Әскерилер атысқан: Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы қақтығыс болды

Әскерилер атысқан: Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы қақтығыс болды

Әскерилер атысқан: Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы қақтығыс болды
ашық дереккөзі
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы да қақтығыс болды, – деп хабарлады ҚазАқпарат екі елдің ақпарат көздеріне сілтеме жасап. Қырғызстандық Кабар агенттігінің мәліметіне сенсек, 8 шілде күні 17.00 кезінде мемлекеттік шекарада Қырғызстан мен Тәжікстан шекара қызметінің әскерилері арасында атыс болған. «Қырғыз шекара жасағы Баткен облысы Ләйлек ауданы Наумина асуындағы мемлекеттік шекарада қызметін атқарып жүрген. Тиісті бағытпен келе жатқанда, Чашмагильдан асуында оларға аяқ астынан тәжік шекарашылары шабуыл жасаған. Екі елдің әскерилері арасында атыс болған» делінген ҚР шекара қызметі таратқан хабарламада. Оқиғадан зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Жағдайдың жай-жапсарын анықтау үшін оқиға орнына ҚР мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Баткен облысы бойынша басқарма бастығы, полковник Кыялбек Толонбаев, күш құрылымдарының басшылары аттанған. Екі елдің шекара қызметінің өкілдері аталған факті бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Бүгін сондай-ақ тәжікстандық Ховар агенттігі елдің шекара қызметінің осы жағдайға қатысты таратқан хабарламасын жариялады. Оған сенсек, 8 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 14.55 кезінде 4 қырғыз шекарашысы Соғды облысы Деваштич ауданы Росровут деген жерде тәжік шекарасын заңсыз кесіп өткен. Олар әскери және кәдімгі киім киген. Қолдарында Калашников автоматы болған. Олар Деваштич ауданы тұрғындарына тиесілі 9 жылқыны Қырғызстан аумағына алып кету үшін келген. Олар тәжік шекарашыларының мемлекеттік шекараны кесіп өтпеу туралы ескертпесіне құлақ аспай, автоматтан оқ жаудырған. Бұған тәжік шекарашылары да оқ атып, жауап берген. Одан шекараны заңсыз кесіп өткендердің екеуі жарақат алды. «Қазіргі таңда қос мемлекеттің құзырлы орган өкілдері оқиға орнына келіп, қақтығыстың мән-жайын анықтап жатыр» деп жазады Ховар.