30 жылда отандық музыка әлемдік биіктен көрінді

30 жылда отандық музыка әлемдік биіктен көрінді

30 жылда отандық музыка әлемдік биіктен көрінді
ашық дереккөзі

Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында кеңестік жүйенің күйреуі тек саяси салада емес, барлық тарап­та жаңғыруға сеп болды. Соның ішінде музыка са­ла­сында бұрынғы кездегі қатал іріктеу мен сұрыптаудың ор­нын еркін ізденіс алмастырды. Электронды музыка да­мып, түрлі формадағы ырғақты музыка ұлттық ән-күйлерге әсер ете бастады. Музыка әлеміндегі бұл үрдіс сол шақта өзге ұлт­тар секілді қазақ әуен-сазына да белгілі дәрежеде із қал­дырды.

Бұрынғы кезде көбіне классикалық бағыттағы музыка­лардың дамуына баса мән беріліп, ұлттық бағыттағы әуен­дер тоқырап қалғандай болса, енді еркін шығармашы­лыққа жол ашылды. Әуелгі кезекте әуесқой композиторлардың (бұрын музыкалық сауаты жоқ не Композиторлар одағына мүше емес сазгерлерді солай атайтын) әндері ел арасына тез тарап, тың­дармандарды өзіне тарта бастады. Сол тұста бұрын­ғы кеңестік республикаларда жастар арасында көше әндері мен түрлі тақырыптағы жастарға арналған әндер қаптады. Олар­дың жиі орындалып, тез тарауына техникалық жағынан дамып жатқан электронды аспаптардың жаңа түр­лері әсер етті. Өткен ғасырдың 90-жылдарында құрыл­­ғанына 100 жылдан асқан әлемге әйгілі жапондық Ямаха (Yamaha) корпо­ра­ция­сы мен музыкалық аспаптар фирмасы Ка­сионың (Casio) автосүйе­мел­деуші син­те­заторларының пайда болуы музыкалық топ құрғысы келген жастардың жұмыстарын едәуір жеңілдеткен еді. Себебі бұрынғы вокальды аспаптар ансамблінің бес-алты аспабының бар мүмкіндігін енді бір ғана автосүйемелдеуші синтезаторлар бере ала­тын. Өйткені бұл музыкалық «кере­меттің» кереметі сонда, өздігінен шерттіліп тұратын екі гитара (ритм, бас) мен ұрмалы аспаптың аккордын өзгерту бір қолға ғана бағынып, екінші қолмен жеке әуенді ойнай беруге болатын. Сондықтан бұл заманауи аспапқа қолы жеткендердің бәрі ансамбль­дердің рөлін атқарып, ел арасында түрлі деңгейдегі әншілердің көбеюіне алып келді. Дегенмен бұл бағыт уақытша ғана үстемдік етіп, ізін ала заманауи бағыттағы оқыған талантты әншілер көріне бастаған шақта музыканы өз бетінше үйренген «само­ро­док­тар» сах­надан кетіп, тәуелсіздіктің алғашқы онжыл­дығы кәсіби әншілерге жол ашты. Қалай десек те, тәуелсіздіктің ал­ғашқы жыл­дарында қазақ музыка мәдениеті жеке сала ретінде дамыды десек те, одан сол тұс­тағы қоғамның көңіл күйі, жан қалауы, талабы көрініп тұратын. Мә­селен, сөзі ертеректе жазылса да, сазы тәуелсіздіктің елең-алаңында пайда болған «Қара бауыр қасқалдақ» (өлеңі Есенғали Раушановтікі, әні Ілесбек Амановтікі) әнін халық 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты саяси астары бар туынды деп қабыл­дады. Бұл әнді орындаған «Арқас» то­бы да таны­мал болды. Ал әні мен сөзін Ты­ныш­бай Ра­хымов жазып, талантты әнші Сәкен Қалымов нәшіне келтіре орындаған «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты әннен жұрт сырттағы қазақтарға деген туысқандық сағынышты, олардың Отанына оралуына тілектестікті танитын. Ал термеші Шынболат Ділдебаевтың «Шындық» атты термесі