30 жылда отандық музыка әлемдік биіктен көрінді
8 шілде, 2021 /
Ахмет ӨМІРЗАҚ
30 жылда отандық музыка әлемдік биіктен көрінді
Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында кеңестік жүйенің күйреуі тек саяси салада емес, барлық тарапта жаңғыруға сеп болды. Соның ішінде музыка саласында бұрынғы кездегі қатал іріктеу мен сұрыптаудың орнын еркін ізденіс алмастырды. Электронды музыка дамып, түрлі формадағы ырғақты музыка ұлттық ән-күйлерге әсер ете бастады. Музыка әлеміндегі бұл үрдіс сол шақта өзге ұлттар секілді қазақ әуен-сазына да белгілі дәрежеде із қалдырды.
Бұрынғы кезде көбіне классикалық бағыттағы музыкалардың дамуына баса мән беріліп, ұлттық бағыттағы әуендер тоқырап қалғандай болса, енді еркін шығармашылыққа жол ашылды. Әуелгі кезекте әуесқой композиторлардың (бұрын музыкалық сауаты жоқ не Композиторлар одағына мүше емес сазгерлерді солай атайтын) әндері ел арасына тез тарап, тыңдармандарды өзіне тарта бастады. Сол тұста бұрынғы кеңестік республикаларда жастар арасында көше әндері мен түрлі тақырыптағы жастарға арналған әндер қаптады. Олардың жиі орындалып, тез тарауына техникалық жағынан дамып жатқан электронды аспаптардың жаңа түрлері әсер етті.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында құрылғанына 100 жылдан асқан әлемге әйгілі жапондық Ямаха (Yamaha) корпорациясы мен музыкалық аспаптар фирмасы Касионың (Casio) автосүйемелдеуші синтезаторларының пайда болуы музыкалық топ құрғысы келген жастардың жұмыстарын едәуір жеңілдеткен еді. Себебі бұрынғы вокальды аспаптар ансамблінің бес-алты аспабының бар мүмкіндігін енді бір ғана автосүйемелдеуші синтезаторлар бере алатын. Өйткені бұл музыкалық «кереметтің» кереметі сонда, өздігінен шерттіліп тұратын екі гитара (ритм, бас) мен ұрмалы аспаптың аккордын өзгерту бір қолға ғана бағынып, екінші қолмен жеке әуенді ойнай беруге болатын. Сондықтан бұл заманауи аспапқа қолы жеткендердің бәрі ансамбльдердің рөлін атқарып, ел арасында түрлі деңгейдегі әншілердің көбеюіне алып келді. Дегенмен бұл бағыт уақытша ғана үстемдік етіп, ізін ала заманауи бағыттағы оқыған талантты әншілер көріне бастаған шақта музыканы өз бетінше үйренген «самородоктар» сахнадан кетіп, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы кәсіби әншілерге жол ашты.
Қалай десек те, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ музыка мәдениеті жеке сала ретінде дамыды десек те, одан сол тұстағы қоғамның көңіл күйі, жан қалауы, талабы көрініп тұратын. Мәселен, сөзі ертеректе жазылса да, сазы тәуелсіздіктің елең-алаңында пайда болған «Қара бауыр қасқалдақ» (өлеңі Есенғали Раушановтікі, әні Ілесбек Амановтікі) әнін халық 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты саяси астары бар туынды деп қабылдады. Бұл әнді орындаған «Арқас» тобы да танымал болды. Ал әні мен сөзін Тынышбай Рахымов жазып, талантты әнші Сәкен Қалымов нәшіне келтіре орындаған «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты әннен жұрт сырттағы қазақтарға деген туысқандық сағынышты, олардың Отанына оралуына тілектестікті танитын. Ал термеші Шынболат Ділдебаевтың «Шындық» атты термесі Кеңес кезеңіндегі қазақ қасіретін ашып көрсеткен шығарма ретінде халыққа ұнап, құрметке ие болды. Сондықтан сол тұста халықтың салт-дәстүрін, тарихтағы ерліктерін мадақтайтын ән-күйлердің, терме-толғаудың көбеюі заңды еді.
Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы өтіп, өтпелі кезеңнің қиындығын еңсерген қазақтың музыка мәдениеті де өсе түсті. Эстрадалық жанрдың түрлі саласында ән орындайтын білімді, талантты жастар көбейді. Қазақ эстрадасының танымал тұлғалары Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Сенбек Жұмағалиев, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Мәдина Ералиевалардың өкшесін баса келген Бақтияр Тайлақбаев, Сүлеймен Ибрагимов, Бақыт Шадаева, Шахизада Байбатшанова, Бағдат Сәмединова, Гүлнар Сиқымбаева, Майра Ілиясовалардан кейін Жеңіс Ысқақова, Рамазан Стамғазиев, Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Жанар Айжанова, Меруерт Түсіпбаева, Ұлықпан Жолдасов, Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Тоқтар Серіков, Мейрамбек Беспаев, Гауһар Қаспақова, Ақбота Керімбекова секілді көптеген талантты жас әншілер аз уақыттың ішінде өз ізденістерімен жаңа замандағы қазақ ән өнерін түрлендіріп, байытты. Сонымен қатар сол кездері құрылған түрлі әншілер топтары қазақ жастарын өздеріне тартып, заманауи қазақ тыңдармандарын қалыптастырды.
Алғашқы әнін 1996 жылы жазған АБК тобы өте танымал болды. Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеев секілді әншілерден құрылған топ сол кезде стадионға тыңдарман жинай алатын музыкалық ұжым еді. Сондай-ақ 1996 жылы Атырауда құрылған Нұрлан мен Мұрат тобы да бірнеше ән жазып, ол әндер өз кезінің мегахиттері болды.
Ал эстрадада қазақ әндерін ұлттық нақышта орындай отырып, оны заманауи музыкалық әрлеумен өрнектеп, өзгеше реңк бере шырқайтын МузАРТ тобы 2001 жылы құрылды. Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Мақсат Базарбаев секілді үш әншіден құралған бұл музыкалық трио қазақ тыңдармандарының назарын тез бұрып, құрметіне ие болды. Олар халық әндерін, кеңестік кездегі және қазіргі қазақ композиторларының таңдаулы әндерін орындайды. 2005 жылы құрамынан Мақсат Базарбаев кетіп, оның орнына Кенжебек Жанәбілов келіп жаңғырған МузАРТ тобы бүгінге дейін сахнадан түспей, халықты жақсы әндерімен сусындатып келеді.
Өз шығармашылығын өткен ғасырдың 90-жылдарында «Бауыржан-Шоу» театры құрамында жүріп бастаған «Нұр-Мұқасан» дуэті, 2000 жылдардың басында құрылған «Дауыс International», «Бәйтерек» топтары да ұзақ жылдар бойы сахнаның көркі болып, тыңдармандарына ұнаған музыкалық ұжымдар еді. Қазір де тұрақты түрде жаңа әндерін жарыққа шығарып, жиі концерт беретін «Жігіттер», «Меломен», «Кешью», т.б. танымал топтар бар, бірақ кейінгі дәуірде жеке орындаушылықпен танымал болған жас әншілер көп. Олардың арасында қазақ эстрадасының мега жұлдызына айналған Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Төреғали Төреәлі секілді әншілерді ерекшелеп айтуға болады. Бұлар – өте өнімді жұмыс істейтін, көп жаңа әндер жазып, жыл аралатып концерт беретін өнер иелері. Ал белгілі бір продюсерлік орталықтардың сұрыптауынан шыққан әншілердің арасында да талантымен елге танылған әншілер бір төбе. Мәселен, SuperStar KZ реалити шоуы талай талантты жастарды елге танытып, бағын жандырды. Бұл жоба арқылы қазақ ән өнеріне келген Алмас Кішкенбаев, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, Әлішер Кәрімов, Мөлдір Әуелбекова, Нұржан Керменбаев секілді әншілер бүгінде елге танымал өнер иелері.
