Жаңалықтар

Хеопс пирамидасынан жасырын бөлмелер табылды

ашық дереккөзі

Хеопс пирамидасынан жасырын бөлмелер табылды

Халықаралық ғалымдар тобы Хеопс пирамидасының жер қойнауларында  бұрындары адам баласына беймәлім болған екі жасырын бөлмені тапты. Ежелгі мазардың бұл бөлмелерін инфрақызыл сканерлеу арқылы және мионды томография жасау барысында анықтаған, - деп хабарлайды Naked-Science. Бөлменің біреуі кіретін есіктердің солтүстік жағында болса, екіншісі - солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Бұл жасырын бөлмелердің бір-бірімен байланысы бар болуы мүмкін. Зерттеулердің қорытындысы зертханаға жіберіледі, онда мамандар виртуалды моделдеу арқылы бөлмелердің ауқымын анықтайтын болады. Айта кетейік, бірнеше археологтар жаңа табылған бос орындардың бөлме еместігін айтады. Олардың айтуынша, бұлар фараонның жасырын бөлмесі емес небәрі тас қалаудағы қателіктер.   Scan Pyramids жобасының аясында Египеттен және Франциядан келген ғалымдар Гизадағы Хефрена пирамидасын және Дахшурда екі пирамиданы зерттеп жатыр екен.   Хеопс пирамидасы — дүние жүзіндегі аса ірі пирамидалардың бірі. Бұл пирамиданы перғауын Хеопс (Хуфу) көзі тірісінде өзіне арнап б.з.б. 3 - мыңжылдықтың 1 - жартысында Гиза қаласы маңындағы Ливия шөлінде салғызған. Кезінде ежелгі мысырлықтар осынау алып кесене-пирамиданы “Хуфу көкжиегі” деп атаған . Хеопс пирамидасының табаны төрт бұрышты болып басталады да, жоғары қарай басқыш тәрізді көтеріліп, көп сатылы құрылыс түрінде тұрғызылған. Ұшар басы сүйірленіп бітетін Хеопс пирамидасының архитектуралық құрылысына сәулетші Хемиун басшылық жасаған. Алғашында пирамида биіктігі 146,6 м болған еді. Алайда, қазіргі кезде оның биіктігі 138,8 метр болып тұр. Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбасында пирамиданы 100 мың адам 20 жыл бойы салғандығы айтылады.Пирамидалардың салынуы, құрылысы жөнінде айтылған пікірлер сан алуан. Дегенмен аптапты Египет аспаны астында мыңдаған құл тас қарумен үлкен тастарды бөліп алып, оны құрылыс орнына арқанмен сүйретіп жеткізген, пирамида биіктеген сайын тас блоктарды қолмен жоғары көтерген деген пікірлер басым. Хеопс пирамидасы салынғалы бергі 4 мың жыл бойы осы сұрақтар кімді де болсын мазалауын қояр емес. Ол туралы аңыз да көп. Осыншалық алып пирамиданы адамның салуы мүмкін емес, деп күмәнданғандар да бар. Біреулері жат планеталықтар салған болуы ықтимал десе, енді бірі Жер бетінде болған басқа өркениеттің белгісі дейді.