Заң жобасы: Елімізде резервтегі әскери қызмет пайда болуы мүмкін

Заң жобасы: Елімізде резервтегі әскери қызмет пайда болуы мүмкін

Заң жобасы: Елімізде резервтегі әскери қызмет пайда болуы мүмкін
ашық дереккөзі
Қорғаныс министрлігі резервтегі әскери қызмет туралы заң жобасының тұжырымдамасын көпшіліктің талқысына шығарды. Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасы. Министрліктің баспасөз қызметі бұл өзгеріс халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дайындалғанын хабарлады. «Қорғаныс министрлігі қазіргі заманғы сын-қатерлерге тұрақты негізде талдау жүргізеді. Оларға қарулы жанжалдар, сонымен қатар авариямен, пандемиямен, экологиялық апатпен байланысты төтенше жағдайлар жатады. Мұндай жағдайларда қарулы күштер мен жұмылдыру резерві қолданыстағы заңнамаға сәйкес тартылуы мүмкін. Бұл ретте халықаралық тәжірибе жұмылдыру резервін өрістету мен тартудың қысқа мерзімде талап етілуі мүмкін екенін көрсетеді», - деп түсіндірді министрлік өкілдері. Осыны ескерген Қорғаныс министрлігі резервтегі әскери қызметті енгізу жоспарлап отыр. Резервтегі қызмет азаматтардың негізгі жұмысын қоса атқаруымен, жалақысын сақтай отырып, әскердегі қызметі үшін қосымша төлем беріле отырып, келісімшарт негізінде атқарылады. «Тиісті қажетті мамандықтары бар азаматтар әскери бөліммен резервте қызмет өткеру туралы 3 жылға тиісті келісімшарт жасайды. Резервтегі адамдарды даярлау жылына 60 күннен аспайтын мерзімде жүргізілетін болады. Ол оқыту бағдарламасына сәйкес ұзақтығы 1 айға дейін ай сайынғы екі күндік сабақтар мен жиындардан (оқу-жаттығулардан) тұрады. Бұл ретте тапшы мамандықтар бойынша даярлыққа ерекше назар аударылатын болады», -делінген министрліктің ресми мәліметінде. Резевтегі әскери қызмет өткерушілерге әскери бөлімдерде сақтауда тұрған қару мен жауынгерлік техника бекітіліп беріледі. Әскери бөлімдер оларды сабақтар мен оқу-жаттығулар кезінде тиісті киім-кешекпен, казармадан тұратын орынмен және тамақпен қамтамасыз етуге тиіс. Ал резервтегі әскери қызметі үшін ай сайын ең төменгі 1 жалақы мөлшерінде, жиындар (оқу-жаттығулар) өткізу кезеңінде резервтегі адамның орташа жалақысы мөлшерінде айлық төленеді. «Сабақтар мен оқу-жаттығуларда болу мерзімі әскери қызметтегі еңбек сіңірген жылдарының жалпы мерзіміне кіреді. Резервтегі қызмет қысқа мерзімде тиісті әскери бөлімге келуге және қойылған міндеттерді орындауға дереу кірісуге әзір, даярланған азаматтардың болуына мүмкіндік береді», - дейді министрлік мамандары.