Кеңес кезеңіндегі қазақ қасіретін ашып көрсеткен шығарма ретінде халыққа ұнап, құрметке ие болды. Сондықтан сол тұста халықтың салт-дәстүрін, тарихтағы ерліктерін мадақтайтын ән-күйлердің, тер­ме-толғаудың көбеюі заңды еді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы өтіп, өтпелі кезеңнің қиындығын еңсерген қазақтың музыка мәдениеті де өсе түсті. Эстрадалық жанрдың түрлі саласында ән орындайтын білімді, та­­лантты жастар көбейді. Қазақ эстра­да­сының танымал тұлғалары Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Сенбек Жұмағалиев, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Мә­дина Ералиевалардың өкшесін баса келген Бақтияр Тайлақбаев, Сүлеймен Ибрагимов, Бақыт Шадаева, Шахизада Байбатшанова, Бағдат Сәмединова, Гүлнар Сиқымбаева, Майра Ілиясовалардан кейін Жеңіс Ысқа­қова, Рамазан Стамғазиев, Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Жанар Айжанова, Меруерт Түсіпбаева, Ұлықпан Жолдасов, Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, До­сымжан Таңатаров, Тоқтар Серіков, Мей­рам­бек Беспаев, Гауһар Қаспақова, Ақбота Керімбекова секілді көптеген талантты жас әншілер аз уақыттың ішінде өз ізденістері­мен жаңа замандағы қазақ ән өнерін түр­лен­діріп, байытты. Сонымен қатар сол кез­дері құрылған түрлі әншілер топтары қа­зақ жастарын өздеріне тартып, заманауи қазақ тыңдармандарын қалыптастырды. Алғашқы әнін 1996 жылы жазған АБК тобы өте танымал болды. Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеев секілді әншілерден құрылған топ сол кезде ста­дион­ға тыңдарман жинай алатын музыка­лық ұжым еді. Сондай-ақ 1996 жылы Аты­рау­да құрылған Нұрлан мен Мұрат тобы да бірнеше ән жазып, ол әндер өз кезінің ме­гахиттері болды. Ал эстрадада қазақ әндерін ұлттық на­қышта орындай отырып, оны заманауи музыкалық әрлеумен өрнектеп, өзгеше реңк бере шырқайтын МузАРТ тобы 2001 жылы құрылды. Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Мақсат Базарбаев секілді үш әншіден құралған бұл музыкалық трио қа­зақ тыңдармандарының назарын тез бұ­рып, құрметіне ие болды. Олар халық ән­де­рін, кеңестік кездегі және қазіргі қазақ ком­позиторларының таңдаулы әндерін орын­дайды. 2005 жылы құрамынан Мақсат Базарбаев кетіп, оның орнына Кенжебек Жанәбілов келіп жаңғырған МузАРТ тобы бү­гінге дейін сахнадан түспей, халықты жақ­сы әндерімен сусындатып келеді. Өз шығармашылығын өткен ға­сыр­дың 90-жылдарында «Бауыржан-Шоу» театры құрамында жүріп бастаған «Нұр-Мұқасан» дуэті, 2000 жылдардың ба­сын­да құрылған «Дауыс International», «Бәй­терек» топтары да ұзақ жылдар бойы сахна­ның көркі болып, тыңдармандарына ұнаған музыкалық ұжымдар еді. Қазір де тұрақты түрде жаңа әндерін жарыққа шығарып, жиі концерт беретін «Жігіттер», «Меломен», «Кешью», т.