Жаңалықтар

27 тіл игеруге ниетті америкалық оқушы желіде қазақ тілін үйретіп жүр

ашық дереккөзі

27 тіл игеруге ниетті америкалық оқушы желіде қазақ тілін үйретіп жүр

АҚШ-тың Джорджия штатында тұратын 14 жас­та­ғы Кэмерон екі жылдан бері қазақ тілін үйреніп жүр. 9-сыныпта оқитын ол әлемнің 27 тілін меңгеруді мақ­сат етіп қойып, қазір соларды игеріп жатыр. Өзін  Кэмерон емес, Айбала Құдайбергенқызы деп атағанды жөн көреді. Қазақстанға келгенде ең ал­дымен Қызылордаға барғысы келетін Айбалаға ха­барласып, әңгімелескен едік.

– Ең әуелі мынаны білгім келеді, әлем­­нің 27 тілін үйренуге деген қы­зы­ғу­­­шылық қайдан пайда болды? – Әртүрлі ұлт өкілдерін кездестірген соң, олардың тіліне, сонымен қоса мә­де­ние­тіне әуестене бастадым. Сөйтіп, тіл үй­рену­дің қызығына кіріп кеттім. Оған қоса, ал­дағы уақытта әлемді аралағым келеді. Қай елге барсам да, аудармашының көме­гін­сіз емін-еркін сөйлескім келеді. Сон­дық­тан осы бастан тіл үйренуді, әрі көптеген ел­дің мәдениетін зерттеуді қолға алғанды жөн көрдім. Жалпы, маған көп тіл білген ұнайды. Әкем Джефф сауда-саттықпен ай­налысады, ал анам – Джулия үй шаруа­сын­дағы кісі. 12 жастағы інім Райан – мектеп оқу­шысы. Үшеуі де ағылшын тілінен басқа тіл­де сөйлей алмайды. Ал мен бір ғана тіл­мен шектелгім келмеді.

– Сол 27 тілдің ішінде қай тілді үй­ре­ну қиынға соғып жатыр? – Қазақ тілі мен бирма тілін.

–Ал қай тілді оңай үйрендің? – Испан тілі мен голланд тілін үйрену оңай болды.

– Неліктен алдымен Қызылордаға барғың келеді? – Қазақстанның үлкен қалаларын зерт­теп шықтым. Маған үшеуі де заманауи қала се­кілді көрінді. Жуырда Қазақстаннан кел­ген америкалық досым Алматыны әбден мақ­тады, оған әсіресе Шымбұлақ курорты қат­ты ұнапты. Бірақ алдымен Түркістан мен Қызылорданы аралауды армандаймын. 2019 жылы Қызылорда туралы бір кітап оқы­ған едім. Қателесуім мүмкін, бірақ ма­ған сол өңірдің халқы салт-дәстүрді қатты ұстанатын секілді. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын суреттер де көзге жылы ұшырайды. Бір айта кетерлігі, тұрмысқа шыққан келіншектердің орамал тағатыны ұнады. Сондай-ақ жас қыздар да тамақ әзірлейтін кезде орамал тағады екен. Байқағаныңыздай, мен қазір орамал тағып отырмын. Үйде жүргенде кей кезде осылай тағып жүремін. Сондай-ақ халықтың ұлт­тық киім киетіні де өте ұнайды. Оның үс­тіне Қызылорданың Қазақстанның тұң­ғыш ас­танасы екенін білемін, сондықтан ал­­ды­мен сол қалаға барғым келеді. Соны­мен қа­тар Димаштың жанкүйері болған соң, оны­мен бетпе-бет кездескім келеді. Ди­маш­тан бөлек, қазақстандық тағы бір әнші Ми­рас Жүгінісовтің шығарма­шы­лы­ғын ба­қылаймын. Оның ән қоржы­нындағы «Ән­детемін» және «Сен тура­лы» деген ән­дерін сүйіп тыңдаймын. Қазақстанға бар­ған­да онымен де кез­дессем деймін. Одан бө­лек, Қазақ­стандағы танымал TikTok house – Yolo house-дің жанкүйерімін. Жал­­­­пы­лама айтсам, Қазақстан туралы көп­­те­ген бағдарлама мен концертті жиі көремін.

– «Дұрысы, мені Кэмерон емес, Ай­ба­­ла Құдайбергенқызы деп ай­ты­ңыз» де­­дің. Бұл есімдерді қай­дан, қа­лай таң­­дадың? – Бірде интернеттен қазақ есім­де­рін із­деп отырғанымда, Айбала де­­ген есімді ұна­тып қалдым. Ды­быс­талуы да, мағынасы да ұнады. Жал­­­пы, маған қазақ тіліндегі қыз бала, бала және әдемі деген сөздер ерекше ұнай­ды. Бақытгүл деген есім де қатты ұнай­ды. Білуімше, Бақытгүл – Қазақстанда ең жиі қойылатын есім­дердің бірі. Ал Құдай­берген есімін таң­дауыма екі себеп бар. Бірін­шіден, оны Ди­маш­қа бола таңдадым. Тағы бір себеп: 2019 жылы Қазақстан тура­лы бір кітап оқыған едім. Сол кітаптағы кейіп­кердің тегі Құ­дай­берген болатын. Сол кейіп­кер ұнаған­дықтан, оның тегін таңда­дым.

– Ал айтыскер ақын Айнұр Тұрсын­баева­­ны қайдан танисың?