Балалар ойыншықтарының 40 пайызында зиянды заттар бар
Балалар ойыншықтарының 40 пайызында зиянды заттар бар
Ағымдағы жылғы 9 айдағы балалар ойыншықтарына жүргізілген мониторинг нәтижесі ел нарықтарында сатылатын ойыншықтардың 40 пайызы сапасыз екенін көрсетті.
«Барлығы 1277 сынама алынды, оның 510-ы нормаға сәйкес келмейді. Сауда орындарын тексеру өнімдердің басым бөлігінде сапа және қауіпсіздік сертификаттары жоқтығын көрсетті. Бұдан басқа, тауарды таңбалауда талаптардың бұзылғандығы анықталды. Ойыншықтар санитарлық-химиялық, токсикологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Барлық қауіпті ойыншықтар айналымнан алынды», - делінген ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның деректеріне сүйенсек, сатылатын ойыншықтар мен ойындардың 90 пайызы Қытайдан әкелінеді.
«Ойыншықтар БҚО, СҚО, Қызылорда облысы, Ақтау қаласы және Қазақстанның басқа да ірі қалаларынан тәркіленді», - делінген хабарламада.
Рудныйда Paw Patrol ойыншықтары органолептикалық, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейтіні анықталды, иісі басым, құрамында фенол бар.
Қызылордада «Шахмат» және «Шашки/Шахматы/Нарды» үстел ойындарында формальдегид көп мөлшерде екені анықталды. Жамбыл облысында «KaiZhi Tidland eden құмсалғышында формальдегид табылды. Барлығы Қытайда шығарылған.