Тәткеев тұрғызған үйдің тұрғындары толарсақтан саз кешіп жүр

Тәткеев тұрғызған үйдің тұрғындары толарсақтан саз кешіп жүр

Тәткеев тұрғызған үйдің тұрғындары толарсақтан саз кешіп жүр
ашық дереккөзі
2020 жылғы 8 қыркүйек айында Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылында 70 пәтерлі тұрғын үй (7 секция) пайдалануға берілген. Жаңа пәтердің кілтін тапсыру салтанатты рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев, аудан басшылары және тұрғындар қатысқан. Бірақ жапан түзде жалғыз өскен терек секілді жалғыз өзі қалқайып тұрған құрылыстың маңында әзірге ештеңе жоқ.  width= – Биыл конкурс жариялауға үлгермейміз. Күз түсіп кетті. Қазіргі уақытта жобасы дайындалып жатыр. Сондықтан абаттандыру жұмыстарын келесі жылға жоспарлап отырмыз», – деп Малғаждар мырза тұрғындарға уәдесін үйіп-төгіп аттанған. Алайда «сол кеткеннен мол кеткен» демекші, уәде сол күйі орындалмай қалды. – Халық қазір бұл тұрғын үйді «Тәткеевтен қалған тастанды үй» деп атай бастады. Тұрғын үй басталғаннан бері басынан бұлт арылмай келеді. Себебі, бастапқыда «Әль-Баракат компаниясы» серіктестігі Қосшы кентінде тұрғын үй салу мақсатында екінші нарықтан 15,5045 гектар жер телімін сатып алған. Компания 2014 жылы үлескерлерден тұрғын үй жобасы мен құрылысы үшін рұқсат құжатынсыз ақша жинап үлескерлерді алдап кеткен, – дейді тұрғындар. Олардың айтуынша, мердігерлердің арамза әрекетінен зардап шеккен Қосшы кентіндегі «Жайлау» тұрғын үй кешенінің үлескерлері аталмыш үйдің құрылысын аяқтау үшін 2015 жылдары «Жайлау city» тұрғын үй құрылыс кооперативін құрған. Тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы – Гүлнар Мермұқанова есімді азамат. Облыс және аудан әкімдігі яғни сол кездегі Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеевтің бастамасымен жеке тұрғын үй құрылысының бас жоспары көп қабатты тұрғын үй салу үшін өзгертіледі. Барлығы 17  блок,  647  пәтер жоспарланған тұрғын үйдің бүгінде 150 отбасына арналған 4 подъезді 2 секциясы ғана біткен. Ал қалған құрылыс қашан басталары әлі белгісіз. Жарты жыл өтсе де құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Қазір 4 подъезді үйде 150-ге жуық отбасы қоныстанып үлгірген. Олардың арасында 22 мектеп оқушысы, 14 студент, 6 мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттар мен көп балалы отбасы тұрады. «Жайлау city» тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрайымы Гүлнар Мермұқанова: «Тұрғын үй кешенінің құрылысы өзгелерден бөлек. Өйткені, оны өзіміз үшін салдық. Қосшыдағы алғашқы тоғыз қабатты тұрғын үй кешенінің инженерлік желілері жаңартылған», – дейді. Алайда тұрғындар жаңадан тұрғызылған тұрғын үйдің терезелері сапасыз салынғанын, жаз бойы жел кеулеп, қыста суық кіретінін айтады. – Ең қиыны 9 қабатты үйде бір жыл өтсе де лифт жоқ. Мүгедек адамдар, қарттар және көп балалы аналар лифтінің жоқтығынан далаға шығып, таза ауамен тынығуға зар болып отырмыз, – дейді олар. Гүлнар Мермұқанованың «Қытайдан лифт келе жатыр. Келесі айда саламыз» деген уәдесіне тұрғындар «тойдық» дейді. «Абаттандыру жұмыстарын біз ендігі жылға жоспарлап отырмыз» деген әкім-қаралар да көрінбейді. Есесіне ауладағы топырақтары қалай болса солай үйілген, кез-келген жерде үшкір темір қазықтар мен шұңқырлары бар, ішіне сырын бүгіп тоғыз қабатты үй тұр. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап сыртқа да шығармайтын болған. Балалар ойнайтын ойын алаңдары түгілі, онда ауланың өзі дұрыс тегістемеген. Тұрғын үй кешеніне қатынайтын жол мүлдем салынбағандықтан және жақын маңда автобус аялдамалары болмағандықтан тұрғындардың көбі жаңбырлы күндері саз-балшықта толарсақтан су кешіп жүреді. Көктем мезгілінде Лесная Полянаға баратын екі аралыққа (700-800 м) қар суы орнап жаяу жүргінші де, көлік те мүлдем жүре алмайды. Лай-батпақ тұрғындардың әрі-бері жүруіне қиындық туғызып отыр. Елорда іргесінде отырып осыншама қиындық көрген тұрғындар уәжін Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбековке де жеткізген. Алайда ол да үнсіз көрінеді. «Тәткеевтен қалған тастанды үйді» қамқорына алуға құлқынсыз ба кім білсін?», – дейді тұрғындар. Олар көктемде бұл мәселені Қосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Жолымбетовке де айтып, хат жазған. Алайда әлі еш жауап жоқ. Тұрғын үй иелерінің ендігі үміті «Nur Otan» партиясы мен облыс әкімі Ермек Боранбайұлында екенін айтады. Көктемде ғана Қосшыны аралап кеткен облыс әкімі бар мәселеден хабардар деп біледі. Бір жыл күткен мәселе биыл шешілмесе, шыдамы таусылған тұрғындар Президенттен көмек сұрап, үндеу жасамақшы. Себебі, біреулері бар қаржысын салып, енді біреулері 25 жылға қарызданып мемлекеттік бағдарламамен алған баспанасында тұрғындар ел қатарлы жайлы өмір сүргісі келеді.

Бақытбек ҚАДЫР

 width=  width=  width=  width=