б. танымал топтар бар, бірақ кейін­гі дәуірде жеке орындаушылықпен та­нымал болған жас әншілер көп. Олардың арасында қазақ эстрадасының мега жұл­ды­зына айналған Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Төреғали Төреәлі секілді әншілерді ерек­ше­леп айтуға болады. Бұлар – өте өнімді жұ­мыс істейтін, көп жаңа әндер жазып, жыл ара­латып концерт беретін өнер иелері. Ал бел­гілі бір продюсерлік орталықтардың сұрып­тауынан шыққан әншілердің ара­сын­да да талантымен елге танылған әншілер бір төбе. Мәселен, SuperStar KZ реалити шоуы талай талантты жастарды елге таны­тып, бағын жандырды. Бұл жоба арқылы қазақ ән өнеріне келген Алмас Кішкенбаев, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, Әлішер Кәрімов, Мөлдір Әуел­бекова, Нұржан Керменбаев секілді ән­шілер бүгінде елге танымал өнер иелері. Эстрада жанры көпшілік қолды, тың­дарманы көп жанр десек те, жаңа ғасырда қайта түлеген дәстүрлі қазақ ән-күйлері мен жыр-толғауларын орындау­шы­лар да ұлттық музыканың екінші тыны­сы­ның ашылуына еселі еңбек етті. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңде қазақтың дәстүрлі әндерін насихаттап, шәкірт тәрбиелеген Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Еле­беков секілді бірен-саран тұлғалардың еңбегі болмаса қазақтың халық әндері аз насихатталды. Соның себебінен халық санаулы әншілерді ғана білді, жас ұрпақ ұлттық ән-күйлерден, жыр-термелерден ха­барсыздау болып өсті. Міне, осы ол­қы­лықтың орнын еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жерде өнерге келген өнерпаздар толықтырды. Сәуле Жанпейісова, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қо­санова, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Ақан Әбдіуәлі, Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева сияқты әншілер мен Әділбек Сарин, Ұлжан Байбосынова, Элмира Жаңабергенова, Берік Жүсіп, Аманқос Садықов, Елдос Еміл, Айгүл Елшібаева секілді термешілер, Айгүл Үлкенбаева, Мұрат Әбуғазы, Айтолқын Тоқтаған, Төлепберген Тоғжанов, Арман Жүдебаев, Олжас Сүлейменов, Абылай Тілепбергенов, Мұрагер Сауранбаев, Нұрсәт Бейсеқожа, Нұржан Тәжікенов секілді күйші-домбырашылар мен Ақнар Шәріп­баева, Саян Ақмолда, Ерболат Мыр­залиев, Ақерке Тәжібаева сияқты қобызшы-күй­шілер өз өнерлерімен ұлттық өнердің мерейін көтеріп, жоқтаушысы азайып бара жатқан қазақтың дәстүрлі ән-күй, жыр-термелерін қайта жаңғыртып, жаңа ғасырда халқымыздың мерейін көтерді. Осының арқасында қазақ халқы төл өнерімен қайта қауышып, түп мәдениетінің рухын бойына сіңіре білді. Бүгінде қазақтың дәстүрлі ән-күйінің тыңдарманы көп, оны радиоларда жақсы насихаттайды. Музыка дегенде еліміздегі клас­си­ка­лық музыканың да жағдайын айта кетсек, бұл салада да іркілістер бар, із­деніс­тер де табылады. Қазақстан композиторлар қауымдастығының төрағасы, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбектің айтуынша, өткен ғасырдың соңғы он жылында қауымдастық өзінің бет­кеұстар тұлғалары саналатын мүше­лерінің 40 пайызынан айырылған көрінеді. Олардың біразы күнкөріс қамымен басқа салаларға кетіп қалған. Сөйтіп, соңғы ши­рек ғасырдан аса уақытта классикалық ба­ғыттағы шығармалар өте аз жазылған. Бір кез­де «Қыз Жібек» (Е Брусиловский − Ғ.Мү­сіре­пов), «Абай» (А.Жұбанов, Л.Хамиди − М.Әуезов), «Ер Тарғын» (Е.Брусиловский − С.Камалов), «Біржан-Сара» (М.Төлебаев − Қ.Жұмалиев) секілді опералары болған қа­зақ классикалық шығармалары сала­сында бұл үрдіс тоқтап қалуға аз қалған. Бар бол­ға­ны кейінгі дәуірде екі-ақ опера жазы­лып­ты (Е.