Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтай отырып, Елбасының бастамасымен домбыраны ұлықтау мерекесін өткізу игі дәстүрге айналғанын айтты.
– Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деді Президент.