Эстрада жанры көпшілік қолды, тыңдарманы көп жанр десек те, жаңа ғасырда қайта түлеген дәстүрлі қазақ ән-күйлері мен жыр-толғауларын орындаушылар да ұлттық музыканың екінші тынысының ашылуына еселі еңбек етті. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңде қазақтың дәстүрлі әндерін насихаттап, шәкірт тәрбиелеген Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков секілді бірен-саран тұлғалардың еңбегі болмаса қазақтың халық әндері аз насихатталды. Соның себебінен халық санаулы әншілерді ғана білді, жас ұрпақ ұлттық ән-күйлерден, жыр-термелерден хабарсыздау болып өсті. Міне, осы олқылықтың орнын еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жерде өнерге келген өнерпаздар толықтырды. Сәуле Жанпейісова, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Ақан Әбдіуәлі, Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева сияқты әншілер мен Әділбек Сарин, Ұлжан Байбосынова, Элмира Жаңабергенова, Берік Жүсіп, Аманқос Садықов, Елдос Еміл, Айгүл Елшібаева секілді термешілер, Айгүл Үлкенбаева, Мұрат Әбуғазы, Айтолқын Тоқтаған, Төлепберген Тоғжанов, Арман Жүдебаев, Олжас Сүлейменов, Абылай Тілепбергенов, Мұрагер Сауранбаев, Нұрсәт Бейсеқожа, Нұржан Тәжікенов секілді күйші-домбырашылар мен Ақнар Шәріпбаева, Саян Ақмолда, Ерболат Мырзалиев, Ақерке Тәжібаева сияқты қобызшы-күйшілер өз өнерлерімен ұлттық өнердің мерейін көтеріп, жоқтаушысы азайып бара жатқан қазақтың дәстүрлі ән-күй, жыр-термелерін қайта жаңғыртып, жаңа ғасырда халқымыздың мерейін көтерді. Осының арқасында қазақ халқы төл өнерімен қайта қауышып, түп мәдениетінің рухын бойына сіңіре білді. Бүгінде қазақтың дәстүрлі ән-күйінің тыңдарманы көп, оны радиоларда жақсы насихаттайды.
Музыка дегенде еліміздегі классикалық музыканың да жағдайын айта кетсек, бұл салада да іркілістер бар, ізденістер де табылады. Қазақстан композиторлар қауымдастығының төрағасы, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбектің айтуынша, өткен ғасырдың соңғы он жылында қауымдастық өзінің беткеұстар тұлғалары саналатын мүшелерінің 40 пайызынан айырылған көрінеді. Олардың біразы күнкөріс қамымен басқа салаларға кетіп қалған. Сөйтіп, соңғы ширек ғасырдан аса уақытта классикалық бағыттағы шығармалар өте аз жазылған. Бір кезде «Қыз Жібек» (Е Брусиловский − Ғ.Мүсірепов), «Абай» (А.Жұбанов, Л.Хамиди − М.Әуезов), «Ер Тарғын» (Е.Брусиловский − С.Камалов), «Біржан-Сара» (М.Төлебаев − Қ.Жұмалиев) секілді опералары болған қазақ классикалық шығармалары саласында бұл үрдіс тоқтап қалуға аз қалған. Бар болғаны кейінгі дәуірде екі-ақ опера жазылыпты (Е.Рахмадиев − «Абылай хан» операсы, Б.Қыдырбек − «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті). Бұл бізде классикалық жанрда ірі шығарма жазу біраз тоқырап қалғанын көрсетсе керек. Тағы бір айта кететін нәрсе, балеттер жайы. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын еліміздің композиторлары 15 балет жазған, бірақ олардың ешқайсысы сахнаға шыға қоймапты. Ал симфония жанрына келсек, Бейбіт Дәлденбай «Желтоқсан толқуы», «Кеңес Дүйсекеев «Астана», Бақтияр Аманжол «Есіктер» деген симфония жазыпты. Бұдан басқа қазақстандық композиторлар 15-тей симфониялық поэма, 20-дай жеке аспаптық концерт жазған көрінеді. Сол сияқты классикалық музыка жанрында тер төгіп жүрген қазақстандық Ермек Өміров, Владимир Стригоцкий-Пак, Хабиболла Сетеков, Артық Тоқсанбаев, Әліби Мәмбетов-Жұбанов секілді композиторлар шығармалары әлемнің ең мәртебелі залдарында орындауға тұрарлық дейді бұл саланың білгірлері.
