«Отандастар қоры» енді ғылыми-зерттеу жұмысымен де айналыспақ

Бұл туралы «Отандастар қоры» баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы «Ғылым туралы» заңының 23 бабына сәйкес «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге құқылы мекеме ретінде аккредитациядан өтіп, тиісті куәлікке қол жеткізді.

«Отандастар Қоры» берілген куәлік аясында министрлік тарапынан күн тәртібіне қойылған түрлі бағыттағы зерттеу жұмыстарымен айналыса алады. Жауапты министрлік Қоғамның ғылыми базасы мен қызметкерлерінің санын және ғылыми дәрежесін тексеруден өткізді. Болашақта тарих, этнография, археология салалары бойынша көшіп келген қандастарға бағытталған мемлекеттік саясат пен түрлі заң жобалар сарапталып ғылыми түрде зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ Қоғамға шетелдегі қандас зиялы қауым өкілдері ақын, жазушы, тарихшы және тағы басқа азаматтардан өздері зерттеп жазған еңбектерін Қазақстанда баспадан шығаруға көмек көрсету жөнінде де өтініштер көптеп түседі», – дейді «Отандастар Қоры» КЕАҚ Президентінің кеңесшісі Қалыбек Қобыландин.

Аталған құжат негізінде «Отандастар Қоры» шетелдегі қазақтар мен елімізге көшіп келген қандастардың мәселелері, диаспора, көші-қон, демография бағыттары бойынша ауқымды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тиісті мемлекеттік органдарға түйткілді мәселелерді жеткізіп, жағдайдың оң шешім табуына, мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеп, қолданысқа енгізетін болады.

 

Back to top button