Коронавирус аллергиясы бар адамдарға жиі жұғады - дәрігер пікірі

Коронавирус аллергиясы бар адамдарға жиі жұғады - дәрігер пікірі

Коронавирус аллергиясы бар адамдарға жиі жұғады - дәрігер пікірі
ашық дереккөзі
Бүгін - Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні. Осы орайда, аллергиялық аурулардың көп таралуына себеп болатын арамшөптердің гүлдену кезеңінің басталуына байланысты медицина ғылымдарының докторы, профессор Таир Нұрпейісов аллергиясы бар адамдарға сақтық шараларын ұстану керегін ескертеді.  Сондай-ақ, маман аллергиясы бар адамдарға COVID-19 қарсы вакцина жасатуға болмайды деген жұрт арасында жүрген пікірді жоққа шығарды. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергологиялық орталығының басшысы, ҚР аллергологтар, иммунологтар мен иммунореабилитологтар қоғамының төрағасы Таир Темірланұлының айтуынша, жалпы аллергияның вакцина жасауға және COVID-19 қарсы вакцина жасауға қарсы көрсеткіштері жоқ. Республикалық аллергология орталығы мамандарының ұстанымы халықаралық мәліметтермен, оның ішінде Еуропалық аллергология және клиникалық иммунология академиясының (ЕАКИА) келісім құжатында жарияланған мәліметтермен сәйкес, олар:
  • Вакциналармен немесе инъекциялық дәрі-дәрмектермен байланысты емес респираторлық, тағамдық (соның ішінде тауық жұмыртқасына), эпидермальдық, жәндіктерге, сондай-ақ латекске болатын аллергиялық реакциялар COVID-19 вакцинациясына қарсы көрсеткіш емес.
  • Аллергиялық аурулардың асқынуы вакцина жасауға уақытша қарсы көрсеткіш болып табылады. Мұндай пациенттерге ауру симптомдарының болмаған кезінде вакцина жасауға болады. Уақытша медициналық қарсы көрсеткіштің ұзақтығын тікелей дәрігер шешеді.
  • Ағымы бақыланатын бронх демікпесі, оның ауыр түрі вакцина жасау үшін қарсы көрсеткіш болып табылмайды. Бірақ вакцина жасар алдында аурудың деңгейін бағалау үшін өзіңіздің  дәрігеріңізге қаралған жөн.
Дегенмен, кез келген вакцинацияға, COVID-19 қарсы вакцина жүргізген кезде қарсы көрсеткіштер болады:
  • Вакцинацияға абсолютті қарсы көрсеткіш - адамның өміріне қауіпті ауыр реакцияларға шалдыққандардың (анафилактикалық шок, асфиксиямен болатын Квинке ісігі, Лайелл синдромы және т.б.), расталған құжаттарының, сондай-ақ вакцинаның компоненттеріне жеке төзбеушілігінің болуы. Вакцинаның әр түрінің компоненттері түбегейлі ерекшелінеді, сондықтан Қазақстанда қолжетімді басқа өндірушінің вакцинасын таңдай аласыз.
  • Вакцинация жасауға уақытша қарсы көрсеткіш - созылмалы (оның ішінде аллергиялық) аурулардың асқынуы. Бұл жағдайда вакцина жасауды 2-4 аптаға шегеріп, дәрігерге қаралып және емдеу курсынан өткен дұрыс.
Халық арасында вакцина жасаған кезде жедел реакция болады деген қорқыныш бар. Әдетте, жіті анафилактикалық реакция инъекция жасағаннан кейін 5-20 минут өткен соң пайда болады, көп жағдайда бірден болады. Бұл кезде адамдар вакцина жасалған жердегі медицина қызметкелерінің бақылауында болады. Егер сіздің анамнезде аллергиялық ауру бар болса, вакцинацияны медицина ұйымдарында жасағаныңыз дұрыс (тіпті стационардың жанындағы емханалардың базасында жасауға да мүмкіндік бар). Сондай-ақ, мамандар аллергиктер аллергиясы жоқ адамдарға қарағанда КОВИД-19 жиі ауыратынын айтады. Демікпеге қарсы препараттарды қабылдау тіпті коронавирустық пневмонияның жеңіл ағымына әсер ете алады. Аллергиялық риниттің белгілері COVID-19 симптомдарына ұқсас болуы мүмкін (иіс пен дәмді сезбеу, жөтел, әлсіздік, дене қызуы, бас ауруы және т.б.). Сөз соңында, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергологиялық орталығы аллергиясы бар адамдарға кеңес берді:
  • Антибиотиктер аллергиялық реакцияның себебі ретінде басқа дәрілердің ішінде бірінші орында (80%-ға дейін) тұр. Профилактикалық мақсатта антибиотиктерді қабылдамаңыз, өз бетінше емдеумен айналыспаңыз, бұл өте қауіпті болуы мүмкін!
  • Егер сіз аллергияға шалдығып, басқа препараттарды шұғыл қабылдауға мұқтаж болсаңыз, бұл ретте олардың қауіпсіздігіне сенімді болмасаңыз – оларды қабылдауды заманауи антигистаминді дәрілік заттар (мысалы, левоцетиризин) аясында бастаңыз. Олар шоктың даму қаупі мен басқа аллергиялық асқынулардың қаупін азайтады.
  • Биологиялық белсенді қоспалар, поливитаминдер және өсімдіктен жасалған препараттардан бас тартыңыз – олардың пайдасы болуы мүмкін, алайда қауіпті болуы да мүмкін.
  • «Табиғатта», ауылшаруашылық жұмыстарында, өсімдік, жәндіктермен тығыз байланыста болуды шектеңіз.
  • Өзіңізді хлордан және қоғамдық орындарда себілетін басқа антисептиктерден қашықтықта ұстаңыз, олар денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін, үйде химияны пайдалануды шектеңіз.
  • Диета ұстаңыз.
  • Дүрбелеңге жол бермеңіз, аллергияны тоқтатуға арналған дәрілік заттар қолжетімді және олар сатылымда бар.
  • Ғаламтордағы «сарапшылардың» «пайдалы» кеңесін тыңдамаңыз. Мамандармен кеңесіңіз.