Құмар ойындарына «қамқор» болған Қаржы мониторингі агенттігінің екі тергеушісі ұсталды

Құмар ойындарына «қамқор» болған Қаржы мониторингі агенттігінің екі тергеушісі ұсталды. Тергеушілер ойын бизнесінің заңсыз қызметіне көз жұма қараған. Ол үшін белгілі бір сомада ақша алып, қалталарына басып отырған. Бұл туралы “Еуразия” арнасы хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігі заң бұзушылықтармен күрес жүргізіп, мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін кез келген әрекеттердің жолын кеседі. Агенттіктің жеке қауіпсіздік департаменті маусым айында қылмыскерлердің заңға қайшы әрекетіне, қызметкерлердің көмек көрсетуін анықтады, дейді Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметінің бас консультанты Абу-Али Әлібек.

Жедел тергеу шараларын жүргізген құзырлы органдағылар заңсыз ойын бизнесіне қамқорлық жасағаны үшін Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменттің жедел уәкілін ұстады. Осыған ұқсас дерек Ақтөбе облысында да анықталды. Мұнда Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі қамқоршылықтан басқа, ақшалай сыйақы алған. Күдіктілер 2 айға қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбай отыр.

Back to top button