Мақалда мағына, мәтелде маңыз бар!

Қазақ халқының данышпандық қасиетін танытатын ойлы сөздердің бір тобы – мақал-мәтелдер. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» бірер сөзбен бекітіп, қысқа қайыратын қазақтың шешендігі – күллі әлемді аузына қаратарлықтай-ақ ғаламат дүние. Сан тақырыпқа топтасып, ондаған том кітапқа әрең сыятын халық даналығының осы ғажап жемісі – философиялық тереңдіктің өзі.

Мақалдар барлық тақырыпты қамтып, барлық құбылысқа орайластырылып айтыла береді. Демек, қазақ мақалы қамтымайтын ұғым да, зат та, ой-пікір де жоқ.

Мәселен, ырыс ұғымы. Ырыс мағынасы қазақта бақыт ұғымымен тең мағынадағы түсінік. Ырыс мағынасына кие, қасиет мәні де сыйып тұрады. Демек, қазақтың осы бір тылсымы мол ұғымды қастерлеп, талай мақал-мәтел тудыруы тегін болмас керек. Ендеше,  «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп сөз бастайтын, жақсылыққа құштар халқымыздың ырыс мағынасын жан жақты ашатын мақалдарын оқып көрейік.

* * *

Жаңбыр жауса жер ырысы,

Батыр туса ел ырысы.

* * *

Ырыс қашса да, туыс қашпайды.

* * *

Бақ – ауыс, ырыс – жұғыс.

* * *

Жақсы адам елдің ырысы,

Жақсы сөз жанның тынысы.

* * *

Жақсы әйел – ырыс,

Жаман әйел – ұрыс.

* * *

Ерте тұрған жігіттің ырысы артық,

Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық.

* * *

Жер – ырыстың кіндігі,

Білім – ырыстың тізгіні.

* * *

Су – ырыстың көзі,

Еңбек – кірістің көзі.

* * *

Бақыт бесігі – ел, ырыс есігі – жер.

* * *

Жұмысы жоқтың ырысы жоқ.

* * *

Іңірден жатқан – ырыссыз қалады.

* * *

Еңбектен қашпаған, ырысын шашпайды.

* * *

Ұл – ырыс, қыз – өріс.

* * *

Ырысты болса ер өсер,

Қонысты болса мал өсер.

* * *

Ырыстың орманы ел, қорғаны ел.

* * *

Дұрыс істе ырыс бар.

* * *

Қонысын тапқан – ырысын табады.

* * *

Малды тепсең ырыс қашады,

Егін ексең ырыс тасады.

* * *

Ырысың барда ірісің,

Ырыссыз күнің құрысын.

* * *

Бағы асқанның – ырысы тасқан.

* * *

Бітірсең егер бір істі,

Құлшынтып тұрған ырыс-ты.

Қазақтың мұхиттай терең даналығынан теріп алған маржан сөздерінің бір парасына көз жүгірте отырып, жақсылық, ізгілік атаулының жақсы ой мен жақсы сөзден бастау алатынын түсіну соншалық қиын еместей көрінеді. Бірақ жай айта салған қара сөзден гөрі ойлы да күйлі, әсерлі де әрлі, қазақ тілінің құдіреті тудырған бейнелі тіркестер – оқығанның бойына шымырлап еніп, ойына салмақ түсіріп, рухани тереңдікке жетелері сөзсіз. Ендеше, ол да ырыс! Ырысымыз таса берсін!

Back to top button