Классикалық музыка туралы әңгіме болғанда осы жанрда ән салып, еліміздің атын шығарып жүрген әншілер туралы да айта кеткен жөн болар. Тәуелсіздіктен бергі жерде еліміздің классикалық өнер жұлдыздарына айналған Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркөзов, Зарина Алтынбаева, Мария Мудряк секілді әншілер талай халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, әлемнің атақты театрлары сахналарында ән салды. Мұның бәрі, шын мәнінде бізде классикалық жанрда еңбек етіп жүрген үлкен таланттардың аз емес екенін көрсетсе керек. Қазір республикада 18 қазақ халық аспаптар және 18 камералық оркестр бар екен. Бұл болашақта бізде классикалық жанрды дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Музыка саласында ендігі ауыз толтырып айта алатын жетістігіміз − әлемдік ән байқауларда топ жарып жүрген талантты әншілеріміздің көп екені. Осынау тәуелсіздік дәуіріндегі ерекше құбылыс қазір әлем назарында десек артық айтқан болмас едік.
Бүгінгі қазақ әншілігі дегенде өзіміздің ғана емес, күллі әлемнің аузына түсер бір есім − Димаш. Толық айтсақ, Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайбергенов. Көптеген халықаралық ән байқаулардың лауреаты, талантымен күллі әлемді таңғалдырып отырған Димаш феномені қазақ руханияты тұрғысынан қарағанда бұрын-соңды болмаған жетістік. Оның әндері интернетте өте көп қаралым жинайды. YouTube видеохостингінде жарияланған әндерінің астындағы ризашылық пен ақ тілектер, талдаулар мен таңырқаулар кімнің де болса басын айналдырардай көп және бәрі шынайы көңілдің сөзі. Әлемнің барлық түкпірінде дерлік фанаттар клубы жұмыс істейді. Чили мен Польша мемлекеттерінде 24 сағат бойы тек Димаш әндері беріліп тұратын радиолар жұмыс істеп тұр! Биыл жыл басында АҚШ-тың 46-президенті Джо Байденнің инаугурациясын атап өту аптасының ашылуына арналған іс-шараға қатысып ән салып, өз елінің атынан сөз сөйлеп, тілегін білдірді. Ең кереметі сол, Димаш Құдайбергеннің ұлтына құрмет ретінде оның фанаттары қазақша ән салып жатыр, қазақ тілін үйреніп жатқаны қаншама?!
Сосын бір айта кететін нәрсе, Димаш феноменінен кейін әлемнің көптеген елдерінде қазақ әндерін тыңдау үрдісі жүріп жатыр. Сондай-ақ түрлі конкурста тыңдарман қауым Қазақстан әншілеріне жылы ілтипат білдіріп жатады.
