Мұғалімдер 100% вакцина алса ғана офлайн оқуға көшеміз – Бас санитар дәрігер

«Nur Otan» партиясы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында жаңа оқу жылын ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды.

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова бүгінде білім беру саласындағы басым міндеттердің бірі – офлайн оқуға оралу екенін, бірақ ол барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып орындалуы тиістігін атап өтті.

Мәжіліс барысында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов хабарлағандай, педагогтар мен қызметкерлерді 100% вакциналаумен қамтамасыз еткенде ғана мектептер дәстүрлі оқыту форматына көше алады.

«Мектептердегі сақтық шаралары бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салуды, сыныптарды бөлуді және әртүрлі сыныптар үшін үзіліс уақытын бөлуді, асханада тамақтану барысына бақылауды күшейтуді қамтиды. Жоғары оқу орындарына келсек, 18 жастан асқан студенттер де вакциналануы немесе қашықтан оқытуға ауыстырылуы тиіс», – деді Ерлан Қиясов.

Кеңес мүшесі, «Республикалық физика-математика мектебі» КЕАҚ басқарма төрағасы Ғабит Бекахметов оқушыларды бастауыш, орта және жоғары мектеп блоктарына бөлуді ұсынды. Коронавирус анықталған жағдайда, карантинге бүкіл мектеп емес, нақты блок жабылады.

«Білім беру мекемелерінің басшыларына оқушыларды физикалық түрде бөлуге қатысты нақты ұсыныстар беру қажет. Мәселен, олардың үзіліске шығатын уақыты ғана емес, әр блокта сабақ басталатын және аяқталатын уақыт та әртүрлі болғаны жөн», – деді Ғабит Бекахметов.

Кеңес мүшесі, Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технологиялар колледжінің директоры Төлеуғали Тайтулеев қоғамдық көліктерде бақылауды күшейту қажет деп санайды. Себебі, оқушылар мен педагогтар вирусты нақ осы қоғамдық көліктерде жұқтыру қаупі жоғары.

Өз кезегінде Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 1 қыркүйектен бастап елімізде 7 475 мектепті ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындауға арналған Жол картасы аясында биыл 200 мектеп салу және 1 000 мектепті жаңарту міндеті тұрғанын атап өтті.

«289 мекемеге күрделі жөндеу жүргізу, бірқатар мектептерде жиһаздарды жаңарту, жаңа пәндік сыныптарды ашу, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту жоспарланған», – деді Шолпан Каринова.

Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне оқушылардың ұзақ уақыт онлайн форматта оқуына байланысты орын алған олқылықтарды талдау және олардың орнын толтыру үшін кешенді бағдарлама қабылдауға қатысты бірқатар ұсынымдар әзірленді. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері педагогтардың тапшылығын техникалық мамандарды тарту арқылы шешуді ұсынды.

Back to top button