Мәжіліс депутаттары Екібастұз қаласына барды

Мәжіліс депутаттары Екібастұз қаласына барды

Мәжіліс депутаттары Екібастұз қаласына барды
ашық дереккөзі

Парламент Мәжілісінің депутаттары А.Нұркина, А.Бойчин және В.Ким Екібастұз қаласына іссапармен барып, түрлі кәсіпорын мен орталықтардың  жұмысымен танысты.

Депутаттар алдымен  R.W.S. Wheelset ЖШС кәсіпорнына барды. Нысан теміржол белтемірлері мен жұп доңғалақ шығарумен айналысады. Зауыт басшысы Александр Слободовтың айтуынша, өнімге сұраныс көп. Өзбекстан мен Ресейден тапсырыс түскен. Жыл басынан бері жалпы сомасы 1 млрд теңгенің 5 200 жұп доңғалағы мен 1 000 белтемір тапсырыс берушілерге жеткізілген. Кәсіпорынның өркендеуіне инвестор қаражаты ғана емес, мемлекеттің де ықпалы тиген. Атап айтқанда, «Даму» қоры арқылы бөлінген несиенің белгілі бір бөлігін мемлекет өтеп отыр. «Ісіміз алға басып тұр. Жыл соңы кіріспен аяқталады. 176 қызметкер жұмыс істейді. Тағы 20 бос жұмыс орны тұр. Орташа жалақы – 204 мың. Мамандар жиі қайта даярлау курсынан өтіп тұрады», – деді кәсіпорын басшысы.  Одан кейін Мәжіліс депутаттары бірнеше жұмысшыны әңгімеге тартып, әлеуметтік пакет жайын сұрастырды. Кәсіпорын түскі астың 20 пайызын төлеуді мойнына алған. Жұмысшыларға тегін сүт беріледі. 8 сағаттан артық жұмыс істесе қосымша ақы төленетіні де айтылды.  Жұмысшыларға сәттілік тілеген депутаттар іссапарды әрі қарай жалғады.
Түстен кейін депутаттар Жедел жәрдем стансасының бұрынғы ғимараты инфекциялық аурухана типте жаңартылып жатқан құрылыс алаңына барды. Мекеме директоры Мұхаметқайыр Андосов қарсы алып, ахуал жайлы баяндады: «Ауруханада 58 кереует қойылады. Оның 12-сі  реанимация бөлімшесіне орналастырылады. Ал жай палаталар 1 орындық, ауаны залалсыздандыратын желдеткіштер, оттегі құрылғылары орнатылады, ішінде душ, дәретхана болады. Құрылысқа тапсырыс беруші – Павлодар облысы Құрылыс басқармасы. Мердігер кәсіпорын – «КазЕвроСтрой» ЖШС. Осы кәсіпорын өкілі Данияр Бисебаевтың айтуынша, қаржыландыруда іркіліс болып, мәселе енді шешілген. Жалпы, нысан құны медициналық жабдықтар құнын қоса есептегенде – 900 миллион теңге», – деді.
  – Инфекциялық аурухана құрылысы Өңірлік кеңес бақылауында тұр. Нысан пайдалануға берілгенше қадағалауда болады, – деді Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Вера Ким. Депутаттар құрылыс нысанымен танысқаннан кейін, 30 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан №1 «Ромашка» балабақшасы дамыту орталығына аяқ басты. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 330 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақша меңгерушісі Татьяна Шмидт қонақтарға балабақша өмірімен таныстырды. Балабақшаның мерейтойына «Проммашкомплект» кәсіпорны робот техникасын, цифрлық лаборатория сыйлаған екен. Депутаттарға кішкентай балдырғандар заманауи технологияны қалай меңгергенін көрсетіп, тәнті етті.

Фото авторы: Рымбек Егінбайұлы