Коронадағдарыс: тәнімізді талдырып, жанымызды тоңдырды

Тарихта алғаш рет коронавирус пандемиясы жаһандық масштабта адамдардың оқшауланып өмір сүруіне себепші болды. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзіне үлкен сынақ болды. Елде онлайн режим енгі­зіліп, адамдар қашықтан жұмыс істеуге көшті. Мұны ғалымдар отбасының төзімділігі мен сыйластығы сыналатын кезең деп тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға шақырып, дабыл қақты. Десек те, үй жағдайында отбасылық реніш өршіп, біраз шаңырақ шайқалды. Төрт қабырғаға қамалып, құрбы-құрдастарымен араласу аясы шектелген балалар үшін отбасындағы жанжал жығылғанға жұдырық болды. Елде карантин басталғалы балалар арасында суицид оқиғасының күрт өсіп, өз-өзіне қол жұмсау әрекеті қоғам дертіне айналды. Осы орайда арнайы сала мамандарына хабарласып, мәселенің мән-жайын талқылаған едік.

Пандемия кезінде суицид оқи­ға­сының көп болғанын ресми орган өкілдері жоққа шығармайды. Карантиннің кесірінен жасөспірімдердің күйзеліске түсіп, қысымға ұшырауы күн санап кө­бей­генін Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғым­баев онлайн режимдегі есеп беруінде кеңі­нен талқылады. Суицид оқиғаларының жар­тысы төтенше жағдай кезеңінде тір­келіпті. Сондықтан министр суицид се­бе­бін отбасы мәселесімен бай­ла­ныс­ты­ра­ды.

– Жыл басынан бері 248 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Олар­дың 164-і аман қалса, 84 бала көз жұмды. Суи­цидтің себебі көп. Жалғыздықтан – 12 пайыз, достарымен қарым-қатынас үзудің салдарынан жасөспірімдердің 10 пайызы өмірін қиған. ЖОО-дағы келеңсіздіктер мен материалдық жағдайдың жоқтығы да кәмелет жасқа толмағандарды өлімге итер­мелейді. Бірақ ондай суицидтің саны көп емес, небәрі 3 пайыз. Дегенмен бұл көр­сет­кіш те назардан тыс қалмауы керек. Әр ба­ла­ның өмірі қымбат, – деп түсіндірді ми­нистр.

Қазақстандағы суицид статистикасы нақ­ты көрсеткіш емес. Себебі біздің қо­ғамда өз өмірін қиғандарды немесе со­ған әрекет еткен адамдарды айыптап, сыр­тынан ғайбаттайды. Оған ағайын ара­сында әңгімеге қаламыз деген қуыстануды қо­сыңыз. Кейбір марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады. Демек, кей деректердің арнайы статистикаға енбей қалуы да сенімді азайтқан. 2020 жылғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстан Еуропадағы балалар суицидінен алғашқы 7 елдің қатарына кіре­ді. Былтыр балалар суицид көрсеткіші ең жоғары деп саналатын өңірлердің тізімі жарияланды. Алматы қаласы мен Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы мен Түркістан облысы алдыңғы қатарда тұр. Психологтердің зерттеуінше, еліміздегі балалар арасындағы суицидтің негізгі факторына мыналар жатады: отбасында баланы ұрып-соғу, баланың жарақаттануы, психобелсенді заттарды тұтыну, жеке қарым-қатынастағы проблема. Әсіресе, құрбы-құрдас, сыныптастарымен қарым-қатына­сының бұзылуымен қатар, мұ­қатып-кемсіту, мазақтау әрекеті суицидке себеп болған.

