Қандастарға берілетін білім гранты: 4 пайыз квота, 4 мүмкіндік

Қандастарға берілетін білім гранты: 4 пайыз квота, 4 мүмкіндік

Қандастарға берілетін білім гранты: 4 пайыз квота, 4 мүмкіндік
ашық дереккөзі
Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі ЖОО-да білім алуға ниетті қандастардың санын арттыруға байланысты жыл сайын ауқымды жұмыс атқарып келеді. Атап айтқанда, олардың мемлекеттік грантпен білім алуына жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бұрын 2 пайыз болса, кейінгі үш жылдан бері қандастарға арналған мемлекеттік грант 4 пайызға жетті. Ол дегеніміз, ел бойынша бөлінетін жалпы білім гранты 50 мың болса, соның 2 мыңы қандастарға берілетін мүмкіндік. 2011 жылы Білім және ғылым ми­нистрлігінің №554 бұйрығымен уни­вер­ситеттерде этникалық қазақ жастарын жо­ғары оқуға түсіруге даярлайтын арнайы дайын­дық бөлімдері факультет болып құрылды. Оқу мерзімі: қазан айынан мамыр айына дейін. Құжат қабылдау уақыты: 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін. Құ­жатты тапсыру ережесі «Отандастар қоры» КеАҚ ұсынысымен 2019 жылдан бас­тап онлайн форматқа ауыстырылды. 2020 оқу жылына 1 000 орын берілген. Ал 2020-2021 жылғы оқу жылына 1 300 білім гранты бөлінді (дайындық бөлім­дері­не). ҰБТ-ға қандастар арасынан 2 025 та­лап­кер өтініш тапсырып, 909 қандасымыз ЖОО-ға арналған білім грантын жеңіп алды.

Қандастар Болон процесімен де оқуға түсуіне болады

Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық ор­талығының стипендиялық бағдарламасы арқылы оқуға түсуге мүмкіндік бар. Оған да қандас талапкерлер құжаттарын онлайн түр­де тапсырып, бағын сынап көруге бо­лады. 2021 жылға стипендиялық бағ­дар­ла­маға бөлінген грант саны: бакалавриат – 490, магистратура – 50, докторантура – 10. Мамандардың пікірінше, бұл процесс жал­пы шетел азаматтарына арналғанымен, басым бөлігін шетелден келген қаракөздер иеленетінін айтады. Болон процесі деп жоғары білімнің еу­ро­палық бірегей кеңістігін жасау про­це­сін айтады. Ол – соңғы жылдары Еуропа елдерінде қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық үрдістердің айқын көрінісі. 1999 жылы Magna Charta отаны Болоньяда тарихи жағдай орын алды, білімге жауапты 30 еуропалық министрлердің бірінші конференциясы өтті. Онда «Еуропалық жо­ғары білім аймағы» декларациясы қа­былданды. Бұдан кейін Еуропаның білім министрлерінің кездесулері тұрақты түрде өте бастады және әр кездесу сайын Болон процесі қатарына жаңа елдер қосылатын болды. 2001 жылы министрлер Прагада бас қосса, 2003 жылы Берлинде кездесті. Бер­лин конференциясы барысында Болон дек­ларациясына қол қойған елдер саны 40-қа жетті. Төртінші кездесу Норвегияның Бер­ген қаласында 2005 жылдың мамыр айын­да өтті. Ол жерде Болон процесіне енуге Украинамен бірге бұрынғы Кеңес Ода­ғының бес елі құлық танытты. 2010 жы­лы – Будапештте, сегізіншісі 2012 жы­лы Бухарестте болды. Қазақстан Болон дек­ларациясына 2010 жылы қол қойды.

Атаулы гранттар да бар

Мемлекеттік гранттан бөлек, қандас­тар­ға атаулы гранттар да бар. Оның бірі – «Абай гранты». Өткен жылы «Отандастар қоры» және Назарбаев университеті бірлесе отырып, қандастарға арналған «Абай гран­тын» алғаш рет қолға алды. Оған жалпы шетелден 400 талапкер өтініш тапсырған, оның 53-і – ұлты қазақ, яғни шетелдік қан­дастар. Нәтижесінде, алғаш рет ашыл­ған «Абай грантымен» 13 қандасымыз оқу­ға түсті. Бір қызығы «Абай грантын» ие­лен­гендердің ішінде АҚШ және Канада ел­дерінен конкурсқа түскен қандастар да бар екен. Сонымен қатар Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан қандастар «Абай гран­тын» иеленген екен. Грант биыл да қан­дас­тарға беріледі.

ҰБТ-дан өтпегендер не істейді?

