5 шілде: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

5 шілде: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

5 шілде: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1952 жылы Өскемен педагогикалық институты (қазіргі университет) құрылды, 2003 жылғы қазанда ҚР Үкіметінің қаулысымен оқу орнына ғалым, тіл маманы-түркітанушы Сәрсен Аманжоловтың есімі берілді. 1961 жылы Жетібайда №6 ұңғыдан қуатты мұнай фонтаны атқылады. Бұл Маңғыстау мұнайының ашылған жылы саналады. Ондағы тәуліктік мұнай қуаты еліміз ойынша ең жоғары көрсеткішке жетті. 1998 жылы Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресейдің бірінші Президенті Борис Ельцин ҚР мен РФ арасындағы Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Шартқа қол қойды. 2000 жылы «2000 жыл - мәдениетті қолдау жылы» деп жариялануына орай, сонымен қатар Астана қаласын әлеуметтік-мәдени дамыту мақсатында және көрнекті қазақ әншісі Күләш Байсейітованың атын мәңгі есте сақтау үшін К. Байсейітова атындағы опера және балет театрына Ұлттық театр мәртебесін беру туралы Жарлық шықты. 2000 жылы Атырау қаласының орталық алаңына түркі тектес мәмлүктер арасынан шыққан, Мысырды билеген сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері Бейбарыс сұлтанға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. 2001 жылы Ақмола облысы Щучье қаласындағы Кадет корпусы ғимаратының алдында қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, фольклортанушы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың ескерткіші ашылды. 2007 жылы елордада Бөгенбай батырдың ескерткіші ашылды. Ескерткіш Сарыарқа мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Салтанатты шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Парламент Сенатының депутаты Өмірбек Байгелді және Кәкімбек Салықов, Алдан Смайлов, Мырзатай Жолдасбеков сынды жазушылар қатысты. Қаракөк граниттен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі 11,3 метр. Ескерткіштің авторы - мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков. Бөгенбай батыр (1680-1775/1776) - XVIII ғасырдағы қазақ халқының даңқты қолбасшыларының бірі, жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресін ұйымдастырушы. 2010 жылы Астанада өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық мемлекетаралық кеңесінің 27-ші мәжілісінен кейінгі Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь, Қазақстан және Ресей Кеден одағын құрылғанын жариялады. 2013 жылы Астана қалалық Әділет департаменті жаңа қоғамдық бірлестік – «Ғарышты дамыту институтын» тіркелді. Оның президенті болып Талғат Мұсабаев тағайындалды. ҒДИ ҚБ-ның басты міндеті – Қазақстан Республикасында ғарыш саласын қалыптастыруда мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға белсенді қолғабыс ету. 2017 жылы Астанаға алғаш рет Омбы облысының Тарихи архивінен Кенесары ханға қатысты құжаттар жеткізілді. Астанаға әрқайсысы 10-15 парақты қамтитын 40 құжат жеткізілді. Онда Омбы және Ақмола облыстарының тарихы жайында құнды мәліметтер жинақталған. Омбы облысы архивінде жалпы екі миллионнан астам материал сақтаулы. 2017 жылы АҚШ-тың Филадельфия қаласында «World Open 2017» ірі халықаралық турнирі өтті, оған қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік қатысты. Турнирге 216 шахматшы қатысты. Олардың 33-і - ерлер гроссмейстері, 26-сы ерлер арасында халықаралық шеберлер. 2017 жылы Астанада қуаты 50 кВт электрмобильдерді қуаттауға арналған алғашқы өндірістік станция ашылды. Compass ЖҚС + express market кешенінің жаңа автожанармай құю станциясы ҚР-да бұрыннан бар станциялардан ерекшеленеді, себебі АВВ компаниясының Terra 53 моделінің жылдам қуаттау станциясы барлық типтегі электромобильдерді 10-30 минут ішінде 80% - ға дейін қуаттауға мүмкіндік береді. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтауда Қазақ ССР халық әртісі, қазақ халқының ұлы актері Нұрмұхан Жантөриннің ескерткіші ашылды. 2018 жылы Астанада Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында «Астана - Алаш арманы» тақырыптық көрмесі ашылды. Уақытша көрмені ұлттық орталық Павлодар облысының «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірлесіп ұйымдасырған. Мұнда Павлодар өңірінен шыққан атақты тұлғалар - Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және Жаяу Мұса мен Естайдың жеке бұйымдары, тұтынған заттары қойылған. 2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы өтті. АХҚО-ның ресми ашылуы Astana Finance Days форумының негізгі шарасы саналады. Салтанатты шараға Әбу Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян, ірі халықаралық компаниялардың басшылары, ғылыми орта мен сарапшылық орталықтардың сарапшылары қатысты. АХҚО міндеттері - қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. 2019 жыл ы Шымкент қаласында «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай «Домбыра» ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. «Түркістан» сарайының алаңында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында орнатылған ескерткіштің авторы - Шымкент қаласының суретшілер одағы. Туындының биіктігі 7,5 метр, ені 1,5 метр. Ескерткіштің бір ерекшелігі - жанына жақындаған кезде қазақтың күйі орындалады. Шымкенттіктер енді мұнда 30-ға жуық күй тыңдап, аспаптың қоңыр үнінен тамаша әсер ала алады. 2020 жылы National Geographic фотографтары Нұр-Сұлтанның суреттері ұсынылған арнайы фотокөрме ұйымдастырды. Онлайн фотокөрме бүкіл әлемге елорданы National Geographic фотографтарының объективтері арқылы көрсетуге мүмкіндік туғызды. Атап айтқанда, көрмеде әлемге танымал National Geographic фотографы – Джордж Штайнматцтың (George Steinmetz) суреттері көрсетілді.