Қандастарға берілетін білім гранты: 4 пайыз квота, 4 мүмкіндік
Қандастарға берілетін білім гранты: 4 пайыз квота, 4 мүмкіндік
Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі ЖОО-да білім алуға ниетті қандастардың санын арттыруға байланысты жыл сайын ауқымды жұмыс атқарып келеді. Атап айтқанда, олардың мемлекеттік грантпен білім алуына жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бұрын 2 пайыз болса, кейінгі үш жылдан бері қандастарға арналған мемлекеттік грант 4 пайызға жетті. Ол дегеніміз, ел бойынша бөлінетін жалпы білім гранты 50 мың болса, соның 2 мыңы қандастарға берілетін мүмкіндік.
2011 жылы Білім және ғылым министрлігінің №554 бұйрығымен университеттерде этникалық қазақ жастарын жоғары оқуға түсіруге даярлайтын арнайы дайындық бөлімдері факультет болып құрылды. Оқу мерзімі: қазан айынан мамыр айына дейін. Құжат қабылдау уақыты: 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін. Құжатты тапсыру ережесі «Отандастар қоры» КеАҚ ұсынысымен 2019 жылдан бастап онлайн форматқа ауыстырылды.
2020 оқу жылына 1 000 орын берілген. Ал 2020-2021 жылғы оқу жылына 1 300 білім гранты бөлінді (дайындық бөлімдеріне). ҰБТ-ға қандастар арасынан 2 025 талапкер өтініш тапсырып, 909 қандасымыз ЖОО-ға арналған білім грантын жеңіп алды.
Қандастар Болон процесімен де оқуға түсуіне болады
Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының стипендиялық бағдарламасы арқылы оқуға түсуге мүмкіндік бар. Оған да қандас талапкерлер құжаттарын онлайн түрде тапсырып, бағын сынап көруге болады. 2021 жылға стипендиялық бағдарламаға бөлінген грант саны: бакалавриат – 490, магистратура – 50, докторантура – 10. Мамандардың пікірінше, бұл процесс жалпы шетел азаматтарына арналғанымен, басым бөлігін шетелден келген қаракөздер иеленетінін айтады. Болон процесі деп жоғары білімнің еуропалық бірегей кеңістігін жасау процесін айтады. Ол – соңғы жылдары Еуропа елдерінде қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық үрдістердің айқын көрінісі. 1999 жылы Magna Charta отаны Болоньяда тарихи жағдай орын алды, білімге жауапты 30 еуропалық министрлердің бірінші конференциясы өтті. Онда «Еуропалық жоғары білім аймағы» декларациясы қабылданды. Бұдан кейін Еуропаның білім министрлерінің кездесулері тұрақты түрде өте бастады және әр кездесу сайын Болон процесі қатарына жаңа елдер қосылатын болды. 2001 жылы министрлер Прагада бас қосса, 2003 жылы Берлинде кездесті. Берлин конференциясы барысында Болон декларациясына қол қойған елдер саны 40-қа жетті. Төртінші кездесу Норвегияның Берген қаласында 2005 жылдың мамыр айында өтті. Ол жерде Болон процесіне енуге Украинамен бірге бұрынғы Кеңес Одағының бес елі құлық танытты. 2010 жылы – Будапештте, сегізіншісі 2012 жылы Бухарестте болды. Қазақстан Болон декларациясына 2010 жылы қол қойды.Атаулы гранттар да бар
Мемлекеттік гранттан бөлек, қандастарға атаулы гранттар да бар. Оның бірі – «Абай гранты». Өткен жылы «Отандастар қоры» және Назарбаев университеті бірлесе отырып, қандастарға арналған «Абай грантын» алғаш рет қолға алды. Оған жалпы шетелден 400 талапкер өтініш тапсырған, оның 53-і – ұлты қазақ, яғни шетелдік қандастар. Нәтижесінде, алғаш рет ашылған «Абай грантымен» 13 қандасымыз оқуға түсті. Бір қызығы «Абай грантын» иеленгендердің ішінде АҚШ және Канада елдерінен конкурсқа түскен қандастар да бар екен. Сонымен қатар Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан қандастар «Абай грантын» иеленген екен. Грант биыл да қандастарға беріледі.ҰБТ-дан өтпегендер не істейді?
