Жаңалықтар

Талдықорғанда олимпиадалық үлгідегі теңдессіз бассейн ашылды

ашық дереккөзі

Талдықорғанда олимпиадалық үлгідегі теңдессіз бассейн ашылды

Астана күніне орай және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні ашылды. 570 орындық, екі қабатты бассейн ғимаратының сыртқы кейпі теңізде жүзіп жүрген алып балықты елестетеді. Мұнда жас спортшылар су добы, суға секіру, аквааэробика сияқты жүзудың барлық түрінен жаттыға алады. Болашақта ғимараттың халықаралық жарыстар өткізуге де мүмкіндігі бар. "Нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов, мемлекет қайраткері, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары, Ермахан Ыбрайымов, Илья Илин, Ардақ Назаров сияқты бірқатар чемпион спортшылар қатысты", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Сол сияқты Жетісу өңірінен шыққан Олимпиада чемпиондары Мәулен Мамыров, Карина Горичева, Айдын Смағұлов, Раушан Қойшыбаева, Асхат Житкеев, Юрий Мельниченко, Зульфия Чиншанло сияқты спортшылардың атын атап, жүзу бассейнінен жаттығып шыққан талай жастар ертең осы чемпиондардың жолын жалғайтынына сенім білдірді. Мұнан соң бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов сөз алып, бүгінгі ашылып отырған олимпиадалық стандарттағы жүзу бассейні Алматы облысы үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін айтулы оқиға деп есептейтінін айтты. Жалпы осы заманауи жүзу бассейні 3,8 га жерді алып жатыр. Бұл ғимараттың жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асады. 570 орынға арналған жүзу бассейнінің құрылысына 11,4 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ғимараттың сыртқы кейпі теңізде жүзіп жүрген алып балықты елестетеді. Мұнда 3 бассейн бар, соның ішінде ең үлкенінің ұзындығы – 52 метр, ені – 25 метр. Бұл ғимаратта ниет білдіргендер су добы, суға секіру, аквааэробика сияқты жүзудың барлық түрінен жаттыға алады. Бассейн жыл бойы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге, сол сияқты азаматтарды саламатты өмір салтына бейімдеуге, балаларды жүзуге үйретуге арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта триатлон, байдаркада есу, каноэ және басқа да бөлімдер ашу жоспарда бар. Бассейн арқылы Талдықорғанның болашақта су спортының орталығы болуына мүмкіндігі бар.