Қазақстан Тәжік-Ауған қақтығысына әскер жібере ме? – Қорғаныс министрлігі жауап берді

Қорғаныс вице-министрі Тимур Дәндібаев Қазақстан Тәжікстанға көмекке әскер жібере ме деген сауалға жауап берді.

Вице-министр шешімді Қазақстан Парламенті мен халықаралық ұйымдар қабылдайтынын мәлімдеді.

«Халықаралық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, қолдау үшін қандай да бір контингентті жіберу үшін бізге бірнеше шарт керек. Ол шарттың бірі – екі тараптың бірі Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына көмек сұрап жүгінуі тиіс. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде шешім шығуы қажет. Әрине, ол шешімді біздің елдің Парламенті ратификациялап, халықаралық миссия атқаратын контингенттің жіберілуіне рұқсат беру керек. Осы шарттардың бәрі орындалған жағдайда біз сәйкесінше өзіміздің халықаралық міндеттерімізді орындауға дайынбыз», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол қазір бұл мәселеге қатысты нақты мәлімет айта алмайтынын айтты.

«Ауғанстанда қазіргі әскери-саяси ахуал айтарлықтай күрделі. Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. ҚР Қорғаныс министрлігі Ауғанстан төңірегіндегі ахуал туралы ақпараттарды үнемі өзектілендіріп отыр. Оның ішінде шетелдік әріптестермен, өңірлік ұйымдармен өзара әрекеттерді жіті пысықтап отыр. Сондықтан аталған бағытта әзірге нақты мәлімет айта алмаймыз. Жағдайды қадағалап, тиісті шешім қабылдап жатырмыз», – деді ол.

Back to top button