Бұрын Динара Сұлтан, Адам, Әлішер Каримов секілді қазақстандық әншілер халықаралық «Славянский базар» конкурсына қатысып жүлдеге ілінбесе, 2015 жылы осы конкурста бас жүлде алған Димаштан соң Әміре сахналық есімімен танылған Ернар Садырбаев Димаштың даңқты жолымен жүріп конкурста бірінші орын алды. Сондай-ақ жас әншілер, Украинада өткен «Голос. Дiти» байқауының жеңімпазы Данэлия Тулешова мен Ресейде өткен «Голос. Дети» музыкалық шоуының 6 маусымында топ жарған Ержан Максим секілді әншілер де Димаштың жолын қуып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген жас таланттар!
Тәуелсіздік дәуірі кезінде шыққан еліміздің жастары арасында талантты композиторлар бар. Соның ең көрнектісі − Рахат-Би Төлегенұлы Әбдісағин. Осыдан 22 жыл бұрын Алматыда туған музыка әлемінің вундеркинді таңғажайып талантқа ие қазақ баласы. Пианист, музыкант, композитор. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян, испан тілдерін меңгерген.
10 жасында музыка жаза бастаған ол көптеген беделді халықаралық байқаудың лауреаты, П.Чайковский атындағы халықаралық байқау лауреаттары қауымдастығының мүшесі. 14 жасынан бастап Грац қаласындағы (Аустрия) Impuls заманауи музыканың композиторлары мен орындаушылары халықаралық академиясының тұрақты қатысушысы. International Summer Academy 2015 стипендиаты (Аустрия). Еліміздің және шетелдің көптеген белгілі композиторларынан дәріс алған ол 2017 жылдың күзінде Италияның екі бірдей жоғары оқу орнының докторантурасына түсіп, Халықаралық іріктеу қорытындысы бойынша, ол композициядан Санта-Сесилия ұлттық академиясының (Рим, Италия) жоғары оқыту бағдарламасына, аты аңызға айналған композитор Иван Феделенің сыныбына қабылданды. Сонымен бірге оқуға қабылдану емтиханын үздік тапсырып, Чезаре Поллини консерваториясының студенті болды және белгілі маэстро Константин Богиноның фортепиано сыныбына қабылданды. 2018 жылы ол Джузеппе Верди консерваториясының (Милан, Италия) докторантурасына композициядан жаңа музыка маэстросы Алессандро Сольбиатидің сыныбына қабылданды.
Рахат-Би Әбдісағинның музыкалары Еуропа, Азия, Америка елдерінде де тұрақты орындалып келеді. Оның шығармаларының әлемдік премьералары Прага, Париж, Лондон, Вена, Лос-Анджелес, Берлин, Бейжің, Сеул, Анкара, Стамбұл, Мәскеу, Каир, Александрия, Астана, Алматы секілді ірі қалаларда өткен. Көбіне симфониялық шығармаларындағы негізгі фортепиано партияларын өзі ойнайды. Сондықтан оны шетелдік сыншылар «нағыз қазақ ғажайыбы, қолының күші ерекше, мінезі өр шебер пианиношы» деп бағалайды.
Рахат биге әлемнің барлық жерінде құрмет көрсетіліп келеді. Мәселен, ол Ресейдің Клин қаласындағы жұмыс кабинетінде П.Чайковскийдің жеке роялінде ойнау құрметіне ие болған санаулы өнерпаздың бірі. Ең кереметі, қазақ баласының шығармалары әлемдік ұлы композиторлар Бах, Гайдн, Моцарттан бастап қазіргі авторларға дейінгі әлемдік классика шедеврлері жинастырылған Оңтүстік Иллинойс университеті (АҚШ) Discography оркестрінің фортепианоға арналған шығармалардың бүкіләлемдік қорына енген. Рахат-Бидің партитуралары Ресейдің жоғары дәрежелі музыкалық «Композитор» баспасы мен Германия Verlag für Neue Musik Berlin атты танымал баспасында басылып шыққан. Түйіп айтқанда, Рахат-Бидің де шығармашылық жетістігі қазақ өнерінде бұрын-соңды болмаған мақтаныш.