«КЕТІККЕРІМ» ДЕГЕН КІМ НЕМЕСЕ КЕМСІТУДІҢ КЕСІРІ

Дүниежүзі бойынша, балалардың бір-біріне психологиялық қысым көр­сетуі өзекті мәселеге айналды. Бұл жағ­дай біздің елімізді де айналып өтпеді. Ба­лалар мен жасөспірімдер арасындағы кем­сіту мен күлкі ету әрекеті буллинг деп аталды. Ағылшын тілінен аударғанда, «қор­лау» деген мағынаны береді. БҰҰ-ның елі­мізде жүргізген зерттеуі нәтижесінде ба­лалардың басым бөлігі сәби күнінен кем­сітуге тап болатыны анықталған. Мемлекет бас­шысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты былтырғы Жол­дауын­да «Азаматтарды, əсіресе балаларды ки­бербуллингтен қорғау жөніндегі заң­намалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек» деген тапсырма берді. Көп ұзамай буллинг пен кибербуллингтің зиянын түсіндіру мақ­са­тында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді біл­­мей­міз» атты вебинар өтті. Жобаның мақ­саты – қоғамның біржақты көзқарасын жою. Ата-аналар мен ұстаздардың басым бөлігі буллингті әзіл мен қалжыңға балап жатады. Оның соңы қылмыс пен суицидке апар­ған­да ғана кеш түсінеді. UyatEmes.kz жасөс­пі­рімдерге арналған платформадағы де­рекке сүйенсек, буллингтің сегіз түрі анық­талған. Пандемия жағдайында отба­сындағы балалар арасында адамның сырт келбетіне қатысты буллинг пен сексистік буллинг түрі жиі кездескен. Өйткені бір үйдің балалары үйқамақта болып, күй­зе­ліске түскенде бауырлар арасында агрессив жан­жал көп болған. Ал «Осы ұлым жақсы», «Менің қызым ғана сабақты жақсы оқиды» деген ата-ана тарапынан «бөліп-жару» ұғымы сексистік буллингтің көрсеткішін жоғарылатқан. Егер ата-ана баласы бул­линг құрбаны болғанын байқаса, онымен қатар отырып сөйлесу керек. Балалар көп жағ­дайда ол тақырыпты қозғаудан қа­ша­ды. Сондықтан жағдайдың мән-жайын анықтап, ата-ана мәселеге араласуға мүдделі. Тіпті, құқық қорғау органдарына да жүгініп, жанжалдың алдын алуына бо­ла­ды. Буллингпен қатар тұрған мәселенің бірі – кибербуллинг. 2020 жылғы 1 мау­сым­да балаларды кибербуллинг және өзге зор­лық түрлерінен қорғаудың қазақ­стан­дық бағдарламасы бекітілді. Адамды ин­тернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мес­сенд­жерлерде қорқытып, зорлық көрсету тәсілі кибербуллинг деп аталады. Кибер­бул­лингке кез келген адам тап болуы мүм­кін. Алайда қақпанға түсетіндердің басым бө­лігі – кәмелет жасына толмаған мектеп оқу­шылары. Қазақстанда жасөспірімдерді ин­тернет шабуылынан қорғайтын мем­лекеттік деңгейдегі бағдарлама мен сайт­тар жоқтың қасы. Тек safekaznet.kz қызметі ар­қылы шағымдануға болады. Ондағы ма­мандар парақшаны тексеріп, заңға қай­шы болса, бұғаттай алады. Кибершабуылдан қорғану – әр азаматтың міндеті.

МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ?

