльмира Сыздыкова (69 кг дейін, әйелдер арасында), Екатерина Ларионова (63 кг дейін, әйелдер арасында), бокстан Иван Дычко (91 кг аса, ерлер арасында) мен Дариға Шакимова (75 кг, ерлер арасында) қола медальды қоржынға салды. 2020 жылдың 24 шілде және 9 тамыз күндері аралығында Жапонияның Токио қаласында өтуі тиіс XXXII Жазғы олимпиада ойындары сол жылдың басында басталған дүниежүзілік коронавирус пандемиясының кесірінен өтпей қалды. Сондықтан ол биыл, яғни 2021 жылы 23 шілде мен 9 тамыз аралығында өткерілмек. Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері бар. Солардың ішінде спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша еліміз спортшылары алғаш рет олимпиадада бақ сынамақ. Сөйтіп, каратэ бойынша ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин жарысқа тастүйін дайын отыр. Осыған дейін үш олимпиадаға қатысып, күміс (Пекин 2008), алтын (Лондон 2012), қола (Рио-де-Жанейро 2016) медальдардың иесі атанған атақты жеңіл атлет Ольга Рыпа­кова төртінші рет олимпиадада ел намысын қорғамақ. Осыған дейін 2007-2016 жылдар аралығында олимпиада, әлем чемпионаты, универсиада, Азиада т.б. басқа жоғары дәрежелі жарыстарға қатысып 10 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иесі атанған О.Рыпакова тағы да олимпиаданың жеңім­пазы не жүлдегері болып, ел қоржынына түсер медальдар санын еселей түседі деп сенеміз. Сегіз жылдан соң лицензияға қол жеткізген еліміздің Су добы ерлер құрамасы – осы ойын түрінен олимпиадаға командалық құраммен барғалы отырған жалқы команда. Сондай-ақ Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы сегіз салмақ бойынша толық құраммен (9 боксшы) қатысады. Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдаманы жеңіп алды. Жүзуден иелеген 3 жолдаманың екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Балан­дин­де. Ал Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингісінде құрлық бойынша квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарында отандасымыз Руслан Құрбанов та бар. 2004 жылғы Афина Олимпиадасынан кейін алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынауға мүмкіндік алды. Олар тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алып, Азияда бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті және аталған жарыс түрі бойынша олимпиада ойындарына қатысқан алғашқы қазақстандықтар болғалы отыр. Сондай-ақ 20 жылдық үзілістен соң еліміздің үш спорт­шысы садақ атудан жарысқа қатыспақ. Бұдан басқа еліміз құрамасындағы жеңіл атлеттер мен балуандар он бір жолдама еншілеген болса, үстел теннисінен екі, таэквондодан екі, слаломды есуден екі лицензия командамыз қоржынында. Ширек ғасырдан бері еліміздің спортшылары бес рет өткен олимпиадаға қатысып, 64 медальға ие болған. Ал 1994 жылдан бері жазғы, қысқы Азиа ойындарына қатысып келе жатқан Қазақстан бұл құрлықтың бас додасынан осы кезге дейін 155 алтын, 158 күміс, 244 қо­ла медальды иеленіп, қатысушы елдердің арасында 5-орында тұр. Олимпиадада қазақстандық спортшылардың үздік нәтиже көрсетуі негізінен бокс бойынша деуге болады. Әлем чемпионатын былай қойғанда, олимпиадалардан қазақ боксшылар жүлдесіз қайтқан емес. Олардың арасында 3 отандасымыз 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Ва­силий Жиров, 2004 жылғы Афины олимпиадасында Бақтияр Артаев, 2012 жылғы Лондон олимпиадасында Серік Сәпиев олимпиада чемпионы болуымен қатар жарыстың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогін иеленді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1936 жылдар бері 19 рет берілген бұл кубокқа АҚШ 5 рет, Италия мен Куба 2 реттен, қалған елдер (ОАР, Ұлыбритания, КСРО, Кения, Ресей, Украин, Өзбекстан) бір-бірден ғана қол жеткізген. Кейінгі кезде қыздар арасында да мықты боксшылар көбейді. Бокстың бұл түрі алғаш олимпиада бағдарламасына енгенде (2012, Лондон) қазақстандық М.