Шынын айту керек, тәуелсіздік дәуірінде қазақ музыкасында түрлі бағытта дамудың көрінісі адам қызығарлықтай. Өзге елдерде негізінен заманауи эстрада тұрғысынан жаңалықтар болып жатса, біздің елде ұлттық музыканың өзі ерекше қарқынмен дамып, ол өзгеше құбылысқа айналуда.
Тәуелсіздік дәуірінде көптеген ұлт аспаптары оркестрлерін орындауын былай қойғанда, күйді жаңаша бағытта орындау, оған электросүйемелдеу қосу қазақтың байырғы музыкасының екінші тынысын ашқандай болды. Мәселен, күйші-композитор Жасарал Еңсепов ойлап тапқан ДЭККО (Домбыра. Эстрада. Күй. Компьютер. Орындаушы сөздерінің қысқарған түрі) жанры деп атаған жаңа бағыт өз елімізде және шетелдерде (Франция, АҚШ, Англия, Германия, Корея, Израиль, Түркия, т.б.) кең насихатталып, тез танылды. Алғаш осы бағытта композитордың ұлы Асылбек Еңсепов күй орындап, ол аз уақыттың ішінде тыңдарманның махаббатына бөленді. Сөйтіп, одан кейін қысқа мезгілде «Саз Отау» дуэті, «Ұлытау» этно рок-тобы пайда болды. Ол шетелдерге шығып көптеген қалада концерт беріп, түрлі өнер фестивалінде жақсы бағасын алды, көптеген сыйлыққа ие болды.
Соңғы дәуірде елімізде өзгеше қалыптағы ұлттық музыкалық «Tұран» HasSaq секілді топтар болды. Мәселен, «Tұран» музыканттары күй де шертеді, көмеймен ән де айтады. Домбыра, шаңқобыз, шертер сияқты 20 түрлі ұлттық музыкалық аспапта ойнайды. Сонымен қатар олар музыканттар ағаштан ойылған қазақтың көне ойыншығы − ортекені музыка әуенімен билетеді. Осы кезге дейін 50 шақты елде болған. АҚШ, Германия, Франция, Непал, Қытай, Ресей, Татарстан, Израиль, Венгрия, Испания, Румыния, Оңтүстік Корея, Тайвань, Норвегия, Үндістан, Швейцария секілді елдерді гастрольдік сапармен аралаған. Анығын айтқанда, бұл топ жоғарыда аталған елдердің тікелей шақыртуымен өнер көрсеткен.
Ал HasSaq тобына келсек, топтың негізгі аспаптары − домбыра, сыбызғы, жетіген, ұрмалы аспаптар және қылқобыз. Сонымен қатар бұдан бөлек пайдаланатын 20 шақты аспабы бар. Топ музыканттары 30-ға жуық аспапта ойнайды. Бұларда қылқобыздан бөлек, нарқобыз, сыбызғының, сазсырнайдың бірнеше түрі бар. Дауылпаз, даңғыра, дабыл, шаңқобыз, мүйіз сырнай, керней, шертер, барбыт секілді аспаптары да бар. Осының бәрін небәрі топтағы бес музыкант орындайды. Бәрінің де музыкалық білімі бар. 2019 жылы Ресейдің Сочи қаласына өткен World folk vision байқауының жартылай финалында 148 қатысушының арасынан бас жүлдеге қол жеткізсе, жарыстың Сауд Арабиясындағы Эр-Рияд қаласында он күн бойы өткен негізгі байқауында да бәрінен асып түсіп, World folk vision әлемдік байқауының жеңімпазы атанды.
Қысқасы, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қазақ музыкасы барлық жағынан дамуға қол жеткізсе, кейбір бағыттар бойынша әлемді таңғалдыруда. Бұл қазақтың іргелі мемлекеттің иесі, таланттың халық екенін танытуы дер едік. Оған жоғарыда келтірген дерек дәлел.