Иә, суицид туралы мәселе жыл сайын көтеріледі. Арнайы зерттеулер жүргізіледі. Бірақ бұл мәселемен психологиялық орта­лық­тар мен қоғамдық ұйымдар ғана белсенді түрде айналысады. Мамандар бол­са мәселенің түп-тамыры ата-анада еке­нін айтудан жалықпайды. Қоғамдағы ін­дет­тің болдырмауына тікелей атсалы­са­тын адамдар – ата-ана. Пандемия кезінде Ден­саулық сақтау министрлігінің Респуб­ли­калық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы ЮНИСЕФ-пен бір­лесіп, Citi қайырымдылық қорының де­меушілігімен халыққа дұрыс ақпарат бе­ріп, ата-аналарды қолдау мақсатында он­лайн кеңес беретін сайт ашты. – Бұл жер­ден күйзеліс пен алаңдаушылықты жеңіл­детіп, көңіл күйді жақсартуға арнал­ған кеңес алуға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің 1406 жедел желісіне немесе «150» сенім телефонына қоңырау шалу да қолжетімді. Сенім телефоны мен түрлі кө­мек беру орталықтары Ішкі істер ми­нистр­лігі және білім басқармаларымен тығыз жұ­мыс істейді, – дейді жоба үйлестірушісі.
Көмек көрсету орталығы қыз­мет­кер­лері­нің айтуынша, сенім телефонына жиі ха­барласатындардың дені – мектеп түлек­тері. Әсіресе, ҰБТ кезінде хабарласатын оқушы көп болған. «Оқуға түспей қалсам елге күлкі боламын, ата-анамның ақылы бө­лімге оқытатын ақшасы жоқ, қайтсем жо­ғары балл жинаймын, өмір сүргім кел­мейді» деген жасөспірімдердің жанайқайы се­нім телефонының тұтқасындағы адамға ға­на мәлім. Ата-анасымен бітімге келе ал­май, өз өмірін қиғысы келген жасөспірімдер де кездескен. Балалар арасындағы суи­цид­тің көбеюі – отбасылық қарым-қ­а­ты­нас­тың әлсіз болуы. «Өз-өзіне қол жұмсауға оқ­талған балалар көбіне ата-ана назарына жә­не қамқорына зәру, 75 пайызы олардың ата-аналары ажырасқан немесе бөлек тұрады» деп түсіндіреді мамандар. Одан кейін тәрбие әдістерінің әркелкілігі, атап айтсақ ата-әженің бауырында өсу, әке-шешені мойындамау. Эмоционалдық жылу­дың жетіспеушілігі және ата-ана мен бала арасындағы ашық диалогке ықпал ететін қағидалардың болмауы баланы өмірге келгеніне өкіндіреді. Ата-аналарға психологтердің айтар кеңесінің бір парасы мынадай: Бала бақытының кілті – ата-ана­сынан кемдік көрмеуі. Баланың бас ұстазы – ата-ана. Саналы ұрпақ тәрбиелеу сал­ғырт­тықты кешірмейді. Баланы мақтаңыз және қолпаштаңыз, оның жасауға ты­рыс­қан әрбір ұнамды ісін бағалай­ты­ныңызды көр­сетіңіз. Бұл өте маңызды, себебі бала­ның әрекетін мақұлдау және мақтау оның өз-өзіне сенімділігін арттырады. Қоғам­да­ғы кеселмен күресудің ең қарапайым жолы – ата-ана мен баланың қарым-қатынасын нығайту. Қай жағынан алып қарасақ та, балаларды әлеуметтік қолдау маңызды екенін естен шығармаған жөн.
Сонымен, мұңға айналған мәселені ше­шудің жолы көп. Бірақ түп-тамыры ата-ана­ға келіп тірелетінін тағы бір рет еске сал­ғымыз келеді. 30-дан астам ғылыми ең­бектердің авторы, психолог Алексина Ли жастардың өз-өзіне қол жұмсау мінез-құлқының алдын алу туралы әдістемелік құра­лында жасөспірімдермен тіл табы­са­тын гейткипер маманын көбейту керегін алға тартты. – Ата-аналар баласын психо­лог­ке жетектемей-ақ, суицид алдындағы синдромды тани білетін гейткипердің кө­мегіне жүгінуге болады. Кез келген ын­талы адам гейткипер ісін меңгере алады. Жүрек, жігер және ниет болса жетіп жатыр, – дейді автор.

