Облыс әкімі өрт шыққан ауылдар туралы мәлімет берді

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өрт шыққан ауылдарды аралағаны туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Сағат 10:00-де Шеңбер ауылдық округінде болдым. Мұнда дала өртінің тағы бір ошағы тіркелді. Өрт Қостанай облысы жағынан келді. Оқиға орнында өрт сөндірушілер және орман шаруашылығының қызметкерлері жұмыс істеуде. Бұл елдімекенге қауіп төніп тұрған жоқ.

Сондай-ақ әуеге көтеріліп, Амангелді ауылдық округіндегі жағдаймен таныстым. Мұнда түнде өрт орын алған болатын. Қазір өрт ошағы толықтай сөндірілді.

Ұлытау ауданы бойынша барлығы 6 өрт ошағы бақылауға алынған. Оның ішінде төрт дала өрті және екі өрт ошағы бар. Сәтбаев қаласы маңындағы өрт ошағы сөндірілді.

Борсеңгір ауылының маңындағы өртті сөндіріп жатыр. Қауіпті учаскелерді жою үшін қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан әкімдіктер 20 тонна көлемінде жанар-жағармай мен азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

 

 

Back to top button