39 жаңа су қоймасы салынады

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

 

«Биыл Қазгидрометпен бірлесіп өзен және су тасқыны ағындарының көлеміне талдау жүргіздік. Сондай-ақ, еліміздің 9 өңірінде жалпы көлемі 3,6 млрд куб км болатын 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Одан бөлек, биыл Түркістан облысындағы Кеңсай-Қосқорған су қоймасының құрылысы аяқталады. Жаңа су қоймаларын салу 70 елді мекен үшін су тасқыны қаупін азайтуға, 394 мың гектар жаңа суармалы жерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деді Мағзұм Мырзағалиев ҮЕҰ өкілдерімен кездесуде.

 

Сонымен қатар, министрдің сөзінше, жаңа су қоймалары трансшекаралық өзен суларына тәуелді болмауға мүмкіндік береді. «Былтырғы жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында ұзындығы 12 шақырым болатын «К-19» магистралды каналын цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Каналды цифрландырудың арқасында су суару шамадан 45% пайызға көп жұмсалатыны анықталды. Осы орайда биыл тағы 16 су каналын цифрландырамыз. Осылайша алдағы 5 жылдың ішінде ұзындығы 3,3 шақырымнан асатын 212 су арнасын цифрландыру жоспарда бар. Осы іс-шараларды іске асыру 2,2 куб км-ге дейін суды үнемдеуге мүмкіндік береді», – дейді ол.

Back to top button