Рахмадиев − «Абылай хан» опе­расы, Б.Қыдырбек − «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті). Бұл бізде классикалық жанрда ірі шығарма жазу біраз тоқырап қал­ғанын көрсетсе керек. Тағы бір айта кететін нәрсе, балеттер жайы. Мәселен, осы­дан бес жыл бұрын еліміздің компо­зи­торлары 15 балет жазған, бірақ олардың ешқайсысы сахнаға шыға қоймапты. Ал симфония жанрына келсек, Бейбіт Дәл­денбай «Желтоқсан толқуы», «Кеңес Дүй­се­кеев «Астана», Бақтияр Аманжол «Есіктер» деген симфония жазыпты. Бұдан басқа қазақстандық композиторлар 15-тей сим­фониялық поэма, 20-дай жеке аспаптық концерт жазған көрінеді. Сол сияқты классикалық музыка жанрында тер төгіп жүрген қазақстандық Ермек Өміров, Владимир Стригоцкий-Пак, Хабиболла Сетеков, Артық Тоқсанбаев, Әліби Мәм­бетов-Жұбанов секілді композиторлар шы­ғармалары әлемнің ең мәртебелі зал­дарында орындауға тұрарлық дейді бұл сала­ның білгірлері. Классикалық музыка туралы әңгіме болғанда осы жанрда ән салып, елі­міздің атын шығарып жүрген әншілер ту­ралы да айта кеткен жөн болар. Тәуел­сіздік­тен бергі жерде еліміздің классикалық өнер жұл­дыздарына айналған Майра Мұхамед­қызы, Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркө­зов, Зарина Алтынбаева, Мария Мудряк се­кілді әншілер талай халықаралық бай­қау­ларда жүлделі орындарға ие болып, әлемнің атақты театрлары сахналарында ән салды. Мұның бәрі, шын мәнінде бізде классикалық жанрда еңбек етіп жүрген үлкен талант­тардың аз емес екенін көрсетсе керек. Қазір республикада 18 қазақ халық аспаптар жә­не 18 камералық оркестр бар екен. Бұл бо­лашақта бізде классикалық жанрды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Музыка саласында ендігі ауыз тол­тырып айта алатын жетістігіміз − әлемдік ән байқауларда топ жарып жүрген талантты әншілеріміздің көп екені. Осынау тәуелсіздік дәуіріндегі ерекше құбылыс қазір әлем назарында десек артық айтқан болмас едік. Бүгінгі қазақ әншілігі дегенде өзіміздің ғана емес, күллі әлемнің аузына тү­сер бір есім − Димаш. Толық айтсақ, Дін­мұхам­мед Қанатұлы Құдайбергенов. Көп­теген халықаралық ән байқаулардың лау­реаты, талантымен күллі әлемді таңғал­дырып отырған Димаш феномені қазақ руханияты тұрғысынан қарағанда бұрын-соңды болмаған жетістік. Оның әндері интернетте өте көп қаралым жинайды. YouTube видеохостингінде жарияланған әндерінің астындағы ризашылық пен ақ тілектер, талдаулар мен таңырқаулар кім­нің де болса басын айналдырардай көп және бәрі шынайы көңілдің сөзі. Әлемнің барлық түкпірінде дерлік фанаттар клубы жұмыс істейді. Чили мен Польша мемле­кеттерінде 24 сағат бойы тек Димаш әндері беріліп тұратын радиолар жұмыс істеп тұр! Биыл жыл басында АҚШ-тың 46-президенті Джо Байденнің инаугурациясын атап өту аптасының ашылуына арналған іс-шараға қатысып ән салып, өз елінің атынан сөз сөй­леп, тілегін білдірді. Ең кереметі сол, Димаш Құдайбергеннің ұлтына құрмет ре­тін­де оның фанаттары қазақша ән салып жатыр, қазақ тілін үйреніп жатқаны қан­шама?! Сосын бір айта кететін нәрсе, Димаш феноменінен кейін әлемнің көпте­ген елдерінде қазақ әндерін тыңдау үрдісі жүріп жатыр. Сондай-ақ түрлі конкурста тыңдарман