16 шілде: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар

16 шілде: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар

16 шілде: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар
ашық дереккөзі
1996 жылы 16 шілдеде Қазақстан Республикасы Халықаралық валюта қорының VIII бабы қосылды. Ол бойынша қордың келісімінсіз халықаралық операциялар бойынша төлемдер мен аударымдарға шектеу қоюға тыйым салынды. 1999 жылы Боливияның астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор Астана қаласына «Қалалар бейбітшілік үшін» халықаралық конкурсы жеңімпазының медалі мен сертификатын табыс етті. Осы күннен бастап Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. 2001 жылы Еуразия ұлттық университетінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды. 2005 жылы Ақтөбедегі Абай атындағы гүлзарда «Темірқазық» символдық белгісінің ашылу рәсімі болып өтті. Темірқазық жұлдызы ерте кезде жолаушыларға, қазақ даласымен жүрген керуендерге жол көрсететін белгі болған. Жаңа «Темірқазықта» жаһанның төрт бұрышы, Ақтөбенің географиялық мәліметтері, қаланың әлемнің ірі қалаларымен ара қашықтығы көрсетілген. 2010 жылы Алматыдағы сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы аясында ЕҚЫҰ төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Қазақстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнермен кездесті. Кездесуде Назарбаев-Саркози Қазақстан-Франция комиссиясын құру туралы хаттамаға қол қойылды. 2011 жылы Астана уақыты бойынша 05.16-да «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық «KazSat-2» байланыс және хабар тарату серігі сәтті ұшырылды. 2012 жылы Павлодар облысы Арбиген ауылынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Шалдайда діни қайраткер Ғабдұлуахит Хазірет (1853-1926) кесенесі ашылды. 2014 жылы көрнекті жазушы, қазақ тіліндегі тұңғыш романның авторы Жүсіпбек Аймауытовтың (1889-1930) жерленген жері анықталды. Павлодар облысы әкімдігінің сауалына Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық мұрағатынан жауап келді. Онда Ж. Аймауытов Ваганьков зиратында (Мәскеу) жерленгені жайында айтылған. Мәскеуге Аймауытовтың туыстары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері барып, жазушының басына тағзым етіп, Құран оқытып қайтты. 2014 жылы Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында Қазақстандағы алғашқы тау-велосипед спортының кәсіпқой тасжолы ашылды. 2016 жылы Тайландта «Amazing Thailand Film Challenge» IV халықаралық кинофестивалі өтті. Оған қазақстандық кинематографтар да қатысты. Байқаудың шарты бойынша, қатысушылар 4 күн ішінде қысқа метражды фильм түсіріп, оны бір күннің ішінде монтаждауға тиіс. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Диас Құлмақов пен Шерхан Таңсықбаевтың түсірген «Хат» фильмі үздік деп танылды. 2017 жылы Германияда жүзуден өткен ашық чемпионатта атыраулық спортшы-паралимпиадашы Ержан Сәлімгереев екі алтын медаль жеңіп алды.