Мәулен ӘШІМБАЕВ: Ұлтымыздың үні, күмбірімен дастан болған домбыра

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев фейсбук әлеуметтік желісінде Ұлттық домбыра күнімен  құттықтады. Онда былай делінген:

Құрметті достар! Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын!

Домбыра – ұлтымыздың үні, күмбіріне халқымыздың тарих дастанын, қуанышы мен мұңын, ерлігі мен еркіндігін түгел сыйдырып тұрған қасиетті аспап. Сол себепті домбыра ұлттық брендіміз ғана емес, ұлттық болмысымыз деп сенімді түрде айта аламыз.

Төл музыкамыздың жаһандық биікке көтерілуінде де домбыраның орны ерекше. Оған Құрманғазы мен Тәттімбеттен, Сүгір мен Динадан қалған күйлер дәлел. Жыраулардың жыр-термелері мен сал-серілердің әуезді әндері де домбыра арқылы түрлене түсті.

Қазіргі таңда қасиетті аспаптың қадірін арттыру арқылы ұлттық кодымызды жаңғырту – бәріміздің абыройлы міндетіміз. Елбасымыздың Ұлттық домбыра күнін белгілеудегі басты мақсаты да осы екені анық. Соның аясында соңғы кездері домбыраға, жалпы ұлттық өнерге деген қызығушылық ерекше сипатқа ие болғаны анық байқалады. Сондықтан алдағы уақытта домбыраның қадір-қасиеті бұрынғыдан да арта түсетініне ешқандай күмән жоқ.

Ендеше төл құндылығымызды төрге оздыратын мереке құтты болсын! Қастерлі домбырамыздың үні аспандай берсін!

Back to top button