Мамандар не дейді:

Suleymenova01
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты,
«Nur Otan» партиясы
фрак­ция­сы­ның мүшесі:

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ­ТЫҢ АЙТҚАНЫ 100 ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ ӨЗЕКТІ

– Еліміздегі суицид жағдайының ушы­ғып кетуіне байланысты депутаттық сауал­ды Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» пар­тия­сы фракциясының мүшелері Ерлан Саи­ров және Елнұр Бейсенбаев үшеуміз Пр­е­мьер-Министр Асқар Маминге жол­дадық. Үкіметтегі министрліктерді, атап айтқанда Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігін ведомствоаралық өзара үйлестіруді күшейту және жауап­кер­шілікті арттыру мәселесі бойынша да құлағ­дар еттік. Үш министрлікпен бірігіп, Zoom платформасында онлайн кездесулер өткіздік. Қоғамда балалар суициді бойын­ша оқиға көп. Оның алдын алу қажет. Жаһандану процесінен туындаған ақпарат ле­гінің еселеп өсуіне байланысты, хал­қы­мыздың рухани кодын сақтау, бала тәр­бие­леудің ұлттық форматы деформацияға ұшы­рап барады. Мәселенің бір ұшы ата-ана­ларға да тікелей байланысты. Сүзгіден өт­пеген ақпараттың барлығын бала қа­былдай береді. Министрлермен кездесуде ата-аналарды оқыту керегін айттым. Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тату отбасы» бағдарламасы аясында құрылған «Бақытты отбасы», «Қамқор» секілді ата-аналарды оқытатын жобалар жұмыс істейді. Ол жерде арнайы бағдарлама жа­салып, 7-сыныпқа қабылданған оқу­шы­лардың ата-аналарын түрлі әдіс-тәсілмен оқы­тады. Баламен қалай сөйлесу керек, б­ала­ның қауіптенгенін қалай білуге бо­лады, ол нені жасырып тұр, балаға қойы­латын сұрақтар секілді сан алуан тақырып тал­қыланады. Сол жобаны дамытып, кеңі­нен насихаттау керек. Ата-ана аптасына бір сағат баласына көңіл бөлсе, баласы тура­лы біраз ақпаратты біліп отыратын еді. Көп жағдайда ата-аналар балам мек­тепте оқып жатыр, ешқандай мұғалім та­ра­­­пынан шағым жоқ, қосымшаларға барып жүр, киімі бүтін, тамағы тоқ деп ойлайды. Алайда баланың ішкі жан дүниесінде не болып жатқанынан хабарсыз. Одан кейін мектептегі психологтердің санын арттыру керек. Психологтердің оқу-әдістемелік бағдарламасын методологиялық тұрғыдан қайта қарастыру керек. Жүсіпбек Ай­мауы­товтың педагогика мен психологияға бай­ла­нысты «Тәрбиеге жетекші» мен «Пси­хо­логия» деген еңбегі бар. ХХ ғасырдың ба­сында жазылған еңбекте: «Қазақ халқы психологияға бет бұруы қажет. Әр адам бойындағы өзгеше қасиеттерді жіктеп, жа­нының қалай тебіреніп, қалай жаң­ғыруын бақылауы керек. Психология тыл­сым ғылым болғанымен, біздің халық үшін қажеттілігі жоғары» деп жазылған. Арада 100 жыл өтсе де Аймауытовтың ойы әлі де маңызды.

Sain

Аружан САИН,
бала құқықтары жөніндегі
уәкіл:

