Қызылордада әкелер форумы өтті
Қызылордада әкелер форумы өтті
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Үлгілі отбасы - мемлекет тірегі» облыстық әкелер форумы өтті,-деп хабарлады ҚазАқпарат облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Форумға облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Руслан Рүстемов қатысып, облыстың үлгілі әкелерін биылғы еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
Облыс аудандары мен Қызылорда қаласынан үлгілі әкелердің басын қосқан шараның мақсаты - ұлттық дәстүрімізге құрмет көрсете отырып, жастардың бойына отаншылдық, патриоттық сезімдерді қалыптастыру, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы түрлі көзқарастар мен тұжырымдарды бір ортаға шоғырландыру, жаңашыл идеяларға қолдау көрсету.
Форум аясында отбасы құндылықтары мен әкенің қоғамдағы рөлін насихаттайтын бейнеролик көрсетілді.
Сонымен қатар, шараға қатысушы әкелер баяндама жасап, отбасы құндылықтары, ұлттық сана, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі турасында ой-пікірлерін ортаға салды.
Қазақ қоғамында қадым заманнан бала тәрбиесіне бей-жай қарамаған. Әкелеріміз баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, мәрттікке тәрбиелеген. «Баланы жастан» деген аталы сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін, әке тәрбиесінің маңызын аңғаруға болады.
Әрбір отбасында ата-ана арасында береке-бірлік болса, сол шаңырақтың түтіні де түзу шығып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, парасаты мен пайымы жарасқан саналы ұрпақ тәрбиеленері сөзсіз.