Жаңалықтар

Елорда жыр мүшайрасы: жеңімпаздар анықталды

ашық дереккөзі

Елорда жыр мүшайрасы: жеңімпаздар анықталды

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған аламан жыр бәйгесі 2021 жылғы 10 шілде күні өз мәресіне жетті. Марапаттау онлайн форматта өткен болатын. Салтанатты жиынға комиссия мүшелері мен ақындар қатысты. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының өкілдері де бақылаушы ретінде қатысып, өз ой-пікірлерін бөлісті. Жиынның жүргізуші-модераторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, комиссия мүшесі, ақын Несіпбек Айтұлы сөз бастап, мүшәйраның ерекшелігіне айырықша тоқталды. – Тәуелсіздік мерекесі – барлық мерекенің ең ұлысы! Осыған орай Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жарияланған биылғы республикалық жыр бәйгесіне тікелей қолдау көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновке алғыс айтамыз. Сондай-ақ Мәдениет басқармасының жаңа басшысы, өнер қайраткері, өнер жанашыры Нұрлан Әлімжанов бауырымызға да ризамыз.  Бұл мүшәйра – Тәуелсіздік шежіресін, бостандық мұратын асқақтататын аламан жыр бәйгесі. Қазақта «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген аталы сөз бар. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ бостандық бұғауынан мойны босаған отыз жылдық мерейлі мерекесін асқақ шабытпен тойлауға тиіс. Бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?! Осы ұлы мерекенің басты символы – Елорданың Арқаға көшуі. Астана күні мен Тәуелсіздік егіз ұғым. Осынау тарихи ұлы мерекеге арналып жарияланған мүшәйра бүгін өз мәресіне жетеді» – деді ақын Несіпбек Айтұлы. Одан ары қарай комиссия мүшелеріне сөз берілді. Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, осы мүшәйраның комиссия төрағасы, ақын Бауыржан Жақып: «Осындай айтулы мерекеге арналған аламан жыр бәйгесіне қаламының желі бар 40 жасқа дейінгі жас ақындар қатысты. Тәуелсіздіктің түлектері саналатын жас ақындарға жол ашқан бұл жыр бәйгесінің басты мұраты да осы еді. Тәуелсіздік тақырыбы – өте ұлы тақырып. Бұндай келелі тақырыпты жырлап шығу жас ақындарға үлкен сын. Соған қарамастан осы ұлы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 50 ден астам жас ақындар өз шығармаларын үлкен үмітпен бәйгеге қосқаны көңілге қуаныш ұялатады» – деді. Комиссия мүшесі, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай: «Мүшәйраның басты мақсаты – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жырлау арқылы ұрпақ зердесіне киелі сәуле түсіру. Азаттықтың туын өз қолымен қадаған, елорданы Сарыарқадай ел ортасына көшіріп, алғашқы кірпішін өз қолымен қалаған Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ерлігін паш ету, ұлтымыздың бостандыққа дейінгі көрген азап-тозабын, бостандықтан кейінгі гүлдену дәуірін жыр тілімен тарихта қалдыру. Әрине мүшәйраға небір жақсы өлеңдер түсті. Сұлу сөз, сылдыр баяндау, бүгінгі Тәуелсіздіктің салтанатын жырлаудың орнына алты ғасыр бұрынғы дүниені қозғап, сөз бұйдалыққа салынған шығармаларға бәйге беруді лайық көрмедік. Бізге керегі – қазақ халқының бүгінгі жеткен жетістігі, жас мемлекетіміздің жаңа тынысы, жарқыраған жаңа келбеті!», – деп түйіндеді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы: «Қазылар алқасы мүшәйраның негізгі мақсаты Тәуелсіздікті жырлау, отызға толған қазақ елінің ерлік тарихын және Елбасының жеткен жетістіктерін жарқырата көрсеткен шығармаларды басты назарға алды. Тақырыпты аша білген ақындарға жүлде тағайындалды» – дейді. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі сәтін жырлау, елордамыздың айбынды келбетін өлең тілімен өру ақындарға үлкен сын болғанын еске салды. Қазылар алқасы мүшәйраға түскен шығармаларды саралай келе мына төмендегі авторларды жүлделі орындарға лайық деп бағалады: Бас жүлде «Тәуелсіздікпен тілдесу» атты өлең топтамалары үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, талантты ақын, Олжас Қасымға; бірінші орын «Елордам – арман ордам» атты өлеңдері үшін, жыр әлеміне таныла қоймаған, жаңа есім, Ақмола облысы Ерейментау ауданынан шығармаларын жолдаған Дәурен Бақытқажыұлына; екінші екі орын «Мәңгілік ел» өлеңдер топтамасы үшін Алматы облысы Жаркент ауданында тұратын ақын Еркін Исаханға және «Тәуелсіздік – боз жусаным» атты өлеңдер топтамасы үшін алматылық Құрманғазы Жұмағұлұлына; үшінші үш орын «Тәуелсіздікке тағзым» өлеңі үшін Павлодар облысы Екібастұз ауданының жас ақыны Ернұр Қайралаповқа, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Мұқият Қойшыбайдың «Еркіндікке құштармын», Нұр-Сұлтан қалалық жас талант, мектеп оқушысы Арыстай Асылтайұлының «Ұлан сөзі» өлеңіне берілді. Кеш соңында ақындар жүлделі өлеңдерін оқуға кезек беріліп, сыйлықтар табысталды.