10 МЫҢҒА ЖУЫҚ ИНТЕРНЕТ РЕСУРСЫ БҰҒАТТАЛДЫ

– Биыл Білім жә­не ғылым вице-ми­нистрі Бибігүл Асылованың қатысуымен өт­кен онлайн кездесуге қатыстым. Ба­ла­лардың құқықтарын қорғау комитеті тө­рағасының орынбасары Юлия Овечкина суи­­цидтің және балаларға қатысты құ­қық­бұзу­шылықтың алдын алу бойынша жер­гілікті атқарушы органдардың жұ­мысын талдады. Суицидтің алдын алу бойынша қа­былданған шаралар туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан және Ал­ма­ты облыстары білім бөлімдері басшы­лары­ның орынбасарлары ұсынды. Себебі дәл осы аймақтарда суицид санының өсуі бай­­қалған. Ал Нұр-Сұлтан, Шығыс Қазақ­стан облысы және Павлодар облыстарында өз-өзін өлтіру әрекеті көбейген. Құқық­бұзу­­шылық пен суицидті алдын алудың ең жақ­­сы әдісі – балалардың спорт пен білім­ге деген құштарлығын арттыру. 2020 жыл­дың аяғында Мемлекет басшысы мем­ле­кеттік шығармашылық және спорттық тап­сырыс туралы заңға қол қойды. Түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына қаты­сатын балаларды барынша қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды көздейді. Мамыр айында заң күшіне еніп, қазір әкімдіктерден оның мінсіз орын­далуын талап етіп жатырмыз. Эпидемиялық жағдайға байланысты интернеттен баланы ажырату мүмкін емес. Соның салдарынан түрлі қ­ылмысқа итермелейтін желілер кө­бей­ді. Былтыр интернеттен 731 материал жойылды. 2 000-нан астам материалға қол­­­жетімділік шектелді. 7 000-нан астам шетелдік ресурс анықталды. Оның ішінде 3 000 материал зорлық-зомбылық, қаты­гездік пен суицид көрінісі туралы. Ішкі істер министрлігі суицид туралы ақпа­рат­ты күн сайын жинайды. 11 маусымда Түр­кістан облысының Арыс қаласында Вкон­такте әлеуметтік желісі және Telegram мес­­­­сенджері арқылы балаларды тартқан 1999 жылы туған суицидтік ойындардың «кура­торы» қамауға алынды.

Ospanbek05 e1625738667232

Назира ОСПАНБЕК,
Асырап алушы ата-аналар мектебінің тренері, психолог:

БУЛЛИНГ МЕН КИБЕРБУЛ­ЛИНГ­­ТІҢ АРА­СЫ БІР-АҚ ҚАДАМ

– Пандемия ересектермен қатар бала­лар­ға да қатты әсер етті. Оқудың онлайн фор­­матқа көшуі де күтпеген оқыс оқиға бо­­лады. Бір отбасының балалары жұды­рық­тай жұмылса да, үйдегі психологиялық жағ­дайды ауырлатты. Ата-ананың өзара реніші де баланың көңіл күйіне әсер етеді. Сыныптастарымен де байланысы үзіліп, қарым-қатынас аясы шектелді. Сол уақытта БАҚ бетіндегі жағымсыз жаңалықтар мен жақындарынан айырылуы да баланы күй­зеліске түсірді. Бір отбасындағы бес ба­ла­ның болмысы әртүрлі болады. Бірі пысық не­месе жуас болса, кенжесі ерке болуы мүм­кін. Түрлі эмоционалды адамдар бірік­кенде бірнеше психикалық сезім пайда болады. Бір шаңырақ астында өмір сүретін балалардың өзінде буллинг кездеседі. Бірақ оны байқай бермейміз. Ол кезде адам үш рөлді сомдайды: жәбірлеуші, жәбірленуші және куәгер. Бұл мәселе ата-аналар бала­лары­мен ашық сөйлеспеуі және жақын­дарының қамқорлығы жетіспеушілігінен туын­дайды. Сонымен қатар кибер­бул­линг­тен зардап шеккен жасөспірімдер саны да пан­демия кезінде көбейген. Отбасында сүйіспеншілік пен махаббатты, қамқорлық пен мейірімді және түсіністікті көріп өс­кен балалар буллинг пен кибербуллингке си­рек ұшырайды. Біздің қоғамда от­ба­сы­лардың дені мұндай шабуылдан хабарсыз. Ең сорақысы, балаларының басына іс түс­кенде ата-ана шарасыздық танытады. Өзім қызмет ететін мекемені айтатын болсам, SOS Алматы балалар ауылы – отбасы тип­тес балалар қалашығы. Біздің мекемеде жетім және биологиялық ата-анасынан ажы­рап қалған балалар тәрбиеленеді. 1994 жылы «SOS Қазақстан балалар ауылдары» кор­поративті қоғамдық қоры Сара Назарбаева­­­ның бастамасымен құрылды. Пан­демия кезіндегі келеңсіз оқиғаның ал­дын алу үшін мекемеде түрлі іс-шара ұйым­дастырылды. Соның бірі – отбасы жә­не балаларды қолдау орталығы. Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеуші болды. 15-ке жуық маман қыз­­мет етіп, 250-ден астам отбасыға әлеу­мет­тік көмек бердік. Қазір 60-тан астам от­басы мен 180-ге жуық бала жәрдем түрін ала­ды. Пандемия кезінде орталығымыз кө­мекке зәру ата-аналар үшін жарық сәуле бол­­ды. Нәтижесінде, ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, қарым-қатынасын ны­ғайт­ты.