ҰБТ-ға қатысып, шектік балл жинамаған жағдайда талапкер 2 міндетті пәннің балын сақтай отырып, шығармашылық емтихан тапсыруға мүмкіндігі бар. Шығармашылық бағыттар: өнер, сызу, денешынықтыру, журналистика. Шығармашылықтан жинаған балын міндетті 2 пәннің балына қосып гранттық конкурсқа қатыса алады. Құжат тапсыру мерзімі: 20 маусым-7 шілде аралығы. Емтихан тапсыру уақыты: 7-13 шілде аралығында. Ал ЖОО-ға түсу мүмкіндігі болмаған жағдайда қандастарымыз колледждерге құжат тапсыра алады. Онда да жалпы республикалық гранттың 4 пайыздық квотасы қандастарға беріледі. Колледждерге түсу үшін құжаттарды қабылдау 20 маусымнан бастап 25 тамызға дейін. Емтихан екі міндетті пән (қазақ немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы) және 2 бейінді пәннен тапсырады. Майя РАХИМОВА, Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының бас сарапшысы:Болон процесі мемлекеттік бірегей бағдарлама
– Қазақстан Білім және ғылым министрлігі ЖОО-да білім алуға арналған стипендиялық бағдарламасы бар. Бағдарламаға Қазақстан бойынша 35 университет қатысады. Университеттер тізімі Болон процесі орталығы сайтында көрсетілген. Үміткерлер құжаттарды онлайн түрде 2021 жылғы 7 маусымнан 20 шілдеге дейін тапсыра алады. Толық оқу кезеңіне берілетін стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін өтініш қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде толтырылады. Үміткерлер өтініш нысанын толтырған кезде құжаттардың сканерленген нұсқаларын жүктеу керек. Құжаттар тізімі біздің сайтымызда көрсетілген. Стипендиялық бағдарламаның басқа бағдарламалардан ерекшелігі –тек шетел азаматтарына арналған мемлекеттік бірегей бағдарлама. Стипендиаттар түскен жоғары оқу орнында ақысыз оқумен қатар, әр ай сайын стипендия алып отырады. Стипендиялық бағдарламаға барлық шетел азаматы, оның ішінде Қазақстан азаматы емес, ұлты қазақ талапкерлер қатыса алады. Бакалавриатқа түсу үшін «жақсы» деген бағасы бар орта білімді аяқтауды растайтын құжат болуы керек. Магистратураға 2.33 (4.0-ден) GPA орташа балымен бакалавр немесе маман дипломы, оның білім беру ұйымдарында алған баламасы болуы керек. Ал докторантураға 2.33 (4.0-ден) GPA орташа балымен магистр дипломы немесе оның білім беру ұйымдарында алған баламасына ие және шетел тілін білетінін растайтын халықаралық сертификаты бар талапкер қатыса алады. Толық оқу кезеңіне берілетін стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін өтініш қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде толтырылады. Үміткерлер өтініш нысанын толтырған кезде келесі құжаттардың сканерленген нұсқаларын жүктеуі қажет. Мәселен, бакалавриат /магистратура білім беру бағдарламалары бойынша: жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; алдыңғы білім деңгейі туралы құжаттың көшірмесі (бағалар көрсетілген қосымшамен бірге) (нотариалды куәландырылған қазақ, орыс немесе ағылшын тілдеріндегі аудармасы) қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі уәждемелік эссе; үміткердің білім алған оқу орнынан немесе жұмыс берушіден қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі ұсыным хат; үміткердің тұрғылықты жерінің ресми денсаулық сақтау органы берген шетелде білім алуға арналған денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама, сондай-ақ адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) және ЖҚТБ болмауы туралы медициналық анықтама; қазақстандық ЖОО-дан шақыру хат (бар болған жағдайда) секілді талабы бар. Дәл сол секілді PhD докторантураға тапсыру үшін жоғарыда атап өткендегідей құжат тапсырады. Тек оған қосымша алдыңғы білім деңгейі туралы құжаттың көшірмесі (бағалар көрсетілген қосымшамен бірге) болуы керек. Ал шет тілдеріне берілетін балл мынадай, ағылшын тілін меңгеру бойынша: TOEFL ITP – кемінде 460 балл, TOEFL IBT – кемінде 460 балл, TOEFL PBT – кемінде 453 балл, IELTS – кемінде 5.5 балл. Неміс тілін меңгеру бойынша DSH – Niveau В2/В2 деңгейі, TestDaF-Prufung – Niveau В2/В2 деңгейі. Ал француз тілін меңгеру бойынша: TFI – оқу және тыңдалым секциялары бойынша B2 деңгейден төмен емес), DELF – B2 деңгейі, DALF – В2 деңгейі, TCF – кемінде 50 балл. Осы тілдерді білетін талапкерге шетел тілін білетінін растайтын халықаралық сертификат қажет емес.