Жаңалықтар

Бішкектегі Ұлттық домбыра күні

ашық дереккөзі

Бішкектегі Ұлттық домбыра күні

3 шілде күні Бішкек қаласында Қазақстанның Қырғыз Респуб­лика­сын­дағы елшілігі «Қазағымның үні сенсің, домбыра!» деген атпен «Ұлттық дом­быра күніне» арналған іс-шара ұйымдастырды. Мерекеге Қырғыз Рес­пуб­ли­касындағы қазақ диаспорасының өкілдері және Бішкек қаласындағы өнер ордаларында оқып жүрген студенттер қатысты.

ысты Домбыра күнін кең көлемде, үл­­кен өнер ордаларының бірінде ө­т­кізу­ге мүмкіндік болмады, сондықтан іс-шараға көп адам шақырылған жоқ. Әйтсе де, орталарыңыздағы әнші-дом­быра­шылар өз өнерлерін көрсетуге құл­шы­нып тұрғанын байқап тұрмын», – деді мерекені ашқан Қазақстанның Қырғ­ыз Республикасындағы елшісінің кеңес­шісі Жәнібек Жұмбергенов. Ол со­нымен қатар Ұлттық домбыра күні ме­рекесін белгілеу 2018 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың ше­шімі арқылы басталғанын атап өтті. Домбыра күні Қырғыз еліне танымал өнер қайраткері, халықаралық фестива­ль­дің лауреаты Нұрлан Әбдралиевтің домбырамен шырқаған Шәмші Қал­дая­қовтың «Арыс жағасында» әнімен баста­лып, өнерлі студенттердің ән-күй­лерімен жалғасты. Ара-арасында қазақ­тың атақты домбырашыларының шы­ғар­машылығы туралы баяндалып отыр­ды. Әсіресе, қырғыз қызы, Б.Бейшеналиев атын­дағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет жә­не өнер университетінің студенті Жаз­гүл Бұлалованың домбырамен «Бал­бырауынды» бабына келтіріп орын­да­ғаны көрермендерді сүйсіндірді. Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда-а-ай, Ұзын ағаш майысар жел тұрғанда-а-ай. Өзге ауылдың сұлуын не қыламын-а-ай, Тал шыбықтай бұралып, сен тұрғанда-ай... – деп, «Күміс құмған» әнінің бір варианты, қа­зақтың халық әні «Томпидым, жеңе­ше-ай» әнін орындап берген Нұрлан Абд­ра­лиев өзінің өнер жолынан да сыр шер­тіп берді. Жамбыл облысының Жамбыл ауда­нын­дағы Көлтоған ауылында дүниеге келген Нұрланның әкесі Асылбек сол кішігірім ауылдағы бастауыш мектепте әуелі мұғалім, сосын директор болып 50 жылдай еңбек етіпті. Домбырада шебер ойнайтын кісі болған. Күнде таңертең сабаққа барарында кейде домбырамен күй тартады екен. Нұрлан әкесі үйден шы­ғып кеткен соң, үстелдің үстіне шы­ғып, қабырғадағы ілулі тұрған дом­быра­ны алып, әлгі әуенді дыңылдатып қай­талауға талпынады. Сөйтіп жүріп дом­быра тартуды үйреніп алған. Нұрлан ор­та мектепті бітірген соң Жамбыл тех­нологиялық институтына (қазіргі ТарМУ) оқуға түскен. Жеңіл өнеркәсіп инженері мамандығына ие болған Нұр­ланды институт жолдамамен Қырғыз Ре­с­публикасының Тоқмақ қаласындағы былғары зауыты комбинатына жіберген. Осы кәсіпорында инженер, цех бастығы болып істеген Нұрлан көркемөнер іс-шараларына белсене қатысқан. Бірнеше жыл өткен соң Тоқмақтағы мәдени-ағарту техникумындағы Нұржамал Қожахметова деген апайдан тәлім алып, қырғыздың халық аспабы қомызда ой­науды үйреніп алған. Екі тілде бірдей сөйлеп, екі тілде бірдей жырлап әуелетіп ән салған, домбыра мен қомызды кезе­гі­мен күмбірлеткен Нұрлан Абдра­лиев – бүгінде мерекелі іс-шаралардың қадірлі қонағы, Кыргызстан ел Ассамблеясының, оның тұтымындағы Қырғызстан қазақ­тары қауымдастығының ерекше құрмет­тел­ген белсенді өнерпазы. Іс-шараның соңында Жазгүл Бұлало­ва­ны сөзге тартқанымызда, ол Ыстықкөл облысы Ақсу ауданының Керегеташ ауылындағы Жұмағұл Алышпаев атын­дағы орта мектепті бітіргенін, мек­теп­те 120 оқушыдан құралған қо¬мызшылар ансамблі бар екенін, 30 оқушыдан жа­сақ­талған домбырашылар тобы да бол­ғанын айтып берді. Домбыра тартып, қа­зақ­ша ән салуды музыка мұғалімі Ай­га­­­ныш Мамыралиева апайы үйреткен. Ме­рекелік шарада өнерпаздарға елші­лік­тің атынан естелік сувенир тапсы­рыл­ды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, Túrkistan газетінің Қырғыз Республикасындағы тіл­шісі