Қаржы пирамидасын жарнамалаған «жұлдыздар» неге жазаланбайды – Бас прокурор

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Мәжіліс депутаттарына қаржы пирамидаларын жарнамалаған танымал адамдар неге жауапқа тартылмайтынын түсіндірді.

«Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өз қызметін жарнамалау үшін атақты адамдарды тартқаны рас. Олардың əрекетінде Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 150-бабы (қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметін жарнамалау) сәйкес, құқық бұзушылықтың құрамы байқалады. Алайда қылмыстық іс бойынша үкім шыққанға дейін ұйымның қаржы пирамидасы болып табылатынын немесе табылмайтынын анықтау мүмкін емес. Осыған байланысты, жарнамалау кезінде жоғарыда аталған ұйымдар қаржы пирамидалары болып танылмаған. Сондықтан Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 150-бабы бойынша медиалық тұлғаларды əкімшілік жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз жоқ», – деп жазылған депутаттық сауалға берілген жауапта.

Ғизат Нұрдәулетов депутаттарға берген жауабында Алматы қаласында тіркелген осы сипаттағы оқиғаның қазір қалай өрбіп жатқанын баяндаған.

«Биылғы сəуір-мамыр айында Алматы қаласының полиция департаментіне қаржы пирамидасын құру жəне басқару («Astex.kz» ЖШС, «ACD technology» ЖШС жəне «Мудараба» ЖШС) фактісі бойынша К. есімді азаматқа қатысты шаралар қабылдау туралы арыз келіп түскен. Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жоғарыда аталған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда», – делінген жауапта.

Back to top button