Жергілікті билік Атырауда мал қырылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды

«Исатай ауданындағы ауылдарда су іздеген малдар арам өліп жатыр» деген ақпаратты аудан әкімі жоққа шығарды, – деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бірқатар БАҚ Исатай ауданындағы бірнеше ауылда канал суы тартылып, жылқы мен ірі қара арам қатып жатқанын жазған болатын. Осыған орай, аталған аудан әкімі Полымбет Хасанов мәселенің мән-жайын түсіндірді.

Оның айтуынша, ауданда канал және котловандағы су деңгейі аз, бірақ жаппай мал өлімі болмаған. Аудан басшысының айтуынша, журналистер Facebook желісіне бір тұрғыннан келіп түскен фотосуреттерді жариялай салған.

«Біз сол жазбаға коммент жазу арқылы әлеуметтік желідегі суреттерді кім жібергенін және мал өлімі нақты қай жерде орын алғанын сұрадық, ешқандай жауап болмады. Келесі күні менің орынбасарым мамандармен бірге дереу Нарын каналының бойын және Манаш котлованын көзбен көріп қайтты. Рас, асып-тасып жатқан су болмағанымен, бірақ мал суаруға жетерлік. Ал, жаппай қырылып жатқан мал дерегі тіркелген жоқ. Тек екі-үш жерден ғана каналдың батпағына батып, болмаса ауырып өлген малдың өлексесін кезіктіруге болады. Су қазандығына көп мал келіп су ішетінін ескерсек, бұл әдеттегі жағдай. Бұл туралы журналистерге толық түсінік бердік. Бірақ, эфирден басқаша ақпарат айтылды», – деп түсіндірді Полымбет Максимұлы.

 

Back to top button