қауым Қазақстан әншілеріне жылы ілтипат білдіріп жатады. Бұрын Динара Сұлтан, Адам, Әлішер Каримов секілді қазақстандық ән­шілер халықаралық «Славянский базар» конкурсына қатысып жүлдеге ілінбесе, 2015 жылы осы конкурста бас жүлде алған Ди­маштан соң Әміре сахналық есімімен та­нылған Ернар Садырбаев Димаштың даңқ­ты жолымен жүріп конкурста бірінші орын алды. Сондай-ақ жас әншілер, Украинада өткен «Голос. Дiти» байқауының жеңімпазы Данэлия Тулешова мен Ресейде өткен «Голос. Дети» музыкалық шоуының 6 маусымында топ жарған Ержан Максим секілді әншілер де Димаштың жолын қуып, үлкен жетістік­терге қол жеткізген жас таланттар! Тәуелсіздік дәуірі кезінде шыққан елі­міздің жастары арасында талант­ты композиторлар бар. Соның ең көрнектісі − Рахат-Би Төлегенұлы Әбдісағин. Осыдан 22 жыл бұрын Алматыда туған музыка әлемінің вундеркинді таңғажайып талантқа ие қазақ баласы. Пианист, музыкант, компо­зитор. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян, испан тілдерін меңгерген. 10 жасында музыка жаза бастаған ол көп­теген беделді халықаралық байқаудың лау­реаты, П.Чайковский атындағы халық­аралық байқау лауреаттары қауымдасты­ғы­ның мүшесі. 14 жасынан бастап Грац қала­сындағы (Аустрия) Impuls заманауи музы­каның композиторлары мен орын­дау­шы­лары халықаралық академиясының тұрақ­ты қатысушысы. International Summer Academy 2015 стипендиаты (Аустрия). Елі­міздің және шетелдің көптеген белгілі ком­позиторларынан дәріс алған ол 2017 жыл­дың күзінде Италияның екі бірдей жо­ғары оқу орнының докторантурасына түсіп, Халықаралық іріктеу қорытындысы бойын­ша, ол композициядан Санта-Се­силия ұлт­тық академиясының (Рим, Италия) жо­ғары оқыту бағдарламасына, аты аңызға айнал­ған композитор Иван Феделенің сыныбына қабылданды. Сонымен бірге оқуға қа­был­дану емтиханын үздік тапсырып, Чезаре Поллини консерваториясының студенті болды және белгілі маэстро Константин Бо­гиноның фортепиано сыныбына қа­был­данды. 2018 жылы ол Джузеппе Верди консерваториясының (Милан, Италия) док­торантурасына композициядан жаңа музыка маэстросы Алессандро Сольбиа­тидің сыныбына қабылданды. Рахат-Би Әбдісағинның музыкалары Еуропа, Азия, Америка елдерінде де тұрақты орындалып келеді. Оның шығар­маларының әлемдік премьералары Прага, Париж, Лондон, Вена, Лос-Анджелес, Бер­лин, Бейжің, Сеул, Анкара, Стамбұл, Мәскеу, Каир, Александрия, Астана, Алматы секілді ірі қалаларда өткен. Көбіне симфониялық шығармаларындағы негізгі фортепиано партияларын өзі ойнайды. Сондықтан оны шетелдік сыншылар «нағыз қазақ ға­жайы­бы, қолының күші ерекше, мінезі өр ше­бер пианиношы» деп бағалайды. Рахат биге әлемнің барлық жерінде құр­мет көрсетіліп келеді. Мәселен, ол Ресейдің Клин қаласындағы жұмыс ка­бине­тінде П.