90 жылға жуық тарихы бар оқу орны жабылды

Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар аграрлы-техникалық колледжі жұмысын тоқтатты.

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмысшы мамандықтарды даярлап келген білім ордасының жабылуына студенттердің жетіспеушілігі себеп болған. Соңғы 10 жылда студенттер саны 380 адамнан 65-ке дейін қысқарған. Былтыр тығырықтан шығу үшін 50 адамға мемлекеттік тапсырыс та берілген. Алайда қажетті адамды қабылдай алмаған, өйткені жастар арасында оқу орнына сұраныс жоқ.

«2019 жылдан бастап ауыл колледждері адам басына қаржыландырыла бастады. Алайда Қызылжар аграрлы-техникалық колледжі контингенттің аз болуына байланысты нормативтен бөлек қаржыландырылып, бюджетке салмақ салды. Бұл колледжде бір студентті оқыту 2 млн теңгеге дейін жетті, ал адам басына қаржыландыру әдісі бойынша 550 мың теңге шығуы тиіс. 2021 жылдың түлектерін есептемегенде мұнда 28 студент ғана қалды. Ал оқу ғимараты 600 орынға шақталған», – дейді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Маманның айтуынша, 1935 жылы ашылған оқу орнын сақтап қалу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікке беру жөнінде шешім қабылданған. Алайда кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық болмапты.

«15 шілде күнгі жағдай бойынша Қызылжар аграрлы-техникалық колледжіндегі қызметкерлер саны 53 адам болды. Оның 9-ы оқытушы, 5-уі шебер, әкімшіліктің 4 мүшесі және қалғандары жұмысшылар. Қазір оларды жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. 22 адамға бос жұмыс орындары ұсынылды. Ал 2 курстың 28 студенті Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық және құрылыс-экономикалық колледждерге ауыстырылды», – дейді Әсел Оразбаева.

Back to top button