Бірқатар мемлекет басшылары Елбасыны телефон арқылы құттықтады

Бірқатар мемлекет басшылары Елбасыны телефон арқылы құттықтады.

Ресей Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, бақыт және көпжоспарлы мемлекеттік қызметіне жаңа жетістіктер тіледі.

Владимир Путин Қазақстанның қол жеткізген толағай табыстары Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Ресей басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қазақстан мен Ресей  бауырлас халықтарының игілігі үшін стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграциялық процестерді тереңдетуге және кеңейтуге зор үлес қосуды жалғастырып келе жатқанын айтты.

Елбасы Владимир Путинге жылы лебіздері үшін ризашылығын білдіріп, тату көршілік және өзара сенімге негізделген Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жарқын үлгісі екеніне назар аударды.

Қырғыз Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, бақ-береке және көпқырлы мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер тіледі.

Садыр Жапаров қазіргі қазақ-қырғыз қатынастарын, сондай-ақ екіжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты дамытудағы Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қырғыз елінің көшбасшысына ізгі тілектері үшін ризашылығын білдіріп, бауырлас екі ел арасындағы тарихи тығыз байланыстардың одан әрі кеңейіп, тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанның Тұңғыш Президентін туған күнімен құттықтап, зор денсаулық, бақыт пен Қазақстан халқының мүддесі жолындағы жауапты қызметіне жаңа жетістіктер тіледі.

Өзбекстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің көшбасшысы, тиімді реформалардың негізін салушы, әлемдік қоғамдастық мойындаған жаһандық бастамалардың авторы, сондай-ақ Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық серіктестік қатынастарының іргесін қалаушы ретінде үлкен құрметке ие болғанын атап өтті.

Елбасы Шавкат Мирзиёевке жылы лебіздері үшін ризашылығын білдіріп, бауырлас екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды жоғары бағалады.

Тәжікстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне жаңа табыстар тіледі.

Тәжікстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде әлемде зор абыройға және баршаның құрметіне ие болғанын атап өтті. Сондай-ақ Эмомали Рахмон Елбасының Қазақстан мен Тәжікстан арасында достық қатынастар мен тығыз ықпалдастық орнауына және дамуына зор үлес қосқанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан басшысына ізгі тілектері үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Тәжікстанның түрлі саладағы ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсу маңызды екенін жеткізді.

Back to top button