Чайковскийдің жеке роялінде ой­нау құрметіне ие болған санаулы өнер­паздың бірі. Ең кереметі, қазақ баласының шы­ғармалары әлемдік ұлы композиторлар Бах, Гайдн, Моцарттан бастап қазіргі авторларға дейінгі әлемдік классика ше­деврлері жинастырылған Оңтүстік Ил­линойс университеті (АҚШ) Discography оркестрінің фортепианоға арналған шы­ғармалардың бүкіләлемдік қорына ен­ген. Рахат-Бидің партитуралары Ресейдің жо­ғары дәрежелі музыкалық «Композитор» баспасы мен Германия Verlag für Neue Musik Berlin атты танымал баспасында басылып шыққан. Түйіп айтқанда, Рахат-Бидің де шығармашылық жетістігі қазақ өнерінде бұрын-соңды болмаған мақтаныш. Шынын айту керек, тәуелсіздік дәуі­рінде қазақ музыкасында түрлі бағытта дамудың көрінісі адам қызығар­лықтай. Өзге елдерде негізінен заманауи эстрада тұрғысынан жаңалықтар болып жат­са, біздің елде ұлттық музыканың өзі ерек­ше қарқынмен дамып, ол өзгеше құ­былысқа айналуда. Тәуелсіздік дәуірінде көптеген ұлт аспаптары оркестрлерін орындауын былай қойғанда, күйді жаңаша бағытта орындау, оған электросүйемелдеу қосу қа­зақтың байырғы музыкасының екінші тынысын ашқандай болды. Мәселен, күйші-композитор Жасарал Еңсепов ойлап тапқан ДЭККО (Домбыра. Эстрада. Күй. Компьютер. Орындаушы сөздерінің қысқарған түрі) жанры деп атаған жаңа бағыт өз елімізде және шетелдерде (Франция, АҚШ, Англия, Германия, Корея, Израиль, Түркия, т.б.) кең насихатталып, тез танылды. Алғаш осы ба­ғытта композитордың ұлы Асылбек Ең­сепов күй орындап, ол аз уақыттың ішінде тыңдарманның махаббатына бөленді. Сөйтіп, одан кейін қысқа мезгілде «Саз Отау» дуэті, «Ұлытау» этно рок-тобы пайда бол­ды. Ол шетелдерге шығып көптеген қала­да концерт беріп, түрлі өнер фести­ва­лінде жақсы бағасын алды, көптеген сый­лық­қа ие болды. Соңғы дәуірде елімізде өзгеше қа­лыптағы ұлттық музыкалық «Tұран» HasSaq секілді топтар болды. Мәселен, «Tұран» музыканттары күй де шертеді, кө­меймен ән де айтады. Домбыра, шаңқобыз, шертер сияқты 20 түрлі ұлттық музыкалық аспапта ойнайды. Сонымен қатар олар музыканттар ағаштан ойылған қазақтың көне ойыншығы − ортекені музыка әуені­мен билетеді. Осы кезге дейін 50 шақты елде болған. АҚШ, Германия, Франция, Непал, Қытай, Ресей, Татарстан, Израиль, Венгрия, Испания, Румыния, Оңтүстік Корея, Тайвань, Норвегия, Үндістан, Швейцария се­кілді елдерді гастрольдік сапармен арала­ған. Анығын айтқанда, бұл топ жо­ғары­да аталған елдердің тікелей шақыр­туы­мен өнер көрсеткен. Ал HasSaq тобына келсек, топтың не­гізгі аспаптары − домбыра, сыбызғы, жетіген, ұрмалы аспаптар және қылқобыз. Сонымен қатар бұдан бөлек пайдаланатын 20 шақты аспабы бар. Топ музыканттары 30-ға жуық аспапта ойнайды. Бұларда қылқобыздан бөлек, нарқобыз, сыбызғының, сазсыр­най­дың бірнеше түрі бар. Дауылпаз, даңғыра, дабыл, шаңқобыз, мүйіз сырнай, керней, шертер, барбыт секілді аспаптары да бар. Осының бәрін небәрі топтағы бес музыкант орындайды. Бәрінің де музыкалық білімі бар. 2019 жылы Ресейдің Сочи қаласына өткен World folk vision байқауының жар­тылай финалында 148 қатысушының ара­сынан бас жүлдеге қол жеткізсе, жарыстың Сауд Арабиясындағы Эр-Рияд қаласында он күн бойы өткен негізгі байқауында да бәрінен асып түсіп, World folk vision әлемдік байқауының жеңімпазы атанды. Қысқасы, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қа­зақ музыкасы барлық жағынан дамуға қол жеткізсе, кейбір бағыттар бойынша әлемді таңғалдыруда. Бұл қазақтың іргелі мем­лекеттің иесі, таланттың халық екенін та­нытуы дер едік. Оған жоғарыда келтірген де­рек дәлел.