Abdrahmanova01 e1625738806151

Сымбат ӘБДІРАХМАНОВА, әлеуметтанушы:

СУИЦИД – ҚОҒАМ ӘЛЕУЕТІНІҢ КЕЛБЕТІ

– Өз-өзіне қол жұмсауға итерме­лей­тін фак­тордың бірі – тұқымқуалау­шы­лық. Ар­ғы тегінде суицид әрекетке барған адам болса, ол келесі ұрпаққа берілуі мүм­кін. Со­­­нымен бірге психикалық ауытқу дерті де тұқым қуалайтынын ескеру керек. Бар­лық адамда болатын бала кездегі жан жа­рақаты – негізгі фактор. Бала кездегі жа­рақат­тың ересек өмірге тигізетін кері әсері көп. Өзімнің тәжірибемнен айтайын: Бір оқушы қызды білемін. Отбасынан бө­лек, басқа қалада оқиды. Бірде анасы: «Бар ақшамды саған беріп жатырмын. Аяғыма етік те алған жоқпын» деп ашуланыпты. Содан қызы ренжіп, ата-анама масыл бол­дым, одан да өлгенім жақсы» деп жылап келді. Көрдіңіз бе, айтылған сөз баланың са­­насынан өшпейді. Келесі фактор – бұ­рын-соңды оқталу. Дәрі ішіп немесе денесін жа­рақаттаса, күндердің бірінде тура сол әре­кет қайталануы мүмкін. Кез келген әре­кет алғаш жасалғанда қиынға соғады. Суи­цид те дәл сондай қиын шаруа. Сыртқы ор­таның әсері жиналып, жоспар құр­ғы­зады. Бір күні жиналып қалған реніш соң­ғы қадамға итермелейді. Статистика бойынша ауылда суицид оқиғасы көп тір­келген. Алдымен, ауыл адамдары пси­холог маманмен жақсы қарым-қатынаста емес. Одан кейін ауыл балаларының алда­на­тын дүниесі аз. Қаладағыдай қосымша үйір­ме немесе спорт секциялары жоқ. Ата-анасымен де ашылып сөйлеспейді. Соның салдары өрімдей жастың өмірден өтуімен аяқталады. Шыны керек, өмір – қымбат. Жарық дүние мен таза ауаны, әлемді ешкім тастап кеткісі келмейді. Суи­цид жасағысы келіп жүрген адамнан мына екі белгіні байқауға болады: бірі – сөз ар­қылы, екіншісі – іс-қимыл арқылы. «Өмір сүргім келмейді, мен кетсем сағынасыңдар ма?» деп айтуы мүмкін. Сабаққа бармай қалу, көп ұйықтау немесе ұйқысыздық, шек­тен тыс тамаққа тәбеттің болуы секілді фи­зикалық қимыл-қозғалыс арқылы сездіреді.

Дайындаған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Back to top button