Мемлекет басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлінің жақындарына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті шығыстанушы және дінтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, дипломат Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Дербісәлінің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Әбсаттар Бағысбайұлы еліміз үшін еселі еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен басталған ұстаздық жолы жемісті болды. Арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі ретінде ғылымға терең бойлап, монографиялар мен құнды еңбектер жазды. Сонымен қатар еліміздің сыртқы саясаты саласында қызмет етіп, Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ынтымақтастық байланыстың өркен жаюына атсалысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болған тұсында ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуге, сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің нығая түсуіне қомақты үлесін қосты. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Әбсаттар қажы Бағысбайұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз көрнекті ғалымның есімін әрдайым ардақ тұтады», – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Back to top button