ҰБТ-ға қатысып, шектік балл жина­м­а­ған жағдайда талапкер 2 міндетті пәннің балын сақтай отырып, шығармашылық ем­тихан тапсыруға мүмкіндігі бар. Шығар­ма­шылық бағыттар: өнер, сызу, дене­шы­нық­тыру, журналистика. Шығарма­шы­лық­тан жинаған балын міндетті 2 пәннің ба­лына қосып гранттық конкурсқа қатыса алады. Құжат тапсыру мерзімі: 20 маусым-7 шілде аралығы. Емтихан тапсыру уақыты: 7-13 шілде аралығында. Ал ЖОО-ға түсу мүм­кіндігі болмаған жағдайда қандас­тарымыз колледждерге құжат тапсыра ала­ды. Онда да жалпы республикалық грант­тың 4 пайыздық квотасы қандастарға бе­ріледі. Колледждерге түсу үшін құ­жат­тарды қабылдау 20 маусымнан бастап 25 тамызға дейін. Емтихан екі міндетті пән (қа­зақ немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы) және 2 бейінді пәннен тапсырады. Майя РАХИМОВА, Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының бас сарапшысы:

Болон процесі мемлекеттік бірегей бағдарлама

– Қазақстан Білім және ғылым ми­нистр­лігі ЖОО-да білім алуға арналған сти­­пендиялық бағдарламасы бар. Бағдар­ламаға Қазақстан бойынша 35 университет қатысады. Университеттер тізімі Болон про­цесі орталығы сайтында көрсетілген. Үміт­керлер құжаттарды онлайн түрде 2021 жыл­ғы 7 маусымнан 20 шілдеге дейін тап­сыра алады. Толық оқу кезеңіне берілетін стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін өтініш қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде толтырылады. Үміткерлер өтініш нысанын толтырған кезде құжаттардың ска­нерленген нұсқаларын жүктеу керек. Құжаттар тізімі біздің сайтымызда көр­се­тілген. Стипендиялық бағдарламаның басқа бағдарламалардан ерекшелігі –тек шетел аза­маттарына арналған мемлекеттік біре­гей бағдарлама. Стипендиаттар түскен жо­ғары оқу орнында ақысыз оқумен қатар, әр ай сайын стипендия алып отырады. Сти­пендиялық бағдарламаға барлық шетел аза­маты, оның ішінде Қазақстан азаматы емес, ұлты қазақ талапкерлер қатыса ала­ды. Бакалавриатқа түсу үшін «жақсы» деген бағасы бар орта білімді аяқтауды растай­тын құжат болуы керек. Магистратураға 2.33 (4.0-ден) GPA орташа балымен бака­лавр немесе маман дипломы, оның білім беру ұйымдарында алған баламасы болуы керек. Ал докторантураға 2.33 (4.0-ден) GPA орташа балымен магистр дипломы не­месе оның білім беру ұйымдарында ал­ған баламасына ие және шетел тілін бі­ле­тінін растайтын халықаралық сер­ти­фи­каты бар талапкер қатыса алады. Толық оқу кезеңіне берілетін стипендиялық бағ­дарламаларға қатысу үшін өтініш қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде толтыры­ла­ды. Үміткерлер өтініш нысанын толтыр­ған кезде келесі құжаттардың сканерленген нұсқаларын жүктеуі қажет. Мәселен, ба­ка­лавриат /магистратура білім беру бағ­дар­ламалары бойынша: жеке басын куәлан­дыратын құжаттың көшірмесі; алдыңғы білім деңгейі туралы құжаттың көшірмесі (бағалар көрсетілген қосымшамен бірге) (нотариалды куәландырылған қазақ, орыс немесе ағылшын тілдеріндегі аудармасы) қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі уәж­демелік эссе; үміткердің білім алған оқу орнынан немесе жұмыс берушіден қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі ұсыным хат; үміткердің тұрғылықты жерінің ресми денсаулық сақтау органы берген шетелде білім алуға арналған денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама, сондай-ақ адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) және ЖҚТБ болмауы туралы меди­циналық анықтама; қазақстандық ЖОО-дан шақыру хат (бар болған жағдайда) секілді талабы бар. Дәл сол секілді PhD докторантураға тапсыру үшін жоғарыда атап өткендегідей құжат тапсырады. Тек оған қосымша алдыңғы білім деңгейі ту­ралы құжаттың көшірмесі (бағалар көр­се­тілген қосымшамен бірге) болуы керек. Ал шет тілдеріне берілетін балл мына­дай, ағылшын тілін меңгеру бойынша: TOEFL ITP – кемінде 460 балл, TOEFL IBT – ке­мінде 460 балл, TOEFL PBT – кемінде 453 балл, IELTS – кемінде 5.5 балл. Неміс тілін меңгеру бойынша DSH – Niveau В2/В2 деңгейі, TestDaF-Prufung – Niveau В2/В2 дең­гейі. Ал француз тілін меңгеру бойын­ша: TFI – оқу және тыңдалым секциялары бойынша B2 деңгейден төмен емес), DELF – B2 деңгейі, DALF – В2 деңгейі, TCF – ке­мін­де 50 балл. Осы тілдерді білетін талап­кер­ге шетел тілін білетінін растайтын ха­лық­аралық сертификат қажет емес.