Вольнова қола медальға ие болды. Ал жа­қын­да ғана бок­стан  өткен Азия чемпио­на­тына қатыс­қан қазақстандық 10 қыздың 8-і алтын, 1-еуі күміс, 1-еуі қола медаль алып, өздерінің құр­лықтық бәсекеде теңдессіз екенін дәлелдеді. Қазақстандық бокс жайында әңгіме бол­ғанда кәсіпқой бокс туралы да айтпай кетуге болмайды. Бұл салада бүгінде отандастарымыз бағындырған биіктер, қол жеткізген табыстар көп. Соның арасында кезінде Афина олимпиадасының күміс жүлдегері болған, бүгінде әлемдік кәсіпқой бокстағы құбылыстардың біріне айналған Геннадий Головкиннің орны бөлек. Егер бір кезде қазақ жастарының арасынан суыры­лып шығып, олимпиадада тамаша өнер көрсеткен Серік Қонақбаевтың әуесқой бокстағы қазақ боксшыларына әсері қандай болса, Геннадий Голвкиннің де қазақ кәсіпқой боксына да әсері сондай деуге болады. Осы кезге дейін кәсіпқой бокста 43 кез­десу өткізіп соның 41-інде жеңген (бір тең ойын, бір жеңілісі бар) Головкин кәсіп­қой бокс бойынша бірнеше тұжырымның чемпионы. Бүгінде кәсіпқой бокста жүрген, жай жүрмей жетістікке жетіп жүргендер отандастарымызға Василий Жиров пен Геннадий Головкиннің жетістіктері шабыт бергені анық. Бір кезде кәсіпқой рингте Марат Мәзімбаев, Қанат Ислам, Бейбіт Шүменов секілді боксшыларымыз танылса, кейінгі кезде Садриддин Ахметов, Батыр Жүкембаев, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Жанқош Тұраров, Иван Дычко секілді боксшылар жарқырай көрініп жатыр. Демек, бұл салада да қазақ жастары өз әлеуетін таныта алды деуге болады. Қазақ боксы дегенде айта кететін тағы бір жетістік ‒ 2010 жылы АИБА бас­­шылығы ашқан Бүкіләлемдік Бокс сериясында өнер көрсеткен қазақстандық «Астана арландары» (Astana Arlans) коман­да­сының өнер көрсетіп, жоғары жетістік­тер­ге жетуі. 12 елдің командасы қатысатын бұл жарыс 5 раундтан тұратын және шаршы алаңдағы тартыс кәсіпқойлар секілді бас киімсіз  өтетін. Жартылай кәсіпқой бокс саналатын бокстың бұл түрінде де қазақ елі­нің командасы өте жақсы нәтиже көр­сетті. 2010-2018 жылдарда Бүкіләлемдік Бокс сериясында өнер көрсеткен «Астана ар­ландары» үш рет (2013, 2015, 2017) чем­пион болса, төрт рет жүлдегер болды. 2018 жыл­дың аяғында «Астана арландары» Бү­кіләлемдік Бокс сериясынан шығатынын мәлімдеп, команда таратылды. Кәсіпқой спорттың бокстан да басқа түрі көп, соның бірі – ережесіз жек­пе-жек. Оның Қазақстанға келуіне ере­жесіз жекпе-жектен тоғыз дүркін әлем чем­пионы Сабыржан Махметов секілді азаматтардың еңбегі зор. Алғаш рет шетелге шы­ғып танылған қазақстандықтарды ата­сақ, Ардақ Назаров, Қайрат Ахметов, Қуат Хамитов, Арман Оспанов, Әділ Боранбаев, Ермек Тілеуов т.б. шеберлер бар. Әлемде бұл жек­пе-жектің UFC тұжырымы ең мәртебелі болып саналады. UFC-мен ең алғаш келім­сім­шарт жасасқан алғашқы қазақ – Шавкат Рахманов. Ол аз уақыттың ішінде екі рет шы­ғып, екі рет жеңіске жетті. UFC-дегі тағы бір қазақ Жалғас Жұмағұлов. Ол да екі мәр­те жекпе-жекке шығып, біреуінде жеңіске ие болды. Қазақтар ежелден балуан халық са­на­лады. Оның ең жарқын дәлелі ‒ қа­зақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, өткен ғасырдың басында-ақ клас­си­калық күрестен әлем чемпионы болған Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Еуропа, Азия, Африка, Америка құрылығына барып күре­сіп, заманының аты аңызға айналған балуа­ны болған Қажымұқанның даңқы әлемді шар­лап қана қоймай, күллі қазақ баласын кү­реске қызықтырған ерекше құбылыс. Оның даңқына қанық қазақ спорт­шы­лары­ның арасынан кеңестік кезеңде де мықты балуандар шықты. Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков секілді олимпиада чем­пионы болмаса да кеңестік кезеңде қазақ күресін дамытқан үлкен тұлғалар болды. Соның бірі – еркін күрестен спорт шебері, та­лай олимпиада, әлем чемпиондарының жауырынын жерге тигізген Әбілсейіт Айха­нов болды. Сол сияқты, дүниежүзі чем­пионы, КСРО кубогінің 2 дүркін жеңімпазы, самбо күресінің шебері Қанат Байшолақов, еркін күрес шебері, КСРО чемпионы Аман­жол Бұғыбаев секілді балуандар да қазақтың балуандық өнерін ұмыттырмады. Дегенмен күресті кеңестік кезде бастап, тәуелсіздік кезінде аяқтаған Дәулет Тұрлыхановтың елі­мізде күрес өнерінің туын көтеруінің маңы­зы зор еді. КСРО-ның кезінде сол елдің 7 дүркін чемпионы, Еуропа, әлем чемпионы болды. Екі рет олимпиадаға қатысып, күміс (1988 – Сеул), қола (1992 – Барселона) ме­даль иегері атанды. Еліміз тәуелсіздік алған­нан бергі жерде де кілем үстінде қай­рат көрсетіп, 12-Азия ойындарының жеңімпазы (1994, Хиросима, Жапония),  Азияның екі дүркін чемпионы (1995 – Манила, Филип­пин, 1996 – Ханжоу, Қытай) атанды. Өкі­ніш­­­тісі сол, Дәулет Тұрлыхановтан соң оның жетістіктерін қайталайтын қазақ ба­ласы болмай тұр... Әр елдің ұлттық спорты, сонымен қатар ұлт­тық күрес түрлері бар. Ал біздегі қазақ күресі де ұлтымыздың басты спорт түрлерінің бірі. Аяқтан ұстап, аяқты, қолды қайырып, ауыртатын әдіс-тәсілдерге тыйым салатын қазақша күрес классикалық күрес тәсіліне жақын. Дегенмен онда шалып құлату, жамбасқа алып жығу секілді тәсілдер бар. Міне, осы күрестің жаңаша дамуы тәуелсіздік дәуіріне сәйкес келеді деуге бо­лады. Бүгінде қазақ күресі Қазақстан шең­берінен шығып әлемге таралып жатыр. Сондықтан ұлттық күресті дамыту үшін 2012 жылдан бастап елімізде жыл сайын қазақша күрестен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді. Сол сияқты қазақ күресінен «Еуразия барысы», «Әлем барысы» атты жарыстар да өткізіліп келеді. Бұл жарыстар әлемнің бірнеше елінде тікелей эфирден көрсетіліп, дүниежүзіне таратылады. «Қазақстан барысының» 3 дүр­кін чемпионы болған Бейбіт Ыстыбаев (2012, 2015, 2016), 2 дүркін чемпион болған Айбек Нұғымаров (2013, 2019) және Мұхит Тұрсынов (2014), Еламан Ерғалиев (2017), Ержан Шынкеев (2019), Дәурен Нұралинов (2021) секілді чемпион болып «Қазақстан барысы» атанған палуандар ұлттық күресті дамытып жатыр. Қазақстан қазақ күресін әлемге шығаруға алғаш рет 2004 жылы тал­пыныс жасады. Сол жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы құрылып, 2010 жылы бұл ұйым Бүкіләлемдік күрес ұйымына (UWW) қабылданған. Тұжыра айтқанда, 2004-2021 жылдар аралығында қазақ күресінен бірнеше әлем, Азия чем­пионаты, әлем кубогі, Еуропа чемпионаты т.б. жарыстар өткізілді. 2004 жылы Дүние­жүзілік қазақ күресі федерациясы құрылып, ол 2010 жылы Бүкіләлемдік күрес ұйымына (UWW) қабылданғандықтан жоғарыда айтылған жарыстардың бәрі UWW аясында өткізілді. 2016 жылы қазақ күресі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізі­міне кірген қазақ күресі 2017 жылы қыр­күйекте Түркіменстан астанасы Ашғабатта өтетін жабық алаңдағы Азия ойындары бағдарламасына енді. Алдағы уақытта қазақ күресін олимпиада ойындары бағдарла­ма­сына енгізудің жолдары қарастырылып жатыр. Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан спортына көптеген жетістік әкелді. Оның бәрін бір мақалада түгендеудің өзі қиын. Сондықтан біз ең негізгі, жетістіктер көбірек болған салалар туралы әңгімеледік. Алдағы уақытта күрес пен бокс, ауыр және жеңіл атлетикадан өзге спорт түрлерінен де жетістіктер мол болады деп ойлаймыз. Оған еліміздің жылдан-жылға артып келе жатқан спорттық әлеуеті көзімізді жеткізсе керек.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